4.05.2017, 19:44
Оқылды: 17

Ауылдың шаруалары дала қызықтарын ұйымдастырды

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Бөкей Ордасы ауданы Бисен ауылдық округіне қарасты Көктерек және Жамбыл елді мекеніндегі шаруа қожалықтарының  ұйымдастыруымен дала қызықтары өтті.


Игі шара одан әрі ауыл көркемөнерпаздарының «Жайнай бер, ару далам, жасыл өлкем» атты концертіне жалғасты. Жайлау төсінде оздырылған дала қызықтары – тай, құнан жарыс, аламан бәйге, палуандар белдесуі, қой көтеру, арқан тартыс мерекенің шырайын аса түсті.

Аламан бәйгеде шабандоз Жасұлан Еділбаевтың (Бисен) жүйрігі мәре сызығын бірінші болып қиса, екінші орын Амантай Құспановқа (Көктерек), III, IV орындар Қайырболат Неғметов (Жетібай) пен Бисенбай Айтасовқа (Көктерек) бұйырды. Құнан бәйгеде сайқындық Қайрат Ыхсанов пен Нұржан Есімов және бисендік Жасұлан Еділбаев жүлделерді өзара бөлісті. Тай жарысында Теңізбай Боранбаевтың (Көктерек) «жас тұлпарының» бағы жанса, Ж.Еділбаев (Бисен) екінші, Ғабит Нәсіпқали (Бөрлі) үшінші орындарды қанағат тұтты.

Палуандар белдесуінде сайқындық Нұрбек Ғазезовтің асығы алшысынан түсіп, екінші орынға Рахман Наушин (Көктерек) шықты. Ал қос палуан Талғат Насимуллин (Сайқын) мен Серік Самодиянов (Жәнібек)  үшінші жүлдені еншіледі. Арқан тартыста бисендіктердің командасы жеңісті көктеректердің қолынан жұлып алды. Қой көтеруде алдына жан салмаған Серік Самодиянов қанжығасына Шопан ата төлін байлады.

Осылайша, «Майтөбедегі» жайлау тойы көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Айша ҚҰРМАШ

Бөкей Ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале