13 қазан күні Қазталов ауылының Қособа ауылының тұрғындары шілде айының соңында болған ірі дала өртінде тірілей жанып кеткен малдарының өтемақысын алып, қуанып қалды.
Еске сала кетсек, жоғарыда аталған тілсіз жаудың салдарынан қособалықтардың 598 бас ұсақ малдары тірілей өртеніп кеткен еді. Төтенше жағдайға байланысты комиссия құрылып, шығынды есептеген болатын.
Осыған орай 13 отбасының 250 бас малының өтемі ретінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің резервтік қорынан 5 миллион 300 мың теңге қаражат аударылып, 13 қазан күні мал иелерінің қолдарына апарылып берiлді.
Бауыржан Нұрғалиев:
-Жаздың шіліңгір ыстығында болған дала өртінде ұсақ малдарымыз жанып кетіп, біраз шығынға қалған едік. Сол кезде ел болып жылу жинап, жерлестер көмек қолдарын созған еді. Енді, міне, бүгін ақшалай өтем әкеліп беріп жатыр. Осындай қиын күндерде бізге бейжай қарамай, көмектескен аудан басшылығына, жерлестерге, қол ұшын созған барлық азаматтарға алғысымызды айтамыз. Мұндай жағдай енді қайталанбасын дегім келеді.
Тастемір Қойшыбаев:
-Барша көмектескен жандарға қособалықтардың алғысы шексіз. Малдай да, ақшалай да өртенген малдың орнын толтырып жатыр. Бастарына тек амандық, жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын деп тілейміз.
Айта кетейік, бұдан басқа тамыз айында шаруа қожалықтары жетекшілері, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындарының демеушілігі арқасында 360 бас қой-ешкі жиналып, 16 отбасыға берілген болатын.
Сонымен қатар республика көлемінде өткен «Мектепке жол» акциясына орай Қособа ауылындағы мектеп оқушыларына 400 мың теңге көлемінде киім-кешек алынып, демеушілік жасалды.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz