10.07.2018, 12:39
Оқылды: 339

«Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы ауысты

 

36907308_10211991070864518_3714454126088683520_nБүгін БҚО-дағы баспасөздің қарашаңырағы – ғасырлық тарихы бар екі облыстық және он екі аудандық газеттің, ақпарат орталығының басын біріктіріп отырған «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы ауысты. Осыған орай ұжымда өткен жиында БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов жаңадан тағайындалған басшы Рауан Сәбитұлын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі. Ал Жантас Набиоллаұлына атқарған қызметі үшін ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.


 

Жиынға қатысқан баспасөз саласының ардагерлері де Жантас Сафуллинге өздерін әрқашан қамқорлап жүретін інілік ізеті мен қарапайымдылығы үшін алғыс айтып, жаңа басшыға ұжымдағы жақсы дәстүр сабақтастығын жалғастыра беруіне тілек білдірді.

Медиахолдинг басшысының орынбасары Ғайсағали Сейтақ пен баспасөзді зерттеу орталығының жетекшісі Қазыбек Құттымұратұлы да Жантас Набиоллаұлының ұжымды қалыптастырудағы, жүктелген міндетті жүзеге асыру жолындағы атқарған еңбектеріне тоқталып, ақ жол тіледі.

Айта кетейік, медиахолдингтің бүгінгі дәрежеге жетуіне осыған дейін бас директор қызметін атқарып келген Сафуллин Жантас Набиоллаұлы зор еңбек сіңірді.

36827639_10211991068504459_2519740433618173952_nӨз кезегінде Жантас Набиоллаұлы да жүктелген міндетті бірлесе атқарып, қолдау білдірген медиахолдинг ұжымына ризашылығын білдірді.

Медиахолдингте он бес жылдай қызмет еткен Жантас Набиоллаұлы алғашқы қадамын жарнама менеджері болып бастап, бас директор лауазымына дейін көтерілді.

Осы жылдар ішінде күн сайын қарыштап дамып жатқан қоғамда оқырман талабынан шығу үшін облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттеріндегі кадрлық құрамның және ақпараттардың сапасын көтеріп, безендірілуіне, таралымын арттыруға баса көңіл бөлді.

Заман талабына сай, облыс және республика көлемінде болып жатқан жаңалықтарды оқырманға жедел жеткізу мақсатында ақпараттық орталық ашып, zhaikpress.kz сайтының жұмысын жолға қоюға күш салды. Сонымен қатар облыстық және аудандық газеттердің дербес сайттары жасақталып, бүгінде олар толыққанды жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда Елбасы көтерген цифрландыру саясаты аясында медиахолдингке қарасты 14 газетке онлайн жазылу мәселесі қолға алынуда. Сондай-ақ қос газеттің жүз жылдық тігіндісі жасақталып, электрондық нұсқасы сақталуда.

Тағы бір айрықша атап айтатын жайт, Жантас Набиоллаұлының бастауымен жергілікті журналистер мен ғалымдар өңір баспасөзінің ғасырлық тарихын зерттеумен айналысты. Нәтижесінде «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы», тағы басқа газеттер ұзын саны оншақты кітап түрінде болып басылып шығып, оқырманға жол тартты. Бұл кітаптарда қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары болып табылатын Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Елеусін Бұйрин сияқты ондаған қазақ қайраткерлерінің есімдері халықпен қайта қауышып, олар туралы бұрын-соңды кездеспеген зерттеу еңбектері жарық көрді.

36827651_10211991069544485_8684882282961436672_n (1)Рауан Сәбитов 1985 жылы дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2002-2006 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтану бакалавры біліктілігі мен академиялық дәрежесін, 2010-2012 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика магистрі біліктілігі мен академиялық дәрежесін алған.

2015 жылдан бері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің докторанты. Малайзия, Словакия, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырған.

Еңбек жолын 2005 жылы республикалық «Ана тілі» газетінде тілші болып бастаған. 2008-2009 жылдары аралығында «Қазақстан» ұлттық телерадио корпорациясында редактор-жүргізуші, 2010-2011 жылдары –  «Сақшы» газетінің бас редакторы, 2012-2013 жылдары «Халық сөзі» газеті бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2015 жылдары – «Қазақстан-Атырау» телеарнасы директорының орынбасары қызметін атқарған.

2017 жылдың 1 наурызынан күні бүгінге дейін «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарып келді.

Фото Айбатыр Нұраш

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале