Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Хан бөгеті» халықаралық ғылыми-танымдық экспедициясына арналды. Тақырыпты Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музейінің меңгерушісі, аталмыш экспедицияның жетекшісі Нұржан Төлепов тарқатып айтты.
- Бұл тақырып төрт жылдан бері зерттеліп келеді. Жәңгір ханның 1842 жылдың күзінде тұрғызған бөгеті болуы мүмкін деген оймен қолда бар барлық дерек зерттеліп, бөгеттің бар екені дәлелденді. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедиция кезінде де бұл деректер толықтырылған болатын. Бүгінгі ерекшелігі тақырып «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғылыми негізде және бағдарлама бойынша құрылған өңірлік комиссияның және жобалау офистарының қолдауымен жүзеге асырылып отырғандығында болып отыр. Қаржыландыру мәселесін БҚАТУ өз мойнына алған еді. Зерттеу қорытындысында Ресей ғалымдарымен бірге ұжымдық монография жазылатын болады, - деді спикер.
Құрамында бес адам бар экспедиция 11 шілде күні сапарға шыққан. Ресейдің Волгоград қаласындағы шекара басқармасының рұқсатнама қағазын алған делегацияға эколог Иван Овчинников деген азамат қосылып, қажетті мамандар толықтай қамтамасыз етіледі. Спикердің айтуынша, барлық дерек Саивенка ауылының арғы жағындағы Томатное деген ауылдың қасындағы бөгетті Жәңгір хан салған бөгет екенін көрсетеді. Сол төңіректе бұл бөгеттен басқа тағы екі бөгет бар екені анықталған. Тіпті Саивенка ауылының пайда болуына Жәңгір хан себепші болған деген де дерек бар. Экспедияция мүшелері сол жерде ертеректе қазақтар тұрғызған бір-екі үйді де тамашалаған. Олар Волгоград облысындағы қымызбен емдеу мекемесінде де болған екен.
- Аталмыш мекеменің директоры Қуаныш Ниталиевтің айтуынша, 1924 жылы кеңес үкіметі Жәңгір ханның жазғы ставкасы негізінде осы емдеу мекемесін ашқан. Жәңгір ханның өзі көзі тірісінде жеті үй салған екен. Бүгінде олардың үшеуі қалып отыр. Біреуі емхана ғимараты ретінде пайдаланылып отырса, екі үйдің терезелерінің жоғары жағында төрелердің таңбасы және қошқар мүйіз оюлары қалған. Біз ханның жазғы резиденциясындағы үш ғимараттың қаз-қалпында сақталғанына куә болдық. Әрине бұлар сол жердің халқына таныс болғанмен, біздің еліміз үшін тың дерек болып саналады. Түсіне білген кісіге бұл - ашық аспан астындағы музейлік экспонат. Жәңгір ханның тұрғызып кеткен бөгеті «Хан бөгеті» деп аталса, содан пайда болған ұзындығы 27 шақырымға созылып жатқан су қоймасы да «Ханның су қоймасы» деп аталады. Сол заманнан бері бұл екі жердің пайдасын қазақ елі де, ресейліктер де көріп келеді, - деді Нұржан Жолдығалиұлы.
Ясипа РАБАЕВА
zhaikpress.kz