26.02.2019, 18:51
Оқылды: 10

Сырымдықтар Қайратына қос ат мінгізді

Сырым ауданына әнші, термеші, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов келді. Бүгінде Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық Қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі боп қызмет атқаратын Қайрат Кәкімов ауданда Ғ.Құрманғалиевтің 110 жылдығына орай есептік концертін берді.

 syrym kairat (2)

Кештің шымылдығын Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі «Шашу» күйімен ашты.

Халықтың қошеметімен сахнаға шыққан Қайрат Кәкімов Нұрпейіс Байғаниннің Ғарифолла Құрманғалиевтің сөзіне жазылған «Еңбек туралы» термесін әуелете шырқады.

Кеш соңында сахнаға шыққан Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов:

 – Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, жүріп өткен жолын кеңінен насихаттап, тарихын көрсететін – ұлттық өнеріміз. Қадыр ақын айтқандай, «Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Қасиетті қара домбырамен Құныскерейді, Аманғалиды, батыс мектебінің тарихын таныстырып, бізге тамаша рухани кеш сыйлаған Қайрат Сайлауұлына сырымдықтар атынан алғыс айтамын,- дей келе Сырым ауданы әкімі атынан ықылас гүлін табыс етіп, әншінің иығына шапан жапты.

– Екі сағат бойы өткен Қайраттың концерті Жымпиты жұрты үшін қысқа болып қалды. Жымпиты халқы  – дәстүрлі ән, ұлттық өнер десе төрт сағат бойы тапжылмай отыратын халық. Туған елдің перзенті, осы топырақта кіндігі кесілген Қайраттың концерті болады дегенді естіп, жиырма екі жыл бойы туған жерден жырақта жүрген ұлын елі асыға күтті. Амангелді Ғұбайдуллин ағамыз бұрын саз мектебі болған, қазіргі білім беру бөлімінің ғимаратында шәкірттерін тәрбиеледі. Әндердің иірімдерін, қайырымдарын Қайраттың санасына ерекше сіңіріп жататын. «Осы баланың көзінде от бар,  даусы өзгеше, осыдан бірдеңе шығады» деп отыратын Амангелді. Кішкентай сәбиден еңкейген кәріге дейін Қайраттың өнерін құрметтейміз. Елге келіп, есеп берген ұлының еңсесі биік күйде қайтсын деп Қайрат бауырымызға ат мінгіземіз. Ертеде елге келген серілерге бір атты мінгізіп, екінші атты жетегіне береді екен. Ауданның атымтай жомарт азаматы Марат Қазмағамбетов жетегіңе тағы бір ат беріп жатыр,-деді сахнада сөз алған Сырым ауданының құрметті азаматы, ақын Махмет Қажиахметов.

Қайрат Кәкімов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісовке өзінің орындауындағы 132 ән жазылған 6 дискіден тұратын жинақты табыс етті.

Әншінің ауылдастары өлеңтілік ардагер ана Әния Кәрімғалиева, білім алған мектебінің директоры Нұржауған Құлмұханова сөз сөйлеп, сыйлық табыс етті.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

© zhaikpress.kz

syrym kairat (3) syrym kairat (5) syrym kairat (9) syrym kairat (13) syrym kairat (18) 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале