Ақжайық ауылында жерлесіміз, БҚО-ның құрметті азаматы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының және "Құрмет" орденінің, "Астанаға 10 жыл", "ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл", "ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл" медальдарының, "Желтоқсан оқиғасына 30 жыл" құрметті төсбелгісінің, ҚР Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жылдық мерейтойына орай "Жайықтан ұшқан жыр-аққу" деген атаумен облыстық Ақұштап оқулары өтті.
Теректі аудандық білім беру бөлімі ұйымдастырған шараның басында аудан әкімі Әділ Жоламанов бастаған топ Ақұштап Бақтыгерейқызын дәстүр бойынша ақ ұсынып, қарсы алды. Қызыл кілеммен жүріп өткен ақын апаларына 12 ару гүл шоқтарын ұсынып, ілтипат көрсетті.
Ақжайық мектебінде "Ақ Жайықтың ақ шағаласы" атанған ақынның құрметіне дәріс кабинеті ашылды. Жұртшылық кабинеттің ішіндегі дүниелерді асқан қызығушылықпен тамашалады.
Облыстық Ақұштап оқуларының ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов ақынға камзол кигізіп, ақ жаулық жауып, гүл шоқтарын ұсынды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған додаға облыстың аудандарынан қатысқан өрендер үш кезең бойынша бақ сынады.
Қазылар алқасының ұйғарымы бойынша, "Жырымды саған арнаймын" (Ақұштап ақынға арнау) кезеңінде бас жүлдені жаңақалалық Ізбасар Бахитов жеңіп алса, ақын шығармаларын мәнерлеп, нақышына келтіре жатқа оқу талап етілген "Көркемсөз" бөлімінде де жаңақалалық Ерсұлтан Құрмашев жеңімпаз деп танылды, ал "Мені оқитын халық бар" эссе жазу кезеңінде қаратөбелік Гүлмайра Ерғожина өзгелерден озық болды.
Тасқала ауданынан келген Інжу Қалбаева мен Ақсай қаласының тұрғыны Жанар Өмірзақова аудан әкімі Әділ Жоламановтың арнайы жүлдесімен марапатталды.
Шара барысында ұлттық аспаптар оркестрі күмбірлетіп күй төксе, "Назерке" би тобының бишілері мың бұрала биледі.
Мектеп ішіндегі қонақтар үшін арнайы дайындалған "Әдеби аялдамада" шәкірттер Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа айтты. Ақжайық ауылының жас ақыны Айбек Әбілқалым Ақұштап Бақтыгерееваға арнауын оқыса, әнші Гүлнұр Қаражанова сазгер Ілия Жақановтың Ақұштап ақынның сөзіне жазған "Оралдың ерке самалы" әнін шырқады.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА
Теректі ауданы
zhaikpress.kz