Сырым ауданы Көгерістегі көп балалы анаға аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясының бастамасымен «Газеттен жасалған үй» жобасында үй алып беруге қаржы жиналғаны туралы газет бетіне жарияланған болатын.
«Жақсылық қылсаң – бүтін қыл» демекші, бастаған істің бел ортасында газеттің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы, ресурстық орталық операторы Дәурен Кажиахметов, «Сырым жастары» ЖҚБ төрағасы Сәкен Муса, кеңесші мамандар Мархат Гумарова, Қайсар Халит сынды бір топ белсенділер Көгеріс ауылына арнайы барып, сатып алынған үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Мұқтаж отбасының жаңа баспанасын жөндеуге құлшыныспен кіріскен жастар, үйді бастапқы қалпынан әлдеқайда өзгертті. Ауланың шарбағынан бастап сырлауға кірісіп кеткен ұжым, үйдің көркін ашар терезелердің іші-сыртын тегістей шаңын сүртіп, сырлады. Жөндеу жұмыстарына асарлатып көмек қолын созғысы келетін жандар болса, үш балалы отбасы жәрдемді қабыл алуға дайын.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы