Қайырымдылық айлығына орай Қазақ зағиптар қоғамы Ақжайық корпоративтік қоры Чапаев ауылында «Жан жылуын сыйлаған» атты концерт ұйымдастырды.
Осында ең алдымен қор төрайымы Жанар Жақсығұлова зағип жандармен жұмыстың барысын баяндап, олардың арасында ортақ істерде белсенділігімен көрініп жүргендерге алғысын арнады.
Аудан ауылдарынан зағип жандар шақырылған шарада Ақжайық музыка мектебінің оқушылары жиналғандарды өз өнерлерімен қуантты. «Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева ауылдардан Назым Қайырғалиева, Есенжол Ақжігітов және Гүлжиһан Мәденоваға қоғамдық істерге белсене араласқандары үшін Алғыс хаттар тапсырды.
Ол зағиптар арасында мысалы, алуан тақырыптағы «дөңгелек үстел» мәжілістеріне немесе көркемөнерпаздыққа қатысып, белсенді өмірмен дараланып жүргендердің атына ерекше лебізін білдірді. Мәселен, чапаевтық Гүлжиһан Мәденова республикалық биылғы параолимпиаданың жүгіруден күміс жүлдегері болып табылады.
Шараға қатынасқан қонақтарға сый-сияпат таратылып, музыка мектебі ұжымына тамаша концерт үшін ризашылық айтылды.
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ
Ақжайық ауданы