22.10.2015, 14:12
Оқылды: 17

Көмек қолын созды

 2015-10-22 17.43.44Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жерлесіміз, 1989 жылы туылған, Орал қаласында құрылыста істеп жүріп, абайсызда ауыр дене жарақатын алып, төсекке таңылған Нұрбол Рахимберлиевке арналған қайырымдылық кеш өткізу мақсатында аудан жастары арасында көңілділер мен тапқырлар клубының (КТК) ойыны оздырылды.

Мемлекеттік тілде «Жайдарман» ойындарының қозғалысын дамыту, талантты жастарға қолдау көрсету, өңірлік жастар саясатының насихатталуына ықпал ету мақсатын көздеген сайысқа барлығы он команда қатысты.

«Біздің ауыл» тақырыбымен өткен кеште командалар сәлемдесу, сұрақ-жауап, үй тапсырмасы бойынша сайысқа түсті. Сайыс қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен «Жайдарман» командасы (Ұзынкөл ауылы) үшінші, «Нартәуекел» командасы (Күйгенкөл) екінші, «Жақсыбай жастары» командасы (Жақсыбай) бірінші орынды еншілесе, «Тайыр тарландары - 2» командасы (Т. Жароков атындағы ЖББОМ) бас жүлдеге ие болды. Жүлдегер командалар мен қатысушы командаларға, сондай-ақ жақсы ойындарымен көзге түскен жекелеген ойыншыларға жарысты ұйымдастырушылардың атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Кеште сөз алған «Ақбастау» ЖҚБ төрағасы Сағынбек Стамов ойынның жақсы деңгейде өткенін айта келіп, ақылы концерт пен қайырымдылық жәшігіне түскен және кейбір ауылдық округтерден жиналған жалпы сомасы жүз мыңнан астам теңгені Нұрбол Рахимберлиевтің анасы Бақыт Ілиясоваға табыс етіп, баласының тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Өз кезегінде Бақыт Ілиясова мен Нұрболдың туыстары қайырымдылық шарасына атсалысып, көмек қолын созған барша жомарт жандарға шынайы алғыс сезімдерін білдірді.

www.zhaikpress.kz

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Жəнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале