24.02.2015, 1:52
Оқылды: 54

Ту табыс етілді


Өткен жексенбіде Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінде 1941 жылдың 15 желтоқсанында Ақмола (бүгінгі Астана) қаласында жасақталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Бөлімшенің сардар-сарбаздары мен соғыс ардагерлері қатысқан шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен сөз сөйледі.


Аталмыш дивизия қазақ жерінде жасақталғаннан кейін, қан майданға аттанып, Сталинград пен Курск иініндегі шайқастарға қатысып, әрі қарай Украина, Молдавия, Румыния және басқа елдерді азат етуге лайықты үлесін қосты. Соғысты Чехияның астанасы Прагада аяқтады.


Жеңістің 70 жылдығына орай «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасының аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Біз - Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты республикалық іс-шара өткізуде. Биыл 3 ақпанда басталып,  7 мамырға дейін өтетін іс-шара аясында республикалық әскери-отаншылдық эстафета бойынша ту Оралға жетті. Әрі қарай аталмыш шара Атырау қаласында жалғасын таппақ. Сонан соң 7 мамыр күні Астанадағы №5573 әскери бөліміне кері оралып, Жеңіс күніне арналған шеруге шығарылады. Сөйтіп, еліміздің 25 қаласы мен елді мекенінде болып, құтты орнына қайтарылады.

Салтанатты шараны ашқан Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік  қолбасшысы, полковник Қайрат Ақтанов эстафетаға қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, жауынгерлік тудың тарихы хақында қысқаша баяндады. – Құрметті ардагерлер! Құрметті сарбаздар мен сардарлар! Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. 1418 күн мен түнге созылған соғыс ұмытылмайды. Аталардың қанымен, аналардың терімен келген Жеңіс ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Елімізден майданға аттанған 1,5 млн. отандастың жартысы кері оралмады. Бір миллиондай адам тылдағы «Еңбек әскерінің» қатарында болды. Біз оларды ұмытпаймыз. Қазір арамызда жүрген ардагерлер де сиреп келеді. Биыл Жеңіс мерекесі елімізде жоғары дәрежеде атап өтілмек. Мына эстафета шарасы – соның бір парасы. Ардагерлерге денсаулық тілеймін. Бәріңізге де табыс пен қуаныш тілей отырып, мақсаттарыңызға жете беріңіз дегім келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Сондай-ақ алаңға жиналғандарды Ұлы Отан соғысының ардагері, Меңжан Әбдірахманов, №5517 әскери бөлімнің жанындағы «Жас бүркіт» отаншылдық клубының оқушысы Ерболат Шайдоллин, облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Альберт Жақяев құттықтады. Ту көшірмесі қабылданып алынған соң, бөлім алаңында әскери шеру өтті. Соңынан концерт болды.


Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале