Жиырма бесін желпінбей айтатындар,
Өмірге бос келіп, бос қайтатындар.
Төлеген Айбергенов
Қазақ ұғымында мүшел жас – адам ғұмырындағы әр он екі жыл сайын қайталанып келетін ерекше белес, өмірдің жаңа бір асуы. Ата-аналар осы кезеңге қадам басқан балалары үшін шаңырағында Құран оқытып, амандық-саулық тілеп жатады. Ал Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылының 25 жасқа толған қыз-жігіттері 1995 жылдан бермен қарай, жыл сайын облысқа сауын айтып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ауқымды іс-шараларды тұрақты ұйымдастырып келеді. Кереметі сол – дүбірлі дала қызықтарын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл игілікті іс-шара өз жалғасын тауып, ауыл жастары ағалары салған салттың сара жолын жалғап келе жатқанына биыл 31 жыл толды.

Сонау 1995 жылға шегініс жасайықшы. Бұл біртұтас қазақ халқының бодандық бұғауынан босап, Тәуелсіз мемлекеттің, Егемен елдің жаңа парақтары ашылып жатқан кезеңі болатын. Қазақ ата-бабадан кейінгіге мирас болған салт-дәстүрін, барша ұлттық құндылығын қоржынынан шығарып, қайта түгендеген қызулы шақтар ғой. Осы тұтас ұлт үшін маңызы орасан ұлы іске әр жанұя, түрлі жастағы үлкен-кіші атсалысты. Береке-бірлігі бекем ауылдардың тұрғындары қыр басында қым-қуыт тіршілікке қоса, дала қызықтарының жүген-ноқтасын сыпырып, қиқуға басқан жылдар енді басталған. Ондағы мұраты – ұлтымыздың ұлы мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттап, әрі осы арқылы елді ынтымаққа шақыру болса керек. Сол іс-шаралардың басы-қасында ақсақалдар жүріп, шаруашылық иелері шығынын көтеріп, бәрі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жан-жақтан қоштап жүріп дүркіретіп ұйымдастыратын үрдіс әлі жалғасып келеді. Ал қызылжарлық жастар бастамасының жөні басқа. Жыл жаңарып, көктем келген шақта ауылдың 25 жастағы ұл-қыздары жылма-жыл өтетін мереке-мейрамның дайындығын пысықтайды.

1970 жылғы орта буын ауыл азаматтары бастаған осы берекелі үрдісті биыл 2000-2001 жылдары өмір есігін ашқан қызылжарлық жастар жалғап жатыр дегенді естідік. Содан бұған дейін сырттай естіп-біліп жүрген Қызылжар қызығын көруге арнайы аттандық. Ауылға таяғанда шеткері тұстағы тоғайға көліктер бірінен соң бірі ағылып бара жатқанын байқадық. Біз де соларға ілестік. Жезбұға көлі Жайық өзеніне үзеңгі соғыстырып жатыр ғой.
Маңайды көмкерген тоғай мен шүйгін шөбі осы өзен-көлдерден нәр алып, жылда жайқалады. Сөйтіп ауыл іргесіндегі ойға түсе бергенде тігілген киіз үйлерді, маңында қаз-қатар тізілген көліктерді көрдік. Бәйге жолының топырағын техникамен қопсытып, жүйріктер бауырларын жазатын жолды жұтындырып қойыпты. Жұрт «Жалғыз ағаш» деп атап кеткен бұл жерде жыл сайын тұлпар тұяғы дүбірлейді. Діңі қалың сом, жапырағы кеңге жайылған, өзгелерден оқшау өскен «Жалғыз ағаш» (өзі де жалғыз ағаш) – 30 жыл бойы Қызылжарда қызатын қызықтардың куәсі. Біз алдымен ауыл ақсақалдарына арнайы барып, амандастық. Талай жыл білім саласында елеулі еңбек етіп, ауылдық мектепті абыроймен басқарған Оразай Иманбаев жастарға ризашылығын айтты.

– Қызылжар ауылының ғасырға жуық тарихы бар. Бұрын Кеңес одағы кезеңінде ауылдың аты дүркіреп, Мәскеуге де жеткен. Бүгінде 30 жылдан аса жалғасып келе жатқан бастамамызды Ақ Жайық өңірі бүтіндей біледі. Ынтымағы үзілмеген ауылдың жастары осындай іс-шараларда әркез көш басында жүреді. Біз секілді ауыл үлкендері той-думан көруді қалайды. Ал мереке-мейрам өз ауылымызда өтсе, көңіліміз одан әрі серпіліп қалатыны рас. Ауылда бұдан басқа садақалар, мейрамдар кең көлемде аталып өтеді. Оған ауылдың әр үлкен-кішісі атсалысып, үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Бір қуантарлығы, жастар жағы бар жауапкершілікті өз мойындарына алып, ауыл игілігін асқақтатып отыр. Бозбала-бойжеткендер спортқа бейім, рухани бай, жаман ғадеттерден аулақ жүреді. Ауылдан түлеген жастардың жетістіктерін естіп, қуанып отырамыз. Біріне-бірі қолғабыс болып жүретін жастардың әрқайсысын өз балаларымдай көремін. Батамды беріп, әркез тілекші болып жүреміз, – деді ауыл ақсақалы.
1995 жылдың көктемінде 25 жасқа толған 1970 жылы жарық дүниеге көрінген азаматтар жаңа бастаманың негізін қалайды. Бойында жастықтың жалыны маздаған ұл-қыздарды «Біз ауылымызға не бере аламыз?» деген ой мазалаған көрінеді. Осылайша ешкімнің көмек-қолдауынсыз, өз беттерінше Қызылжар қызығын ұйымдастырады. 1970 жылы құрбы-құрдастардың қатарында болған Мұхит Авдеев игі іс-шараның дәстүрге айналғанына қуанатынын жеткізді. «Ауылдағы бастамаларды жас кезімдегідей қолдауға қазір де дайынмын» дейді елуді еңсерген азамат.

– 25 жасқа толған 10-ға жуық жас болдық. Қызық қуып, көршілес ауылдарда өтетін шаттық кештеріне жиі баратынбыз. Ол заманда бүгінгідей алыс-жақынға сапар шегу әр ауыл азаматына бұйырмайтын. Содан ауылдың тұтас тұрғыны марқайып отырып тамашалайтын неге бәйге ұйымдастырмасқа деген ой келді. Сүйікті ауылымыз Қызылжар аумағын қызыққа бөлеп, үлкендердің батасын алып, жастардың бірлігін танытып, маңайдағы ауыл-аймаққа үлгі боларлық іс бастауды жолға қойдық. Кейін бұл бастамамызды естіген ауыл азаматтары қуанып, қол ұштарын созды. Ауылымызда дүркіреп өткен қызық-думан ел-жұрттың құлағына жетіп, жан-жаққа тарай бастады. Келер жылы бізден бір жас кіші іні-қарындастарымыз бұл жақсылықты жалғай жөнелді. Содан соң бұл бастамамыз дәстүрлі үрдіске айналып кете барды, – деді ауыл тұрғыны Мұхит ағамыз.
Қызылжардың атжарыс алаңындағы қарайған халықтың ішінен жастарды іздей бастадық. Сөйтсек, олардың әрқайсысы іс-шара бағыттарына орай бөлініп, әр тұста өз міндетін атқарып, шапқылап жүр екен. Қолына микрофон алып, қатарластарын түгендеп жүрген жастар көшбасшысы Аян Сағыновпен әңгімелесудің сәті түсті.

– Ағалар салған дәстүрлі үрдісті үзбей, оны келер буынға жеткізу – бұлжымас парызымыз. Бүгінде ауылдағы жасы 25-ке толған ұл-қыздардың саны 15-ке жуық. Ауылымызда жылдан жылға жүзеге асып келе жатқан осы дәстүрді жалғау бәріміздің ортақ міндетіміз деп білемін. Әрине, іс-шараның басы-қасында біз жүргенімізбен, ауыл үлкендерінің ақылына қашан да арқа сүйейміз. Биыл Қызылжардағы дала қызықтарының аясы кеңейді. Аламан және құнан бәйгелеріне алыстан ат артып, шабандоздар келді. Оған қоса, түрлі салмақ дәрежесіндегі қазақ күресі, кір тасы мен қой көтеру, арқан тартыс жарыстары да думанды тойдың қызығын арттыра түспек. Жеңімпаз-жүлдегерлерге берілер жүлде қоры да қомақты. Теректі аудандық бәйге федерациясы бізге қолдау білдіріп, құнан бәйгесінің қаражатын көтерді. Сондай-ақ атжарыстың ұйымдастырылуына да қол ұшын созды. Ағаларымыздың інілеріне деген ілтипатының нәтижесінде іс-шарамыз біз ойлағаннан да жоғары деңгейде өрбіді, – дейді өзі де, сөзі де мығым жігіт Аян Сағынов.
Ат шаптырым аумақта қасқайып тұрған «Жалғыз ағаштың» маңы сәт санап, қызықтан түрленіп, гүлденіп, дүрілдеп бара жатты. Жиналған жұртшылықтың бір бөлігі кәуап пісіріліп жатқан тұсқа барып, дәм татып, мәз-мейрам. Киіз үй төріндегі ақ дастарқанға жайғасқан қонақтар ас қамын жасап, қазан көтерген әйелдердің ақ пейілі мен қонақжайлығына дән риза. «Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып, тақымын қысады» дейді ғой. Дастарқанды дәмге толтырып, келген мейманды жылы шыраймен қарсы алып жүрген әйелдер 25 жастағы ұл-қыздардың аналары екен. Гүлнәр Әлішеваны қызу тірлігінен сәл кідірте тұрып, сөйлесіп қалдық. Ауылдағы медпунктте қызмет істейтін ол дастарқан қамына қоса, жұртшылық пен жарысқа қатысушылардың денсаулығын қадағалайды екен.
– Менің осы ауылға келін болып түскеніме 30 жылдан асып барады. Ұлым Аңсар Қоңырбаев – тұңғыш перзентім. Балам осында бірнеше күн болып, дайындық жұмыстарын пысықтады. Ауқымды іс-шара ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік. Біздің балалар ел-жұрт артқансенім үдесінен шыға білді.
Мен ауылымды, соның ішінде жастарды мақтан етемін, – деді ол. Қызылжарлық ағайын ауылдарына күні бұрын келген қонақтарды, жарыс қатысушыларын үйлеріне қондырып, қонақжайлықтың нақ үлгісін көрсеткен.
* * *
Даладағы думанға жиналған қалың нөпірдің арасынан Шағатай ауылдық округінің әкімі Рүстем Мүтиевті жолықтырдық. Ол бізге ауылдың жай-жапсарын толық баяндап берді. Оның сөзінше, Қызылжар – округ құрамындағы төрт елді мекеннің бірі. Ауылда 200-ден аса тұрғын, 70-ке жуық үй бар. Осы күндері Қызылжар көгілдір отын мен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауыл іргесінен ағып жатқан Жайық өзені тұрғындардың төрт түлік ұстап, шаруашылықпен айналысуға мүмкіндігін арттыруда. Кейінгі жылдары Жайық арнасынан асып, Жезбұға көлі суға толған.

– Қызылжар ауылының халқы өте ұйымшыл. Әркез тұрғындары бір-біріне қолғабыс болып жүреді. Ауылдағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет бар жағдайды жасап келеді. Өткен жылы «Қаладан ауылға» пилоттық жоба аясында келген бір мұғалім ауылдан үйлі болып, мектепке қызметке орналасты. Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының қолдауымен көшіп келемін деген отбасыға бір үй дайындап отырмыз. Шыны керек, Қызылжар мектебіндегі бала санының азаю мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Тоғыз жылдық мектебіміздің жабылып қалмауы үшін ауыл азаматтары аянып қалмайды. Көпбалалы жанұялар болса, қуана қабылдаймыз. Тұрғындардың пейілі кең, мінездері ашық-жарқын. Ауылда біреу-біреуге жамандық жасады дегенді мүлде естімедік. Жас отбасы болса, мамандығына сай жұмыс тауып беріп, қолдан келгенше материалдық жағдаймен қамтамасыз етеміз. Қызылжар төрінде өтіп жатқан іс-шараға округ әкімдігі де бір кісідей қолдау көрсетуде. Аудан әкімдігіне хат-хабар жолданып, тәртіпті сақтауға құзырлы құрылым қызметкерлері тартылды. Өткен жылы ел ағасы, елу жасқа жеткен ауыл азаматтары кіндік қаны тамған туған жеріне тарту жасап, киіз үй әкелген еді. Бүгін сәні мен салтанаты жарасқан киіз үй құрулы тұр. Жастардың ата-аналары өз есептерінен қаражат жиып, сол киіз үйдің ішінде дастарқан жайып, қонақ күтуде. Бұл нағыз қазақы болмыстың көрінісі, – деді округ әкімі Р. Мүтиев.
* * *
Қызылжардағы дала қызықтары құнан бәйге жарысынан басталды. Айта кетелік, бәйге десе делебесі қозатын шабандоздар жүйріктерін тақымдап Тасқала, Сырым, Шыңғырлау, Ақжайық, Казталов аудандарынан келген. Құнан бәйгеге Теректі аудандық бәйге федерациясы демеушілік еткен. Федерация өкілі Марат Лұқпан жарыс жайын тексеріп, төрешілік етіп жүрді. Жарыс нәтижесінде, ІІІ орынды Сәлім Қарағойжин (Тасқала, Ынтымақ ауылы), ІІ орынды Абай Жанаев (Бөрлі, Ақсай қаласы), І орынды Әлфараби Әтеевтің «Көзайым» жүйрігі Сырым, Жымпиты ауылы) иеленді.
Жұртшылық тағатсыздана күткен 21 шақырымдық болатын аламан бәйгеге ұласты. Жарыстың он шақырымы артта қалғанда екі жүйрік жұлдыздай ағып, топтан бөлектене берді. Алдына қара салмаған екі қылқұйрық қапталдаса зымырады. Сөйтсек тақымы тастай қос мықты Ақжайық ауданынан келген екен. Базартөбелік шабандоз Аянберген Болат мінген Дарын Төленовтың «Көзмоншағы» мәре сызығын бірінші болып қиды. Онымен қатарласа шапқан, сәл ғана сәттілік жетіспеген шабандоз Саян Серікбайдың тақымындағы «Қарқара» екінші жетті. Тұлпар иесі – Асхат Хаменов. Ал үшінші орынды Тілек Тілегеновтің «Томирисі» еншіледі. Сәйгүлігі алдыңғы қатардан көрінгендерге қомақты қаржы сертификаттары үлестірілді.

Бозкілемде белдескен палуандар 70 келі және 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қатысушылар арасынан ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген жаңақалалық Ерасыл Бақыт пен тайпақтық Армат Қабдоловты байқадық. Олар 70 келіде бозкілемде күш сынасқан барлық қарсыласты айқын басымдылықпен ұтып, соңғы сында жолықты. Жай оғындай шапшаң екі мықты бір-бірінің осал тұсын тап басса да, итжығыс түсе берді. Уақыт аяқталып, бір ғана жамбас ұпайымен Армат Қабдолов жеңімпаз атанды. 28 жастағы спортшы Қазақстан шемпионатына дайындалу үстінде. 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ринат Кеңесов бірінші орынды еншіледі. 24 келі кір тасын 60 рет көтерген Қуандық Жұмаділов бірінші орынды иеленді. Салмағы 50 келі тартатын қойды көтеру сайысында палуан Ерасыл Бақыт бас жүлдені жеңіп алды. Ал арқан тартыс жарысында «Қызылжар жастары» командасы қарсыластарына дес бермей, топ жарды. Жарыс қорытындысында жеңімпаз-жүлдегерлер тұғырда салтанатты түрде марапатталды. Оларға қаржылай сыйақылар берілді. Осылайша, 25-тің қызығы жалғасқан Қызылжарда той-думан тартымды да тағылымды өтті.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»,
Теректі ауданы