
Сурет: istockphoto.com
Брифинг барысында журналистер алаяқтардың егде жастағы қазақстандықтармен байланысып, оларды қомақты несие рәсімдеуге көндіретін жағдайларына назар аударды. Осыған байланысты Ұлттық банк басшысынан банктердің мұндай қарыздарды неліктен бере беретіні және талаптарды қатаңдату мүмкіндігі туралы сұралды.
Тимур Сүлейменов қажетті шаралардың бір бөлігі қабылданғанын атап өтті.
Ол алаяқтардың көбінесе несиені қашықтықтан рәсімдеу тәсілін қолданатынын түсіндірді.
"Алаяқтықтың негізі - адамды телефон арқылы "жетектеп" отыру. Ол банкке бармай-ақ, банк менеджерімен тілдеспей-ақ, онлайн несие рәсімдеп, биометриядан өтеді. Оған не істеу керектігі үнемі айтылып отырады, ол болса, айыпқа бұйырмаңыздар, бейнебір зомбиланғандай қажетті батырмаларды басып, несие алады да, сол сәтте ақшаны алаяқтарға аудара салады", - деді Ұлттық банк басшысы.
Сондықтан, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банк бөлімшесіне жеке келу талабы енгізілді.
Ұлттық банк басшысы бұдан кейін жауапкершілік банк менеджерлеріне жүктелетінін баса айтты.
"Егер банк менеджері адамның біреудің ықпалында екенін, несиенің не үшін қажет екенін түсінбейтінін көрсе, мысалы, "Маған қоңырау шалып, несие рәсімдеуді айтты" десе - банк қарыз беруден бас тартуға міндетті. Бұл "бере алады немесе бере алмайды" деген таңдау мәселесі емес. Ол: "Жоқ, құрметті клиент, біз сізге бұл несиені бермейміз" деп айтуға міндетті", - деп мәлімдеді ол.
Сүлейменов банктердің бұл талаптарды сақтауын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылайтынын атап өтті.
Оның сөзінше, жүйелі шаралар тұрғысынан мемлекет азаматтардың барынша осал санаттарын қорғауды күшейтті.
"Өмірлік тәжірибесі аз жастарды және алдап түсіру оңайырақ егде жастағы азаматтарды қорғадық. Толығырақ сұрақтар бойынша агенттікпен бірлесіп кеңірек жауап бере аламыз", - деп түйіндеді Ұлттық банк басшысы.
Несие берудің жаңа ережелері
2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанда азаматтарды алаяқтықтан қорғауға бағытталған несие берудің жаңа ережелері күшіне енді. Атап айтқанда, онлайн-несиелер үшін "салқындау кезеңі" енгізілді, ал банктер қарыз қаскөйлердің ықпалымен рәсімделуі мүмкін деген күдік туса, қосымша тексерулер жүргізуге міндетті.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов реттеушілер несие беру ережелерін одан әрі қатаңдатуды жоспарлап отырған жоқ деп хабарлаған болатын. Оның айтуынша, қабылданған шаралар кепілсіз тұтынушылық несиелердің өсуін айтарлықтай бәсеңдетуге мүмкіндік берді, ал жаңа шектеулер тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана қарастырылады.