10.08.2026, 10:30
Оқылды: 5

Абайдан алыстамайық, ағайын!

Біз «Абай данышпан», «Абай ғұлама», «Абай мұхиттай терең, Абай асқар таудың ең биік шыңындай заңғар» деген теңеулерді жиі пайдаланып, әрі жиі естиміз. Тіпті, үшбу теңеулер Абай есімінің синониміне айналып кеткендей әсер қалдырады. Сөйте тұра, өз басым Абайға қатысты жаңағы теңеулерді гиперболалық сипатқа ие, яғни әсіре мақтау-мадақтау мазмұнында деуден аулақпын. Егер Абайдың рухани мұрасына салқын ақылмен зер салсаңыз, оның рухани қазынасына терең ой жүгіртіп, талдап-таразылап, сауатты сараптай алсаңыз, шынында да, оның ақылман, данышпан, әрі биік, әрі терең екендігіне көз жеткізу қиын емес. Алайда солай бола тұра, біз Абайдың ең басты сипаты – оның халықшылдығын ескермейміз немесе ұмытып кете береміз. жаңағындай естіген адамның басы айналатындай теңеулерді оңды-солды пайдаланудың кесірінен біз хәкім Абайды қазақы қалың бұқарадан, өзінің аламанынан алыстатып жібереміз.

64d4795b80813289667071

Ал, шын мәнінде, Абай бүкіл өмірі қалың елі қазағының –  қайран жұртының қақ ортасында өткен адам. Ендеше, қарапайым қазаққа «Ойбай, бізге ондай болу қайда, яғни Абайдай болу қайда немесе Абай армандағандай адам болу қайда?» деп Абайдан іргесін аулақ салуға еш негіз жоқ. Осы орайда Құнанбайдың Абайының өзі: «Болмасаң да, ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз» деді емес пе?! Демек, Абай – бүкілхалықтық еліктеуге, қалың бұқаралық үлгі-өнеге алуға әбден лайық тұлға. Мәселен, оның «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» немесе «Аз күндік ғұмырыңды тату өткіз, Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз» деп келетін ғибрат-өсиеттерін ханнан қарашаға дейін, қалың бұқарадан ат үстіндегі азаматтарға дейін өмірлік ұстанымына, бала тәрбиесіндегі басты бағыт-бағдарға, негізгі қағидаға айналдырса, керемет емес пе?!

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз. 

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз... – дейді Ұлт ұстазы. Мойны озық елдермен терезесі тең болуды аңсаған жұрт кемел
кісінің, толық адамның әлгіндей ақылына ұйыса керек-ті. Абай қалың жұрты қазағын ақсүйек – қара халық, бай – кедей деп немесе төре – жалшы деп бөлген жоқ. Ол бүкіл қазақтың кемел ел-жұртқа айналуын аңсады. Бұл оның ең басты халықшыл сипаты.

54-1

Абай – ойшыл, яки философ. Алайда ол – ғылыми философияның емес, халықтық философияның өкілі. «Орал өңірі» газетінде жарияланған бір сұхбатында философия ғылымдарының докторы, профессор, академик, осы өзіміздің Орал қаласында тұратын ғалым Тілекжан Ырысқалиев былай дейді:

– Қазақ философиясымен және Абай ілімімен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тыңғылықты айналыса бастадым. Күні кешегі ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында-ақ мен қазақ философиясының ерекшеліктері, қандай философия екендігі туралы, қазақ философиясының әлемдік философиямен сабақтастығы, жалпы философиядағы алатын орны туралы көп ойландым, бірнеше мақала жаздым. Қазақ философиясы – даналық философиясы, түсінік философиясы, тәлім-тәрбие философиясы, өмір философиясы ретінде әлемдік философиядан лайықты орын алатынын дәлелдеуге тырыстым. Мен қазақ философиясының өзегін, мән-маңызын, үлгі-өнегесін, тұжырым-түйінін жыраулар мен би-шешендердің рухани мұраларынан, әсіресе, Абай шығармаларынан ізде-дім және таптым.

Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде қазақ философиясы, жоғарыда айтқанымдай, даналық ретінде, таным-түсінік ретінде, тәлімгерлік ілім ретінде, қоғам өмірінің, адамның тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде нақты көрініс тапқан.

Абайдың шығармалары кішігірім екі томды құрайды. Ахмет Байтұрсынов: «Абайдың сөзі – аз, бірақ мағынасы терең» дейді. Оның шығармаларынан біз адам болып өмір сүрудің нақты жолдарын таба аламыз. Абай ілімінің өміршең идеяларының бірі – «Адам бол!»  идеясы.

Адам болу үшін, ең алдымен білімді болуың керек. «Дүниенің асылы – білім мен өнер» дейді хәкім ақын. Ал білімді болу үшін оқу, іздену, еңбектену шарт, – дейді Абайдың рухани мұрасына терең бойлаған академик  Ырысқалиев.

Абайдың рухани мұрасында еңбекпен мал табу ерекше мәнге, айрықша маңызға ие. Тіпті аталмыш ұғым-түсінікті өз алдына дербес философиялық категория деп қарастырса да болатын шығар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бүгіннің қазағы иіліп еңбек етуден, қолдап жұмыс істеуден алыстап кеткен жоқ па?! Олай дейтін себебім, қазақы қалың бұқараның «Ауылда жұмыс жоқ» деген желеумен әлі де қалаға үдере көшуі саябырси қойған жоқ. Ал шаруа қожалықтарының басшылары, ірі фермерлер шопан мен малшы, механизатор мен токарь таппай дал. Мұндай мамандар барлық ауылда біржола құрып кеткен жоқ. Тек қазақы бұқаралық сана Абайдың,

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас еріншек адам болмас.

Есектің кө...н жусаң  да, мал тауып кел,

Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас деген ғибрат-нұсқауынан тым алшақтап кеткен жоқ па екен?.. Үлкенді-кішілі ауылдық елді мекендерде сиыр сауып, бала-шағасын аққа жарытып отырған келіндердің бір қолдың саусағымен санарлықтай деңгейге дейін күрт кемуі де адал еңбектен іргені аулақ салудың бүгінгі классикалық мысалы емес пе??? Билік біраз жылдан бері шағын кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетіп келе жатса да, әлі күнге дейін бірде-бір шаштаразы мен кулинары, токары һәм етікшісі жоқ ауылдық округтер баршылық. Меніңше, бұл да халық пен билікті бірдей ойлантарлық  жағдай.

Билік тарапынан әлі күнге дейін түбегейлі реттелмеген, тиянақты ойластырылмаған урбанизацияның салдарынан әсіресе, мемлекеттік шекараға таяу ауылдардың тұрғындары соңғы жылдары қатты сирегені, тым селдіреп қалғаны менің ойымша, ат үстіндегі азаматтардың бәрін ойландыруы тиіс. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, аттылымыз бар, жаяуымыз бар Абайдан алыстамайық, қайта аламан боп жиылып, Абайға жақындайық, Абайды оқиық, оқығанымызды зердемізге тоқиық, ағайын!

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

халықаралық «Ертөстік» әдеби сыйлығының  иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале