26.09.2024, 10:15
Оқылды: 104

Адал еңбек – адам көркі. Нұркен Шадияров туралы не білеміз?

Нұркен Шадияров 1967 жылы 8 наурызда Казталов ауданының Қараоба ауылында дүниеге келген. 1984 жылы сол ауылдағы жалпы орта білім беретін мектепті тәмамдаған. 1987-1990 жылдар аралығында Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында мал дәрігері мамандығы бойынша білім алған.

5466BFFF-9786-4AA0-A19B-1E5C5312CA65

1996 жылы Қараоба ауылында «Арай» шаруа қожалығын ашып, қызу жұмысқа кіріскен. Мал бағудан бөлек, шөп шауып, буып, сатқан. Бақша егумен де шұғылданған. 10 шақты отбасыны (20-25 адам) жұмыспен қамтып, кәсібін дөңгеленткен.

Тағдырдың ісіне шара бар ма?! 1997 жылы қараша айында Нұркен Егізұлының сол аяғы абайсызда шөп буатын құрылғыға оратылып, тізеден жоғары кесілген. Қазіргі таңда протезбен жүреді. 30 жасында сол аяғынан айырылған еңбекқор жан кәсібін тұралатпай, 2006 жылға дейін өзі жетекшілік ететін қожалықтың жұмыстарын жалғастыра берген.

– Екінші топтағы мүгедекпін. Ешқашан мойыған емес-пін. 2006 жылы облыс орталығына көшіп келдік. Жеке мекемелерде күзетші ретінде жұмыс істедім. 2008 жылы 28 қаңтарда Құрманғазы көшесі, 33-үй мекенжайында орналасқан «Батыс су арнасы» ЖШС-ға, яғни №32 су сорғы стансасына жұмысқа орналастым. Осы мекемеде еңбек етіп жатқаныма 16 жылдай уақыт болды. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламын.

Демалысымды тиімді пайдаланып, үйді жөндеу жұмыстарымен шұғылданамын. Еңбекке ерте араластық. Әкем ауылды басқарса, анам кітапханашы болды. Әкем мен анамның шаңырағынан алты ұл, үш қыз түлеп ұшты. Қазір-гі таңда қожалық жұмыстарын інілерім жүргізіп отыр, – дейді Нұркен Шадияров.

Кейіпкеріміз 1991 жылы жұбайы Кенжегүл Тағыберлиевамен отау құрған. Екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Таңшолпаны – мұғалім, Еркежаны – дәрігер, Үміті – биолог, Арманы – IT саласының маманы.

– Мен өз жұмысымды жауапкершілікпен атқарамын. Адал жолмен ақша табамын. Шаршап-қажыған, құлазыған сәттерім болған емес. Жанұямның асыраушысы, ер-азамат ретінде аянбай еңбек етіп, бірнеше жылдан бері тер төгіп келемін. Мен бәріне еңбекпен жеттім. Жастарды да ерінбей-жалықпай жұмыс істеуге шақырамын. Сонда ғана бәрі жақсы болады. Мен өз-өзімді тәрбиеледім. Ішімдікке, шылымға жолаған емеспін. Ұл-қыздарым менен үлгі алды. Бала болашағы жарқын болуы үшін ең әуелі өз-өзімізді жөнге салуға тиіспіз, – дейді Нұркен Егізұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале