13.11.2026, 11:15
Оқылды: 4

AGRO IQ байқауының үздіктері Германияның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтеді

Астанада алғаш рет «AGRO IQ: Білім және болашақ» республикалық зияткерлік квизі өтіп, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім алып жүрген 70-тен астам студенттің басын қосты. Байқауға барлығы 12 команда қатысты. Іс-шара Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жазды. 

e011a96f41a4cb068b1813dde222eaaebfc78f9c99d307230065eb919800f0f9_1280x720

Байқаудың ақтық кезеңінде еліміздің жетекші үш аграрлық жоғары оқу орнының студенттері бақ сынады. Олар – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті.

Зияткерлік сайысты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы», Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті бірлесіп өткізді.

Бүгінде ҰАҒБО құрылымына кіретін үш жоғары оқу орнында аграрлық мамандықтар бойынша 10 172 студент білім алуда. Сонымен қатар еліміздің өзге 20 жоғары оқу орнында 8 894 студент ауыл шаруашылығы саласына қатысты бағыттар бойынша білім алып жатыр.

Квиз барысында қатысушылар агрономия, ветеринария, мал шаруашылығы, агроинженерия, цифрлық ауыл шаруашылығы және саланың өзге де бағыттары бойынша сұрақтарға жауап берді. Студенттерден кәсіби біліммен қатар, жан-жақты білім, логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдылары да талап етілді.

Байқау қорытындысында бірінші орынды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Ой ордасы» командасы иеленді. Екінші орын С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Ақыл және достары» командасына ал үшінші орын Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агро Қыран» командасына бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды. Ал бірінші орын алған командаға AGRO IQ ауыспалы кубогы берілді.
Зияткерлік сайыспен қатар, студенттерге кәсіби құзыреттерін дамытуға арналған тренингтер мен аграрлық саланың заманауи даму үрдістері туралы дәрістер ұйымдастырылды.

Болашақ мамандарды қолдау мақсатында DEULA-Nienburg оқу орталығы байқаудың үздік қатысушыларына Германиядағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігін ұсынды.

AGRO IQ жобасы болашақ мамандардың кәсіби және зияткерлік әлеуетін дамытуға, аграрлық білім беруді кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жастарды ауыл шаруашылығындағы ғылым мен заманауи технологияларға тартуға бағытталған.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта квизді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, ол Қазақстанның аграрлық жоғары оқу орындары студенттерінің білім алмасып, өзара зияткерлік бәсекеге түсетін дәстүрлі алаңына айналмақ.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале