Біздің облысымызда «Ақмешіт» деген жер бар. Оның басты ерекшелігі – әрі киелі нысан ретінде, әрі археологиялық ескерткіш ретінде мойындалып, қосарланған мәртебеге ие болғандығында. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының қолдауымен жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ томында Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан «Ақмешіт» киелі орны туралы мынандай мәлімет келтірілген:
«Ақмешіт – көне тарихи мекен. Самара-Шымкент күре жолының 312 шақырымы тұсында, Орал қаласынан 83 шақырым қашықта орналасқан. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі аралығында бұл жерде үлкен діни орталық мешіт-медресе жұмыс жасаған.

Белгілі қазақ ақыны, ағартушы Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы (1861-1903 ж. ж.) осы өңірде дүниеге келген. Ол Орынбор мен Троицк қаласынан діни білім алып келген соң, дәл осы жерде «Ақмешіт» медресесінде ұстаздық етті делінеді. Бұл жерде мұнарасының биіктігі 40 метр үлкен мешіт болыпты. Ол мешіттің орны қазір де бар. Қорымда араб жазулы 33 көне құлпытас сақталған, оның 90 пайызы Кіші жүздің Жетіруына кіретін кердері руының адамдарына қойылыпты. Марқұмдардың арасында үш адам қажылыққа барған екен. Сондай-ақ, мұнда Қазан уәлаятынан (қазіргі РФ-тың Қазан қаласынан) келген татар молдалар да жерленген. Құлпытас мәтіндерінде Құран аяттары, діни мәтіндер, «хадж-әл-харамаин», «молда», т. б. терминдердің жиі кездесуі бұл жерде Ислам дінін терең меңгерген жандар көп болған-ау деуге негіз береді. Ақмешіт көне қорымын ел-жұрт «Әулиелер зираты» деп қастерлеп, зиярат етеді».
Археологиялық ескерткіш ретіндегі мәртебесіне келсек, тарих ғылымдарының кандидаты, Археология және этнология мамандығы бойынша философия докторы (PhD) Қалменов Мұрат Дабыұлының «Ақмешіт» кешеніне жасаған 2020 жылғы 10 наурыздағы №AR-06/285-21 археологиялық/тарихи-мәдени сараптамасы нәтижесінде мынандай қорытындыға (ықшамдалып ұсынылды) келеді:
Осылайша сакралды нысан болып табылатын және археология ескерткіштері қатарына енген, яғни қосарланған мән-маңызы бар «Ақмешіт» кешені орналасқан жердің жеке шаруашылық жүргізу үшін жалға берілген аумақта екеніне күні кешеге дейін алаңдаушылығымызды білдіріп жүргенбіз. Енді, міне, Ақмешіт кешені орналасқан жер учаскесінің бір бөлігі 2026 жылдың 29 сәуіріндегі №174 Теректі ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде «мемлекеттік арнайы жер қорына қайтарылды» деген ақжолтай хабар келіп жатыр. Бұл шешімнің дауласпай, соттаспай зайырлы түрде жер қорына қайтарылуына облыстық мәдениет басқармасының, облыстық қоғамдық даму басқармасының, Теректі ауданы әкімдігінің және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы мен «Ақмешіт» қорының (құрылтайшысы Сейтқалиев Жақсыбай Жиеншиеұлы) үлес-еңбектері үлкен деп санаймыз.

Осы жақсы істің басы-қасында жүрген жергілікті өлкетанушылар мен жанашыр азаматтар Ақмешіт кешенінің тарихи, мәдени, туристік потенциалы зор деген пікірде. Осы үміт шынға айналып, нысанның әлеуеті толығымен ашылуы үшін және ең әуелі «қара археологтардың» тонауы мен малдың тапауынан қорғалуы үшін, отырықшы қала мәдениетінің үлкен ескерткіші болып табылатын, сондай-ақ сакралды мән-маңызы бар «Ақмешіт» кешені облыстық бір мекеменің балансына алынса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданы – дала өркениетінің үлгісі деп бағалап жатқан бүгінгі шақта, «тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» қағидаттарына сай келетін «Ақмешіт» мекені мемлекет қамқорлығына алынады деп сенеміз.
Нұрлан Сәдір,
өлкетанушы,
Орал қаласы
Суреттерде Ақмешіт кешенінде жүргізілген археологиялық жұмыстардың көрінісі