19.06.2020, 12:27
Оқылды: 93

Ақылы байқаудың балаға берері бар ма?

Осы сұрақ мені көптен мазалауда. Себебі бір рет ақылы байқауға баламды қатыстырып көргенмін. «Аспапта ойнау жанры бойынша балаңыз қатысса» деген ұсынысты шыны керек, еш ойланбастан құп алдым. «Таланттарды танимыз» деп аталатын байқауды ұйымдастырушы топ Алматыдан арнайы келмек екен. Әрине, байқау ережесімен таныстым.  Қатысушыға қойған әжептәуір талаптары мен шарттары да бар. Қатысу жарнасы да аз ақша емес, 10 мың теңге. Бастапқыда осы бағаны көріп, сәл іркілдім де, «Баламнан аямақпын ба, қайда кетпейтін ақша. Оның үстіне өнердің ордасы Алматыдан келіп тұрса...» деп баламды бәйгеге қостым да жібердім.

4d925692-1bd7-4d72-95a4-1cebfd2c98e5

Қызықтың бәрі байқау барысында басталды. Әртүрлі жанр бойынша 150-ге тарта бала қатысты. Бір қызығы барлығына бас жүлде мен бірінші орынды үлестірді. Бас жүлде алғандарына Алматыда өтетін гала концертке жолдама берді. Қалған балалар «диплом, 1-орын» деген жазуы бар біржапырақ қағазды көңілге медет тұтып қала берді. Түсінікті дедік...

Жә, ол байқау көшпелі, әр аймаққа келіп  өткізді. Ал, мына карантиндік уақыт басталғалы ақылы онлайн байқаулар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қатысу жарнасы 10 мың  емес, 500 теңгеден басталады. Бір қарағанда 10 мыңнан жеңіл, 500 теңге ғой дейсің. Алайда теңге тиыннан құралатынын білсек...

Шыны керек қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, лоторея, марафон мен байқаудан көз сүрінеді. Бірі көлігін ойнатып, бриллиант таратып жат­са, ендігісі қалай өмір сүру керектігін үй­ретеді. Сан түрлі байқаудан аяқ алып жүре алмайсыз. Жеңілетін де, ұтылатын да – халық. Бармағын шайнайтын да солар.

Жарайды, ақылыңды кәдеге жарат та, пайда тап. Қазір пайда табам деген адамға мүмкіндік те көп. Бірақ, бұған балаларды аралас­тыру, олимпиада, өнер атын жамылу қан­шалықты дұрыс?

Шынымен бәйгеден оза шапқан нағыз жүйрік басқа қалаға жол жүріп, небір мықтылардың өнерін көріп, ой-өрісін дамытып әрі тәжірибе жинақтап қайтатын еді. Шын жүйрікті шабысынан танитын әділқазы алқасы да мысыңды басардай қаз-қатар отырып алып, төрелігін көпшілік алдында айтып, шын мықтыны анықтайтын. Ал қазір ше? Пәндік олимпиадаң болсын, басқа байқау болсын ақшасын бересің, қа­тысасың, жеңіске жетесің. Себебі ақшасы төленген соң сен құр қалмайсың... поштаңа диплом жі­­береді. Мәз болып шы­ғарып ала­сың. Алматыдан, Елордадан бәйге алға­­ның мақ­таныш. Ал түбін­де пайда­сы ша­малы.

Байқап қарасақ, мұндай  ақылы олимпиада, байқаулардан аз қар­жы жиналмасы анық. Қашықтан өтетін мұндай байқаулардың жарнасы әлгінде айтқан 500 теңгеден басталып, 3000-5000 теңгеге дейін барады. Енді ойлап қарай беріңіз, әр өңірдің түкпір-түкпірінен қаншама бала қатысады?..

Біз осы бағытта аудандық білім бөлімінің де көзқарас, пікірін білмекке хабарласқан едік.

- Негізінен мектептерде түрлі іс-шаралар, апталық байқаулар жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, биыл елімізде Абай Құнанбайұлының – 175, Әбу-Насыр әл-Фарабидің – 1150 жылдығы. Одан бөлек биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл!   Әрине мұның бәрі еліміздегі шектеулі режимге байланысты да шығар. Рас, байқаудың неше түрі келеді. Ақылы түрі бар, тегін түрі бар, өзіндік талап-шарттарымен бөлім почтасына түсіп жатады. Кейбірін мектептердегі пән мұғалімдерімен бөлісіп жатамыз. Мәселен, өлеңді мәнерлеп оқу, не болмаса, берілген тақырып бойынша эссе жазу деген секілді тапсырмалар болады. Ондай байқаулардың несі жаман? Әрине, қатысу түрі ақылы  болған жағдайда ата-анаға ескертіп, өз еріктеріне саламыз, ешкімді мәжбүрлемейміз. Одан әрі ата-ана баласының байқауға қатысқанын қаласа, пән мұғалімдері көмек көрсетіп жатады. Бұл бір жағынан баланың да ынтасын оятады деп ойлаймын. Кейін оң нәтижесін беріп жатса, әрине, біз қуанамыз, – деді білім бөлімінің әдіскері Алтынтас Бураншиева.

Иә, баланың ізденуге құлшынысы оянып, шығармашылығы артып жатса, әрине, біз де қуанамыз. Дегенмен, ғаламторды бас пайдасына айналдырып жүргендердің алдауына түсіп қалмасақ дейміз ғой баяғы. Әрі үздік­тер ғана бақ сынайтын небір байқау, додалар, пәндік олим­пиадалар онлайн  дейтін «орданың» таса­сында қалмаса екен деген тілек тағы бар.

Ал, бұған сіз не дейсіз, құрметті ата-ана!

                                                     Сәнім Меңдібай,

                                                      Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале