17.05.2026, 17:00
Оқылды: 37

Архив қорларында ақтаңдақ көп

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Майданнан кейінгі майдан» атты тағылымды кездесу кеші өтті.  Іс-шараға өлкетанушы, тарихшы, журналист, Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов арнайы шақырылды.

DSC04257

Жиында екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында хабарсыз кеткен, тағдыры жұмбақ күйінде қалған, түрлі жағдайда неміс-фашист басқыншыларының қолына тұтқынға түсіп, тауқымет тартқан тағдырлар, ерлігі елеусіз қалған боздақтар туралы әңгіме өрбіді.

Кездесуде Ахмедияр Қуанұлы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында атқарылған жұмыс жөнінде баяндады.

– 2020 жылы 24 қарашада ҚР Президенті ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен республика бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылған болатын. 2021 жылы 16 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің №1 қаулысымен біздің облысымызда жеті бағыт бойынша жұмыс істейтін комиссия құрылып, өз жұмысын бастады. Соның біреуі – 1939-1945 жылдардағы батысқазақстандық әскери соғыс тұтқындарын анықтау, оларды ақтау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болып үш жылға жуық еңбектендім. Үкіметтің, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі тарапынан үлкен қолдау болып, бұрын-соңды ашылмаған архивтердегі ешкім көрмеген құжаттар қолымызға тиді. Көптің көзіне түспеген саяси қуғынсүргін құрбандарының архив құжаттарын қолымызға ұстап, парақтап оқыдық, – деді боздақтардың жоқтаушысы Ахмедияр Батырханов.

Кездесу кешінде ол тұтқындардың басынан кешкен естеліктерін тілге тиек етіп, талай тың деректерді келтірді. Сұрапыл соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскендер «Түркістан легионы», «Түркістан ұлттық комитеті», «Алаш» отряды және жұмысшы батальондарында қызмет еткен жерлестеріміз жайлы небір сыр ақтарылды. Мәселен, жұмысшы батальон қатарына қабылдану үшін әскери тұтқындар өз өтініштерін жазып, келісімдерін беріп, құжатқа қолдарын қойған. Әрине, олардың бұл қадамдары қалай да тірі қалу, туған жерді, ата-анасын, сүйген жарын, бала-шағасын бір көрсем деген арманнан туғанын кейінгі ұрпақ дұрыс түсінетін шығар. Сонымен қатар тұтқынға түскен Қызыл армия әскерлері жау жағында түрлі барлау мектебінде дайындықтан өтіп, қазақ жеріне парашютпен түскен бойда Кеңес үкіметіне берілгендері жайында да Ахмедияр Қуанұлы қызғылықты әңгімеледі. Ресей архивтерінде сақталған, сонау соғыс жылдарынан сыр шертетін мәліметтермен бөлісіп, Ұлы Отан соғысына өңірімізден шыққан 102 әскери ұшқыш туралы айта келіп, шайқас алаңында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанмен, жоғары үкіметтік марапат берілмеген 42 батысқазақстандық қаһарманның аты-жөндеріне тоқталды. Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының дивизиясында полк командирі болған гвардия полковнигі Григорий Елиннің кіндік қаны Орал қаласында тамғанын, Батыс Қазақстан облысынан соғыстағы ерліктері үшін 418 жерлесіміздің «Қызыл Ту» және 53 офицердің «Александр Невский» орденімен марапатталғанын баяндады.

Музей саласының ардагері атанған Төлеген Сейіткереевтің «Қырық бірінші жылданбыз» өлеңіне Орынбек Меңдіқұл ән жазған екен. Жерлес әнші Әділ Ахметов гитараның сүйемелдеуімен осынау «Қырық бірінші жылданбыз» әнін тамылжыта орындады. Ал Мәдина Хабиева ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры» өлеңін мәнерлеп оқыды.

Іс-шарада Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәдени-ағарту бірлестігінің басшысы Кенжегүл Ахметова сөз алып, кеш қонағына алғысхат пен сый-сияпат табыс етті. Ал Орынбек Меңдіқұл сыйлас ағасына арнаған «Ахаңа» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

6a72d95f-7511-41e8-a99a-197f1bedac21

Кеш соңында есімдерін атауды жөн көрмеген жомарт жандар Мәншүк Мәметова мемориалдық музейіне баспа құрылғысын (принтер) сыйға тартып, музей қорына батыр қалалардың белгілерін (значок) табыстады. Музейге аса қажет құралдың сыйға берілуі кеш иесіне ерекше қуаныш сыйлады.

Қолғанат Қожым,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале