27.09.2022, 10:00
Оқылды: 106

Әуезовтің әдеби тағылымы

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай «Мұхтар Әуезовтің әдеби тағылымы» атты дөңгелек үстел өтті.

6

Cтуденттерге жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, доцент Зейнолла Мүтиев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанкелді Шайекенов және философия PhD докторы Айдарбек Ақболатов қатысты. Жиын барысында қазақтың әйгілі жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдары бойынша қазақтың тұңғыш докторы, профессор Мұхтар Омарханұлының өмірі жайлы деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ жиналған студенттерге «Абай жолы» роман-эпопеясы жайлы біраз мағлұмат айтылды.

– Бізге, ең алдымен, белгілі жазушының өз дәуірінде көрген қиыншылығы сабақ болуы тиіс. Тарихқа көз жүгіртсек, ұлттың мүддесі үшін күрескерлік танытқан кемеңгерлеріміз аз емес. Алайда ол тұлғалардың бәрінің дерлік үнемі сый-құрметке бөленіп жүрмегені анық. Сондықтан Мұхтар Омарханұлының өмірінің біраз бөлігі қуғында, одан қалса, ұлт болашағы үшін алаң боп өткенін біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың Мұхтар Әуезов жайлы жазылған мақаласы жарияланды. Соны сіздерге оқып шығуға кеңес беремін. Онда жазушының шығармашылығына қатысты әлі күнге дейін жауабы жоқ бірнеше сұрақ көтерілген. Жалпы «Қобыланды батыр» жырының, халық ауыз әдебиетіндегі біршама шығарманың ғылыми айналымға түсуіне Мұхтар Омарханұлының зор ықпал еткенін ұмытпауымыз керек. Елдің болашағы үшін еңбек еткен ерлер есте қалады, – деді Жанкелді Жұмақайұлы.

Іс-шара барысында өз ұлтын терең тануға талпынған ұлы жазушы жайлы біраз дерек айтылды. Соның бірі – жазушының ең алғаш бүркеншек атпен танылған «Дауыл» деген әңгімесі. Аға оқытушы Зейнолла Мүтиевтің айтуынша, М.Әуезовтің бұл шығармасы баспа беттерінен көрінбеген.

– Қазақтың маңдайына біткен ұлы жазушы жайлы деректерге сүйенсек, ол кісі жан-жақты адам болған. Жазушылық қабілетінен бөлек спортқа бейім және музыкаға да жақын екенін білеміз. Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері М. Әуезовтің көптеген мақаласы бар. Сондай-ақ қай шығармасын жазарда да нақты деректерге сүйеніп, тынбастан ізденген. Жазушының есімі аталғанда «Абай жолы» романы бірден еске түседі. Бұл шығарма әр жастағы оқырманға әр түрлі әсер сыйлап, ой салады. Бүгінде түсінбей оқи салатындар да жоқ емес. Сондықтан осы шығарманы кез келген жаста қайталап оқи беріңіздер, – деді Зейнолла Жақсылықұлы.

М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің деканы Айдарбек Ақболатов жиынның мақсатын толық түсіндіріп, студенттерге сөз кезегін ұсынды. Студенттер арасынан Дәурен Ғұмаров «Әуезов Қырғыз әдебиетінде» атты баяндамасында жазушының үлкен жиындарда батыл сөйлеп, өткір ой айтқанын нақтылап еске салды.

– Қырғыздың «Манас» деген жыры – бүгінде әлемге әйгілі шығармалардың бірі. Сол көлемді шығарманың аясында біраз дау туғаны тарихтан белгілі. 1952 жылы осы мәселе турасында үлкен конференция өткен болатын. Онда ғалымдар «Манас» жырына байланысты бірнеше теріс пікір білдірді. Мұхтар Омарханұлы «Манас» жыры қырғыздарға керек пе?» деген баяндамасын оқып, аталған шығарманың ұлт тарихын сақтап қалуға арқау болатынын ашық айтқан. Әрине, бұған қырғыз елі ризашылығын білдірді. Осындай шешуші сәтте суырылып шығып, тайсалмай сөйлеудің өзі – жазушының тарих сахнасында қалған үлкен ерлігі, – деп қорытындылады Дәурен Ғұмаров.

Сонымен қатар Аида Оразова «Әуезов әдебиет тарихын зерттеуші» атты баяндамасында Әуезов әлемінен біраз ақпаратты ортаға салды. Тағылымды кешті  поэзияға іңкәр студенттер Нұрасыл Иса, Рану Русланқызы және Нұрман Ақансеріұлы өз өлеңдерімен түйіндеді.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале