26.05.2026, 11:00
Оқылды: 19

AUYL INVEST FEST: жаңа серіктестікке жол ашқан алаң

 

 Орал  қаласында  «AUYL  INVEST  FEST.  Қой  шаруашылығы-2.0»  халықаралық  фестивалі  өттіБылтыр  мұндай  ауқымды  басқосу  «Ауыл»  партиясының  бастамасымен  облыста  алғаш  рет  ұйымдастырылған  едіІс-шараға  ҚР  Парламентінің  депутаттарыминистрлік  өкілдеріотандық, шетелдік ғалымдар, агросала мамандары және Моңғолия, Қытай  Халық  Республикасы, Татарстан Республикасы, АҚШ, Венгрия елдерінің  білікті  сарапшылары  қатысты

DSC08050

Қазақстандық және шетелдік сала мамандары алдымен мазмұнды форумда бас қосты. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев фестиваль ауыл шаруашылығындағы халықаралық маңызды алаңдардың біріне айналып келеді деді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға әрдайым ерекше назар аударады. Президент: «Ауыл шаруашылығы – экономиканың стратегиялық маңызы бар саласы», – деп атап өтті. Ауыл – елдің алтын бесігі, ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті төрт түлікпен, соның ішінде қой шаруашылығымен тығыз байланысты. Сондықтан бұл саланы дамыту – тек экономикалық емес, рухани маңызы зор міндет. Бүгінде облыста мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Форум аясында шетелдік және отандық мамандар тәжірибе алмасып, инновациялық жобалар таныстырылып, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа серіктестіктерге жол ашылады деп сенемін. Мұндай қадамдар өңір экономикасының дамуына, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарының құрылуына оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар халықаралық іс-шаралар ауыл туризмін дамытуға, ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерімізді кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер бойынша комитетінің және «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев елде қой шаруашылығы мал шаруашылығының жетекші саласы болып қала беруі тиіс деді. Оның айтуынша, елдегі 1780 млн гектарға жуық табиғи жайылымда ұсақ малды бағудың әлемдегі тиімді әдістерін пайдаланған жөн. Әрі арзан, әрі сапалы ет, жүн, тері және басқа да қайта өңделген өнімдер өндіру қажет.

– Қазақстан әлемдік рейтингте қой етін өндіруден 16-орында тұр. Өкінішке қарай, елдегі қой саны тек 2018 жылдан бастап көбейе бастады. Егер 1990 жылдары 35 миллиондай қой болса, бүгінде 20 миллиондай ғана. Негізінен қой шаруашылығымен оңтүстік облыстарда айналысады. Өйткені қой өсіретін шаруашылықтардың 60%-ы сол жақта орналасқан. Елде 7 асыл тұқымды орталық жұмыс істейді. Батыс Қазақстан облысында да қой шаруашылығы дамып келеді.  «Ауыл» партиясы әрқашан ауылдық жерлердің экономикалық өсі-мі мен халқының табысын арттыруды, фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды, кооперативтер мен ауылдық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. Былтырғы фестивальден соң Ақ Жайық өңіріндегі қой шаруашылығына 4 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Біз қойды экспорттағымыз келеді. Алайда алдымен халықты сапалы, арзан қой етімен қамтып алуымыз керек. Содан кейін экспортқа шығу үшін қой шаруашылығын аяққа тұрғызуымыз қажет. Біріншіден, асылдандыруды дұрыс жолға қойған жөн. Яғни малдың өнімділігі артуы керек. Екіншіден, жемшөп аса маңызды рөл атқарады. Өйткені малдың шөбі қымбат, жемнің бағасы ұшып тұр. Бұл кешенді мәселені ел үкіметі шешуі тиіс. Біз партия фракциясы ретінде мәселе көтеріп жүрміз. Үкіметпен бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде биыл 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Бұл – серпінді жоба. Неге? Себебі 40-50 жыл бойы ауыл шаруашылығында барлық назар дәстүрлі түрде егіншілікке аударылды. Бұл тың игерумен тығыз байланысты болды. Сол кезде экологиялық та мәселелер туындап, топырақ эрозияға ұшырады. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер деградацияға ұшыраған. Бір шаршы сантиметр топырақты қалпына келтіру үшін  200 жылдай қажет. Бұл да өзекті мәселе. Кешенді жоспарды шынайы жобалармен жүзеге асырған тиімді. Қазақстанда жылына 35 мың тонна жүн өндіріледі. Соның тек 3-5 мың тоннасы өңделеді. Ақтөбеде жүн өңдейтін зауыт бар. Осындай кем дегенде 10 өндіріс орны қажет. Облыс әкімдігіне партияның бастамасына қолдау білдіргені үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Серік Рахметоллұлы.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Таласбек Қанафиннің  айтуынша, республикадағы 23 миллиондай қойдың 3 миллионы – асыл тұқымды. Бүгінде 11 елге қой еті экспортталуда. Былтыр 34 мың тоннаға жуық, ал биылғы төрт айда 7 мың тонна  қой еті шетелге шығарылды. Асылтұқымды мал  өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары шеңберінде жыл сайын қой шаруашылығына шамамен 12 млрд теңге демеуқаржы бөлінеді.

– Бүгінде министрлік субсидиялардан жеңілдетілген кредиттерге кезең-кезеңмен көшуді қолға алғанын атап өту қажет. Осыған байланысты мал шаруашылығында несилеу қарастырылды. ҚР Үкіметінің қаулысымен Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжатта мал басын өсіруге, мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған саланы мемлекеттік қолдаудың негізгі тәсілдері мен тетіктері бар. «Игілік» және «Береке» несиелік бағдарламалары қабылданды. «Жайлау» бағдарламасы әзірленіп жатыр, – деді Таласбек Ахмединұлы. Ал ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймурзаев бұл саланы мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде баяндады.

Форумның қадірлі қонағының бірі – Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гунаажавын Батжаргал  мал шаруашылығын дәстүрлі түрде дамытып келе жатқандарын атап өтті. Бүгінде бұл елдегі 58 млн жалпы мал санының 24 миллионы –
қой. «Қазақстан Республикасы – Моңғолия мемлекеті үшін Орталық Азия аймағындағы алғашқы стратегиялық әріптес. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін екі елдің әлеуеті зор деп санаймыз. Моңғолияның май, шикізат және жануарлардан алынатын өнімдерді өңдеу және дайын өнімдер шығару саласын дамытуда өзіндік тәжірибесі бар. Атап айтқанда, үкімет жүн, кашемир және былғары өндірісіне қолдау білдіріп отыр. Бұл өнімдердің кейбіреуі әлемдік нарықта танымал болды», – деді елші.

Қытайдың ШЫҰ демонстрациялық аймағындағы өнеркәсіптік және ауылшаруашылық  жабдықтар базасы – Zhonghi Maissen компаниясының төрағасы Чжао Фэй екі ел арасындағы өндірістік ынтымақтастық туралы айтты. Мәселен, аталған компания Қазақстан нарығына арнайы бейімделген бірнеше ықшам өндірістік жабдық әзірлеген.

– Біз ШЫҰ платформасына сүйене отырып, Қазақстанның әр облысында Қытай-Қазақстан өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық ынтымақтастық орталықтарын құруды жоспарлап отырмыз. Олар технологияларды көрсету, өнім саудасы, мемлекеттік және кәсіпкерлік байланыстар, инвестициялық әріптестік секілді бағыттарды біріктіретін кешенді платформа болады. Бұл орталықтардың серіктестеріне қолдау көрсетеміз. Біріншіден, Қазақстанның мемлекеттік кәсіпорындарына, банктеріне және басқа да мемлекеттік құрылымдарына 500 миллионнан 4 млрд юаньға дейін төмен пайыздық қаржы қорын ұсына аламыз. Екіншіден, Қытай жабдықтарын сатып
алатын жер-гілікті кәсіпорындардың ал-ты ай пайызсыз бөліп төлеу немесе бес жылға жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар, – деген   Чжао Фэй  қаржылық және ресурстық әлеуеті бар ұйымдар мен адамдарды әріптестік байланыс орнатуға шақырды.

Оралдағы БҚИТУ инновациялық-технологиялық паркінің директоры, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Дархан Смағұлов қой шаруашылығының жай-күйі, цифрландыру шаралары жөнінде баян етті.  Ғалым-ның айтуынша, асылтұқымды ретінде реестрге тіркелмеген әрі саны азайып бара жатқан 4 қой тұқымы бар. Олар – солтүстік қазақ мериносы, қазақтың биязылау жүнді кроссбреді, қазақтың көп төлдегіш тез жетілгіш және атыраулық елтірілік етті-майлы қойы. Тұқымды мал саны артқан сайын өнім көлемі де, сапасы да жоғарылайды. Бүгінде елде қылшық жүн-
ді, әсіресе етті-майлы бағыттағы құйрықты қой шаруашылығы басым. Мысалы,3 336 282 асылтұқымды қойдың 2 100 560-ы қазақы тұқымға тиесілі. Ғалым жергілікті қой тұқымдарын халықаралық деңгейде танытып, ұлттық селекциялық жетістік ретінде танымал ету (бренд) керек дейді.

– Қой шаруашылығының әлеуеті жоғары болғанымен, оның ілгері дамуына кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Бірінші, өнімділік деңгейінің төмендігі. Бұл селекциялық жұмыстың әлсіз-дігімен, азықтандырудың жеткіліксіздімен және технологоиялық тәртіптің төмендігімен байланысты. Екінші, ветеринариялық қауіпсіздік. Яғни аурудың алдын алу, вакцинация, мониторинг және диагностика шаралары толық жүргізілмейді. Үшінші, жайылымдардың тозуы, төр-тінші, өңдеу инфрақұрылымының әлсіздігі, төртінші, цифрлық есептің жеткіліксіз жүргізілуі. Бұл мәселелерді біртұтас жүйе ретінде шешу қажет. Ғылым, өндіріс, цифрландыру, өңдеу және экспорт бір-бірімен байланысқанда ғана нәтиже шығады, – деді Дархан Бақытбекұлы (суретте). Ол сонымен бірге бұл саладағы цифрландыруға да тоқталды. Мәселен, Smart Sheep Farming моделі селекция, технология, ветеринария, сату, логистика сияқты үрдістер ортақ цифрлық платформаға біріктірілген экожүйе болмақ. Ғалым қой шаруашылығын дамыту үшін жүйелі жол картасы қажет деді.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин өңірдегі қой шаруашылығының жай-жапсарын баяндады. Бүгінде  облыста 1 млн 223 мың қой тіркелген. Оның 60%-ы (730 мың) агроқұрылымдарда, ал 40%-ы (493 мың) жеке қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. Мың бастан жоғары қой өсіріп отырған 100 шаруашылық бар.

– Облыста 83 мыңнан астам асыл тұқымды қой тіркелген. Олардың дені, яғни 90%-ға жуығы – еділбай тұқымы. Былтыр облыста 7,6 мың тонна қой еті өндіріліп, өңір қажеттілігі толық қамтылды. 2024-2025 жылдары Әзербайжан, Өзбекстан және Иран елдеріне 400 тонна қой еті, 4,2 мың бас тірілей қой экспортталды. Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлеріне 268 мың қой сатылды. «Кублей», «Батыс-Нық» ет өңдеу кешендері қойды тірілей қабылдап, етін экспортқа шығарады. Олар тәулігіне 1 000 қой сояды. «БатысМарқаЛамб» ЖШС ет өңдеу кешенінің жұмысын жандандыруда, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

Форумда сондай-ақ Татарстан Республикасының татар кәсіпкерлеріне көмек көрсету жөніндегі дүниежүзілік қауымдастығының атқарушы директоры Фарид Уразаев, Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС атқарушы директоры Қанат Ешімов, Ақтөбедегі  «KazFelTec» ЖШС директоры Ерлан Жаңабергенов және басқалар сөз сөйледі.

Осымен екінші рет өткен фестиваль аясында ауыл шаруашылығы және қой шаруашылығы жетістіктері-нің көрмелері, қой және қозы етінен әзірленетін тағамдарға арналған аспаздық байқаулар, қой жүнінен және табиғи теріден тігілген киімдердің сән көрсетілімдері өтті. Қазақы тазы мен төбет иттерінің көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен этноспорт түрлері кеңінен насихатталды. Ауыл шаруашылығының, соның ішінде қой шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар шопан, еңбек ардагерлері, ауыл мәдениетінің дамуына атсалысып жүрген қызметкерлер облыс әкімінің алғысхатына, ведомстволық марапаттарға ие болды. Мысалы, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен «Ерлан» ШҚ басшысы Боранбай Айтқалиев, зейнеткер Әнуар Тоқмамбетов, «Жәнібек» ШҚ басшысы Тыныш Иманғалиев марапатталды.

ауыл фэст (3)

Тартысты да қызықты өткен спорттық жарыстарда жеңімпаз-жүлдегерлер анықталды. Қол күресінен Арсен Мұратқали (-70 кг) мен Сұлтан Әділжанұлы (70+ кг) 1-орын алды. Арқан тартыста «Орал қаласы-1» командасы жеңімпаз болды. Қойды 60 рет көтерген Ерасыл Бақыт бәрінен озып шықты. Бес асық ойынында ақжайықтық Дина Бекмағамбетова, ләңгі тебуден жаңақалалық Біржан Қисанов,  асық атудан бәйтеректік Отархан Сәмиев ешкімге дес бермеді. Дәстүрлі садақ атудан жарысқан екі топтың арасынан Әлихан Кенжем мен Мариям Жанатова жеңімпаз болды. Тоғызқұмалақтан өткен жарыста ерлер арасында бөрлілік Сайлан Матылов, ал әйелдер арасында  оралдық Самира Оразмұханбет топ жарды. Ауқымды іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен  қорытындыланды.

 

Әділбек ЖОЛДАСБЕКОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғылыми қызметкері:

– Біздің университеттің аграрлық-инновациялық паркінде ғылыми жұмыс жан-жақты жүргізіледі. Көрмеге ғалымдардың мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға, ветеринариялық қолдауды жақ-
сартуға және осы салаға инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған әзірлемелерін, жануарларды қолдан ұрықтандыруға арналған құрал-жабдықтарды әкелдік. Ғалым, эпизоотолог Ғайса Әбсатировтың жануарлардың ауруларымен, паразиттерімен күресу үшін жасаған бірқатар дәрі-дәрмектері де бар. Менің мамандығым ауыл шаруашылығы жануарларын көбейтумен және қолдан ұрықтандырумен тығыз байланысты. Бүгінде бұл саладағы технология айтарлықтай дамыды. Малды қолдан ұрықтандыру әдістері жануарлардың көбею тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Сымбат ҒАЗИЗОВА,

мал дәрігері, Казталов ауданы:

– Мен аудандық ветеринарлық стансада он бес жылдан бері жұмыс істеймін. Көктерек ауылында мал дәрігерімін. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Бұл – алғаш рет алып отырған марапатым. Өте қуаныштымын. Дәл бүгін мұндай қуанышқа кенелемін деп ойламадым. Қой шаруашылығына арналған фестиваль өте жақсы өтті. Жалғасын таба берсін деп тілеймін. Бүгінде ветеринарларға жан-жақты көмек-қолдау көрсетілуде. Жаңа аутокөлік берілді, ауылда жаңа ветеринарлық пункт салынып жатыр. Жалақымыз да ауылда тұратын мамандар үшін жеткілікті деп ойлаймын.

Мұрат ИБАТОВ,

қол күресінен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, Орал қаласы:

– Орал қаласында «Oral Armsport» командасының құрылғанына екі жыл болды. Өзім қол күресінен бапкермін. Фестиваль аясында өтетін арқан тарту сайысына қатысуға келдік. Біздің облыста арқан тарту спортының дамуына әсіресе Казталов ауданындағы «Көктерек» командасының қосқан үлесі зор. Қазіргі таңда жастар бұл спортқа асқан қызығушылық танытуда. Әр аудан-ауылда арқан тартудың шеберлері даярланып жатыр. Бүгінгі жарыста алты команда сынға түсті. Олардың арасында осалы жоқ. Кім мықты, сол жеңіске жетеді.

Әйгерім БАҚЫТЖАНОВА,

Орал қаласы:

– Оралда бес жылдан бері «Батыр академиясы» деген модель мектебі жұмыс істейді. Менің екі қызым үш жылдан бері қатысып жүр. Бүгінгі сән көрсетіліміне жетекшіміз Лаура Раш «Батыр» коллекциясын дайындап әкелді. Қыздарым да өнер көрсетті. Сонымен қатар көрермен назарына ата-аналар топтамасы ретінде «Хан бренд» атты отандық шапандар мен кәжекейлер ұсынды. Сән әлеміне қанат қаққан балаларымыз күні бүгінге дейін Түркия, Әзербайжан, Грузия елдерінде өткен сән көрсетілімдеріне қатысып келді. «Батыр» топтамасы қазақ халқының қыздарының батырлығы мен нәзіктігін қатар көрсететінімен ерекшеленеді.

Ақан КӘРІМОВ,

«Байқұтан» қорының мүшесі:

– Біз иттердің көрмесіне қазақы төбеттерді насихаттап жүрген «Байқұтан» қорынан кел-
дік. «Байқұтан» деген сөз жүндес ит деген мағынаны білдіреді. Көбі бұл итті алабаймен шатастырады. Алайда оған ұқсамайды. Алабайдан ерекшелігі тәулігіне бір рет тамақ ішеді. Адамға мүлде тиіспейді. «Байқұтан» қоры қазір барлық облыста жұмыс істейді. Көрмеге Жымпиты мен Абай ауылдарындағы, Ақсай қаласындағы төбеттерді әкелдік. Оларды қой бағу үшін пайдаланады. Иттердің бір қасиеті күні-түні малдың қасында жүреді. Бүгінде облыста тек 10 ғана қазақы төбет бар. Санын көбейту шаралары қолға алынып жатыр. Тек инбридингке жол беруге болмайды.

Ясипа  Рабаева,

«Жайық Пресс»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале