4.03.2021, 22:38
Оқылды: 245

Бақ баптағанға грант беріледі

Жуырда облыс әкі­мі Ғали Есқалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жеміс-жидек өсірумен айналысатын өңір тұрғындары гранттық қолдауға ие болатындығын айтқан еді. «Менің аулам – менің бағым» деп аталатын жаңа бизнес-идея жергілікті нарықтағы жеміс-жидек бағасын тұрақтандырып, бағбандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді көздейді. Ал ауласында бау-бақша өсіретін жерлестерімізге тәжірибелі бағбандар тәлімгер болмақ. Олар жеміс ағаштарының көшеттерін ұсынумен қатар, баптау бойынша да кеңестерімен бөлісіп отырмақ. Ол үшін көшет отырғызатын жері­ңіз бен қолға кетпен ұстап, ерте көктемнен қара күзге дейін еңбек етуге деген ниетіңіз болса жет­кілікті. 

Жаңа бастама – жаңа бағыт

 бак1

Жаңа бастама бойынша биылдан бастап «Еңбек» бағдарламасы аясында грант есебінен тұрғындарға жеміс-жидек көшеттері берілмек.

– Мемлекет жыл сайын аталмыш бағдарлама аясында әр кәсіп иесіне 100-580 мың теңге аралығында қайтарымсыз қаржы беру үшін жүздеген миллион теңге бөліп келеді. Биыл батысқазақ­стандықтарға 800 млн теңгеге жуық қаржы беру жоспарланды. Осы кезге дейін біздің тұрғындар бұл гранттарды көп жағдайда құс өсіру, тігін машиналарын, кондитерлік жабдықтарды, шаштараз құралдарын және т.б. сатып алу үшін ие болды. Өкінішке қарай, өткен жылдары грант алғандардың ішінде тек 15-20%-ы ғана өз кәсі­бін жүргізіп, тұрақты табыс көзін таба алды, - деген өңір басшысы соңғы уақытта нарықта жеміс-жидектерге және олардың өңделген өнімдеріне сұраныс жоғары екендігін баяндаған.

Ал алдағы уақытта өнімдерге мемлекеттік тапсырыс беру мәселесін пысықтап жатқандығын жеткізді. Яғни жаңа бастама бойынша баптап өсірілген бақ өз иелеріне жыл сайын тұрақты өнім алуға және келешекте жеңілдетілген шағын несие алуға мүмкіндік бермек. Бақ отырғызу үшін аулада 20-50 шаршы метр жер учаскесі болса жеткілікті. Егер бақ жақсы өссе, оның өніміне мемлекеттік тапсырыс беріледі. Бұл үшін аталмыш жобаны насихаттау жұмыстары кең көлемде дәріптелу керек.

«Біздің жерлестеріміз осы кәсіпті үйреніп, сүйікті тірлігіне айналдыра алады. Халықтан осы бизнесті дөңгелетіп әкетуге мүм­кіндік беретін шешімдерді және осы жобаны одан әрі дамытуға арналған идеяларды күтеміз. Мысалы, мектеп аумағында ұжымдық бақ ұйымдастыру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу, мектеп пен бақшаны жалға алушылар арасындағы мүдделер тепе-теңдігін сақтау секілді құжаттар қажет болуы мүмкін. Бұл жобаны кеңірек дәріптеу үшін түрлі вебинарлар өткізіп, БАҚ бе­тінде кеңірек насихаттау қажет. Осы кезден бастап әр үйді аралап, кімнің бау-бақша өсіргісі келетіндігін анықтап, қандай көмек керегін анықтайтын волонтерлер жұмысын ұйымдастыру керек», - деген болатын Ғали Нәжімеденұлы.

Кәсіби маман кеңес береді

Кез келген істің бастауында кәсіби маманнан кеңес алу өте маңызды. Жаңа жобаға қажетті кәсіби маманның бірі – Қайрат Кәрімов. Ол – қала іргесінде С.Исаев атындағы ха­лықаралық эксперименталдық коллекциялық тәлімбақтың бас­шысы. Бүгінде аумағы 5 гектар жерді алып жатқан алма бағын өз қаржысына құрған бағбан соңғы 15 жылын бақ өсіруге арнап келеді. Өз ісіне жан-тәнімен берілген бағбан бақ өсіруді жай ермек үшін емес, толықтай ғылымға негіздеп қолға алған. Қазір ол әйгілі ғалым-селекционер Мичуриннің тікелей шәкірті Сергей Исаевтың ісін жалғастырып, алманың 200-ден астам, ал жүзімнің 175 түрін өсіріп отыр. Одан бөлек бұл бақта өрік, нектарин, грек жаңғағы, алмұрт, шабдалы және т.б. көптеген жеміс көшетімен қатар, дәрілік өсімдіктер мен гүлдердің сан алуан түрі өсіріледі. Басты назар аударатын нәрсе – мұндағы әр жеміс ағашы Қазақстанның қатаң континенталды климатына бейімделген, аудандастырылған тұқым саналады. Эксперименталды бақтың жұмысына бүгінде дүние жүзінің ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Өйткені бұл бақтағыдай жеміс ағаштарының толық коллекциясы Ресейдің өзінде жоқ.

бак222

– Бүгінгі таңда зайыбым Роза екеуміз осы істі қолға алып, ғылыми тұрғыда зерттей бастадық. Біз жеміс көшеттерін өсіріп қана қоймаймыз, оны жыл бойы зерттейміз. Қазір екеуміз де Ресейдің Орынбор мемлекеттік университетінде осы сала бойынша ғылыми жобамызды қорғау үшін аспирантурада оқып жүрміз. Өйткені бұл іс көп ізденуді, білімді талап етеді. Менің бағыма бағбандықты шын сүйген  үлкен ғалымдардан тәлім алып, солардың ісін жалғастыру бұйырды. Бұл маған үлкен жауапкершілік жүктейді, - дейді Қайрат Боранбай­ұлы.

Ол облыс әкімінің бастамасымен қолға  алынған «Менің аулам – менің бағым» жобасын қуана қолдағандардың бірі екенін жасырып қалмады. Өйткені жас ұрпақ тәрбиесінде балаларды еңбекке баулу керемет өнеге екендігін айтады.

– Бұдан бөлек экологиялық апаттың алдында тұрған, яғни табиғаты тозып, сулары тартылып, жерін шөл басып жатқан Қазақстан үшін жерімізді көгалдандыруға, тал-терек егуге, орман-тоғай өсіруге таптырмас мүмкіндік.  Жасыл желек көбейсе, жер асты сулары қайта оралып, жердің құнарлы қабаты қалпына келіп, құм басу тоқтап, ауа райы өзгереді. Халқымыз осыны түсінуі тиіс, экологиялық мәдениетті жоғары деңгейге жеткізуіміз керек. Ол өзімізден басталады, - деген Қайрат Боранбайұлы жаңа жобаға қатысушыларға жеміс-жидек бұталары мен ағаш көшеттерін сатып, оны өсіруге ғылыми қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Бұйырса, биылғы көктемде алғаш рет төрт мыңдай көшетті сатуға шығаруға ниетті. Сөйтіп, тәжірибелі бағбан алдағы уақытта бақ өсіріп, баптаймын деушілерге өз тәжірибесімен бөліспек.

Тәжірибенің маңызы зор

Қайрат Боранбайұлы жаңа жобаны жүзеге асыруда, ең алдымен, адамдардың бау-бақша егу тәжірибесіне назар аударса дейді. Өйткені жеміс көшеттерін отырғызуға қызанақ-қияр секілді біржаздық топыраққа отырғыза салу емес, бірнеше жыл уақыт керектігін айтады.

бак3

– Бақ өсіру, оны баптау мен күтіп ұстауға үлкен еңбек пен ыждағаттылық қажет. Басты жұмыс жеміс ағашын егуден емес, егетін жері мен топырағын дайындаудан басталады. Егетін көшеттің көктемде көше бойында сатылатын жабайы базарлардан емес, арнайы тәлімбақтандардан алынуы керек. Теректерді егуден бөлек олардың көктемгі, жазғы және күзгі-қысқы күтімдері уақтылы дұрыс жасалмаса, жеміс беруіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан жобаға қатысып, грант алатын әр адам бау-бақша баптаудан тәжірибесі болуы өте маңызды. Жаңа жобаны ұсынушылар санға емес, сапаға мән беруі тиіс. Әйтпесе, өзге жобалар секілді миллиондаған қаржы көкке ұшып, төгілген тер далаға кетеді. Бұдан өзге қала маңындағы саяжайларды үй салу мақсатында сатып алған тұрғындардың жеміс көшеттерін жөнсіз отауына тыйым болса деймін. Сондай-ақ қазір қаламыздың көлік көп жүретін ұзын көшелерінің бойына шырша егуді көптеп қолға алуда. Алайда шыршалар сәндік өсімдік ретінде ғимараттар мен тойханалардың, түрлі мекемелердің алдында егілуі керек. Ғылыми зерттеулер бойынша көлік ағыны көп көшелерде үйеңкі ағаштары егілсе, ауадағы көліктен бөлінген улы газдарды 24 сағат бойы тазалап тұруға қауқарлы. Алдағы уақытта қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары кезінде осы мәселе ескерілсе деген ұсынысым бар, - деген кәсіби бағбан алдағы уақытта жеміс көшеттерін егудің тәжірибесімен бөлісетін түрлі бейнероликтер түсіруді қолға алмақшы.

Иә, бүгінде аталмыш жобаға қызығушылық танытып отырғандар күн санап көбейіп жатқаны байқалады. Өңірімізде жаңа жоба арқылы халық арасында жеміс ағаштарын өсіру, бау-бақша баптау трендтке айналатын күнге тезірек жетсек деген үміт басым.

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале