6.10.2022, 16:39
Оқылды: 880

«Басшымыз мас болып келіп, мазамызды алды», - дейді қызметкерлер

Әлеуметтік желіде белгісіз ер адамның ерсі қылығы түсірілген видео тарады. Бейнежазбада әйел адамның ер адамға «Сіз мас күйінде жұмысқа неге келесіз, жұмыстан тыс уақытта жүруге кім рұқсат берді?» деген бағыттағы дауысын естуге болады. Бүгін түске дейін сол видеода көрінген адам «Батыс су арнасы» мекемесі директорының орынбасары» деген ақпарат шықты. Біздің сайт тілшілері аталған мекемеге барып, қызметкерлердің пікірін білген еді.

InShot_20221006_165602059

Белгілі болғандай, бұл видеоны «Батыс су арнасы» ЖШС диспетчері Елена есімді әйел адам түсірген. Видеодағы ер адам сол мекеме директорының орынбасары - Жандос Саматов екен.

(Видеоға сілтеме https://youtu.be/lO8XZOZqSDQ)

«Қазан айының төртінен бесіне қараған түні менің кезекшілігім болды. Менің жанымда екі слесар-жөндеуші, электрик және көлік жүргізушілері бар болатын. Біз апатты жағдайлармен жұмыс істейміз. Түнде 01:50 мен 02:10 аралығында жұмысқа Жандос Саматов келіп, «түнгі ауысым түк жұмыс істемейді, жатып демалады» деп байбалам шығарған. Мен дереу видеоға түсіре бастадым. Себебі бұл оның жұмысқа осындай күйде бірінші мәрте келуі емес. Ол өзін өте дөрекі ұстап, айқайласып, дауласа бастады. Мен полиция шақырдым»,- деп еске алды сол түнді Елена.

«Батыс су арнасы» қызметкерлерінің сөзіне сенсек, түнде жұмысқа келіп жанжал шығару Жандос Саматовтың үйреншікті әрекеті екен. Мекеме қызметкерлері бұған дейін шара қолданбаған басшылығына өкпелі. Сол күні түнде «Батыс су арнасының» диспетчері Елена полиция шақырған, бірақ тәртіп сақшылары келгенге дейін Жандос Саматов мекемеден шығып кетіпті.
- Басшылыққа дереу хабар бердім. Мен ол кісіні мас деп ойлаймын. Әрине, қолымда медициналық дәлелім жоқ. Бірақ арақтың исі мүңкіп тұрды,- дейді Елена.

Жандос Саматов «Батыс су арнасындағы» қызметін заңгер болып бастаған. Еленаның айтуынша, Жандос олардың бөлімін басқармайды, техникалық бөлімге басқа басшы жауапты.
- Мен бұл жерде 12 жылдан бері жұмыс істеймін. Басшылыққа жазбаша хат қалдырдым. Бірінші рет емес және тек менің кезекшілігімде мас болып келіп тұрған жоқ, шара қолданады деп үміттенемін,- дейді диспетчер қыз.

- Қазан айының 3-нен 4-не қараған түні мен кезекші болдым. Сол кезде ол түнгі 03.00-де жұмысқа мас күйінде келді. Маған күзеттегілер хабарлап, мекемеге кіргенін айтты. Таңға дейін іштегі жігіттермен шәй ішті, кіріп-шығып жүрді. Таңғы 06.00-де өз кабинетіне ұйықтауға кетті. Екінші кезекшілік Еленаға да мас күйінде барып тұр. Бұл бірінші жағдай емес, біздің шыдамымыз таусылды. Басшылыққа қанша айтсақ та қажетті шараны қолданбай отыр, - деп ашынды сол мекеменің Н. есімді диспетчері.

Facebook не дейді?

«Батыс су арнасына» түнде жұмысқа барып жүрген қай «батыр» болды екен деген қызығушылықпен Жандос Саматовтың әлеуметтік желідегі парақшасын іздедік. Facebook-тегі парақшасынан біраз мәлімет таптық.
Ол «Батыс су арнасында» 2019 жылдан бері жұмыс істейді екен.

Жандос Саматов бұған дейін БҚО Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасын басқарыпты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі екен. Тіпті «Нұр Отан» өткізген праймеризге де қатысыпты.

вода1

(Фото әлеуметтік желідегі ашық парақшадан алынды)

Праймериз алдындағы жоспарында халықтың су мәселесін шешуге уәде беріпті. «Орал қаласы құбырларының 65 пайызы тозған. Халыққа жайлы өмір үшін су проблемасы шешілуі керек. Одан бөлек жұмыссыздық пен әлеуметтік мәселені шешемін» депті фейсбук парақшасындағы жазбасында.

Гу-гу

Егер Саматовтың жұмысқа мас келгені рас болса, басшылық не істейді? Қызықтың көкесі осы жерден басталады. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, Жандос Саматов Орал қаласының экс-әкімі Самиғолла Оразовтың күйеу баласы-мыс.

«Самиғолла Оразов осы күйеу баласын адам қыламын деп сүйремеген жері, орналастырмаған қызметі жоқ» деседі ұзынқұлақ.

Самиғолла Оразовтың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол 2008-2012 жылдары Орал қаласының әкімі болды.
2012 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

«Батыс су арнасының» қызметкерлері «күйеу баланың» еркелігіне аз шыдамағандарын айтады. Ал «Батыс су арнасының» директоры Әнуар Аркенов жағдай туралы былай деді.
«Ол (Жандос Саматов .ред) - қауіпсіздік саласының басшысы. Түнгі ауысымдағы жұмысты тексереді. Ол - оның қызметтік міндеті. Мас келді ме, сау келді ме, ол туралы мен ештеңе дей алмаймын. Қолымда дәлел жоқ, сіздің де қолыңызда дәлел жоқ. Медициналық дәлеліңіз болмай тұрып, мас дей алмайсыз. Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Анықтаймыз, кейін шара қолданамыз»,- деді.

Қазақта «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Қызметкерлер Саматовты даттап тұр ма, әлде мекеме басшысы «еркетотайды» жақтап тұр ма, соны біле алмай дал болған жайымыз бар.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале