Батыс Қазақстан облысында дәнді дақылдарды жинау толық аяқталды, майлы дақылдар, картоп пен көкөністерді жинау жалғасуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді.

Фото: KZgovernment
«Биыл дәнді дақылдардың өнімділігі бойынша тарихи жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Орташа өнімділік гектарынан 21 центнер болған кезде әуелгі өлшеумен 605 мың тонна астық жиналды», - деді Нариман Төреғалиев.
Бүгінгі таңда 26 мың гектар жерден майлы дақылдар, 1,2 мың гектардан көкөніс және 900 гектар алқаптан картоп жиналды.
Егінді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 818 мың тонна болатын астық қоймалары бар, оның ішінде 586 мың тоннасы элеваторларға, 232 мың тоннасы тауар өндірушілердің қоймаларына тиесілі. Элеваторлардың ағымдағы жүктемесі 30,4% немесе 178,1 мың тоннаны құрайды. Жиналған көлем аймақтың тұқым, астық және жем-шөпке деген қажеттілігін толығымен жабады.
Әкім «Кең дала» бағдарламасы аясында өңірге 22,9 млрд теңге бөлінгенін, аграршыларға 18,7 млрд теңге немесе 82%-ы берілгенін атап өтті. Жеңілдікті лизинг тетігі бойынша 5%-бен 20 млрд теңгеге 1,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, оның 90%-дан астамы отандық өндіріс.