24.09.2024, 12:15
Оқылды: 119

«Бес белесті» бағындырған Бекнұр батыр

Қыркүйектің 8-13-і аралығында Астана қаласында өткен V дүниежүзілік көшпенділер ойынында батысқазақстандық Бекнұр Серіков теңге ілудің «Бес белес» стилінен алтын жүлдені еншіледі. «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда ұйымдастырылған осы сайысқа 13 мемлекеттен 31 спортшы қатысқан. Жайық жұртының мерейін өсіріп, Оралына олжалы оралған Бекнұр бауырымызды жеңісімен құттықтап, әңгімеге тарттық.

1A0F1767-2C6B-4E02-9EE1-35548B48E2E9

– Орлик деген тұлпарымды ерттеп мініп, жарыста барымды салдым. Мен бұл тұлпарды 2018 жылдан бері баптап келемін. Теңге ілу үшін еңкейген кезімде тұлпарым салмақ түскен жаққа қисаймай, керісінше, бойын тіктейді. Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы ат тасымалдайтын көліктер бар. Орликті Астанаға сондай көлікпен жеткіздік. Республика бойынша іріктеу сайысында оза шауып, халықаралық дәреже-деңгейдегі жарысқа жолдама алған мен үмітті ақтап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жарыстың алтын жүлдесіне 1 000 000 (бір миллион) теңге берілді. Сайысқа дейін Көкшетау, Алматы қалаларының маңында тыңғылықты дайындықтар жүргіздік. Көшпенділер ойыны басталғанша Астана қаласында да дайындығымызды пысықтай түсуге жағдай жасалды. Аттарды мамандар жақсылап баптады. Тұлпарым жылы жерде жем, жоңышқа жеп, әбден күш-қуат жинады, – деді Бекнұр Серіков.  

Әрі қарайғы әңгіме теңге ілудің ерекшеліктеріне ойысты. «Бес белес» стилінде спортшы тұлпарымен 150 метр қашықтықты шауып өтіп, сосын қайта айналып, алғаш қозғалған тұсына келуі шарт. 75-інші метрде теңгелер басталады. Олардың салмағы – шамамен 200-300 грамм. Теңгені ілген ойыншы кері лақтырар алдында оның ат тізесінен жоғары көтерілгеніне көз жеткізуі керек. Әйтпесе, ұпай саналмайды.

Ойын шарты бойынша осы 300 метрді спортшы 35 секундта бағындыруы тиіс. Аталған қашықтықтың 150 метрін спортшы ат үстінде еңкейіп шауып өтеді.

Ал «Жеті жұт» стилінде ат ешқайда бұрылмайды. Спортшы теңгелерді тіке шауып бара жатып іледі.

Бекнұр Сейтекұлының сөзінше, «Қос құлаш» стилі – теңге ілудің ең қиын түрі. Себебі спортшы солға да, оңға да еңкейіп, теңгені ілу қажет. Қазақстанда осы стиль бойынша теңге ілетін спортшылар аз көрінеді.

Осы тұста Орал қаласындағы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ат спорты түрлері бойынша аға жаттықтырушысы, Бекнұрдың бапкері Ақтілек Сәрсенов те сөзге араласты.

– Жалпы көшпенділер ойындары жоғары дәрежеде ұйымдастырды. Мен теңге ілу бойынша өткен жарысты толық тамашаладым. Ерекше әсер алдым. Ипподром заманауи үлгіде жөндеуден өткен. Арнайы киіз үйлер тігіліп, патриоттық мазмұндағы концерттер ұйымдастырылды. Көрермендер спортшыларды қолдап-қошеметтеп отырды. Күміс жүлдені қырғызстандық, қола жүлдені румыниялық спортшы еншіледі. Олар да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Мұндайда ең әуелі спортшының астындағы ат мықты болуы керек. Ұлттық спорт түрлері бойынша Батыс Қазақстан облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде арнайы аттар үйретіледі. Теңге ілуші мен тұлпар жарысқа бірге дайындалады. Бұл ойынды бабаларымыз жаугершілік заманда балаларды соғысқа дайындау мақсатында пайдаланған. Теңге ілуді шебер меңгерген қазақ жұрты айқас кезінде жерге түскен қаруын қиналмастан көтеріп алған. Теңге ілуді дамыту мақсатында облыс көлемінде көптеген жарыстар өткізіліп тұрады. Түрлі деңгейдегі шемпионаттар, турнирлер ұйымдастырылады. Ат спортына қызығушылық танытатын  жасөспірімдер де, жастар да жетерлік. Ендігі уақытта жеткіншіктер Бек-нұрға еліктеп, биік белестеді бағындыруға ұмтылады деп үміттемін, – деді Бесқасқасымен талай мәрте көкпар тартқан  Ақтілек Бейбітұлы.

Ретті жерінде айта кетелік, Ақтілек Сәрсенов 1990 жылы Сырым ауданының Өлеңті ауылында өмірге келген. Сол ауылдағы Ж. Досмұхамедов атындағы мектепті тәмамдап, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде білім алған.

Университеттегі оқуы аяқталған соң облыс орталығындағы «Дәуір» академиясына түсіп, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен спорт нұсқаушысы мамандағын алып шыққан. 2010 жылдан бері ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқарады.

– 2015 жылдан бастап ат спортымен шұғылданамын. Атқа мінуді бала кезімнен ұнатамын. 2017 жылдан бастап ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балаларжасөспірімдер спорт мектебінде теңге ілудің қыр-сырын меңгеруге кірістім. Бұл спорт тиянақтылықты, ептілікті талап етеді. Атқа жүректі жігіттер ғана мінеді. Ұдайы атқа мінген бала шымыр келеді. Оның мінез-құлқы, өз-өзін ұстауы бірден өзгереді. Тез шешім қабылдап, ойын еркін жеткізеді. Келесі жылы Қытайда теңге ілуден әлем шемпионаты өтеді. Бұйырса, тыңғылықты дайындалатын боламыз. Қытайға жолдама алу үшін әуелі республикалық жарыста жеңіске жету шарт. Қазақстанда теңге ілуді жоғары деңгейде меңгерген спортшылар баршылық. Республикалық деңгейдегі жарыста да оза шабу оңай емес. Сол сайыста жеңіске жетсем, ел намысын Қытайда қорғайтын боламын, – деді Сейтектің Бекнұры.

Теңге ілуден күні кешегі V көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бекнұр Серіков 2001 жылы 18 мамырда Казталов ауданының Сарықұдық ауылында өмірге келген.

Сарықұдықтың сары даласында асыр салып, еркін өскен ұл сол жердегі негізгі мектептің 5-сыныбын аяқтаған соң отбасымен Орал қаласына қоныс аударған. Содан кейін облыс орталығындағы №1 мектепте оқыған. Төрт жылдай дзюдомен шұғылданған. Ол 2017-2020 жылдары Орал политехникалық-гуманитарлық колледжінде оқып, дәнекерлеуші мамандығын меңгерген. Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 2020 жылы ат тағалаушы ретінде жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда сол мекемеде қызмет атқаруда. Оған қоса Орал жоғары гуманитарлық-экономикалық колледжінің дене тәрбиесі және спорт факультетінде білім алып жатыр.

Бекнұр – теңге ілу бойынша Батыс Қазақстан облысынан шыққан жастар арасындағы тұңғыш ел шемпионы. Ол бүгінге дейін көптеген жетістікке жеткен. Талай жарыстарда жүлдегер атанды.  

Атап айтар болсақ, теңге ілуші 2018 жылы Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасында өткен ҚР шемпионатында, 2019 жылы Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған республикалық фестивальде, 2020 жылы Орал қаласында ересектер арасындағы облыстық жарыста, сондай-ақ 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жастар арасындағы республикалық сайыста жеңімпаз атанған. 2023 жылы Шымкент қаласында өткен Азия кубогінде бірінші орын алып, ол сол жылы «Алтын тұғыр» сыйлығын иеленді.

– Ат спортымен шұғылдануыма туған ағам Райымбек себепші болды. Ол да – бапкерім Ақтілек Бейбітұлының шәкірті. Ағам жылқы жайында әсерлі әңгімелеп, менің ат спортына ықыласымды оятты. Салт атпен серуендеу денсаулыққа аса пайдалы. Ат спортымен айналысқысы келетіндерге барынша дұрыс бағыт-бағдар беруге қашанда дайынмын, – дейді Бекнұр Серіков.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале