23.12.2020, 15:23
Оқылды: 281

Бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асуда?

Сейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру жөнінде жобалық кеңсенің отырысы өтті. Аталмыш бағдарлама аясында жасалған жұмыстарды қорытындылауға арналған жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев және қаржы институттарының өкілдері қатысты.

Ес

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басшысы Бақдәулет Ибраимовтың айтуынша, жыл басынан бері жобалық кеңестің 19 отырысы өткен. Өткен жылдан бастап облыста "қарапайым заттар экономикасы" жеңілдетілген несие беру мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны іске асыруға экономиканың басым салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатыса алады. "Аграрлық-кредиттік корпорация" және екінші деңгейдегі банктер кредиторлар болып табылатын бағдарлама бойынша кәсіпкер үшін кредит алу түпкілікті мөлшерлеме 6%-ды құрайды. Кредит сомасы шектелмеген, кепілдік беру тетігі бар. Кредит сомасынан 3 млрд. теңгеге дейінгі кредиттер бойынша 50%-ға дейін және 3 млрд. теңгеден асатын кредиттерге 30%-ға дейін кепілдіктер қарастырылған.

– Бүгінгі таңда облыста аталмыш бағдарлама аясында жалпы сомасы 30,7 млрд. теңгені құрайтын 232 жоба сүйемелденіп, 24,5 млрд. теңге сомасына 220 жоба мақұлданды. Мәселен, "Стекло-сервис" ЖШС-нің "әйнекті қайта өңдеу бойынша өндірістік кешенді жаңғырту" жобасының сомасы 510 млн.теңге, "Орал трансформатор зауыты" ЖШС-нің "панельді радиаторлар өндірісі" жобасының сомасы 1,9 млрд. теңге, "Талап" АҚ-ның "магнитті-резонансты томограф сатып алу" жобасының сомасы 860 млн. теңге және т.б. жобаларды келтіруге болады. Жобалардың ең көп үлесі аграрлық өнеркәсіптік кешен (АӨК) саласына тиесілі. Бұл бағытта жалпы сомасы 9,1 млрд. теңгеге 199 жоба несиеленді. АӨК саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеуде қаржыландырылған жобалардың үлесі 70,8%-ды, өңдеу өнеркәсібінде – 15,3%-ды, қызмет көрсету саласында – 13,9%-ды құрады. Бағдарлама «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ,   "Қазақстан Халық банкі", "Сбербанк", "АТФ Банк", "Нұрбанк"АҚ арқылы белсенді түрде іске асырылуда. Жобалардың басым бөлігі Орал қаласы, Сырым, Ақжайық аудандарында жүзеге асырылуда, - деп атап өтті Бақдәулет Ибраимов.

Бағдарлама нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында өңірімізде 258 жаңа жұмыс орны құрылып, 11 мыңнан астам мал басы және 28 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.

"Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы шеңберінде екінші деңгейдегі банктерде кәсіпкерлер үшін несие  6%-бен, кредиттің ең жоғары сомасы 7 млрд. теңгеге дейін беріледі. Жеткілікті кепіл болмаған жағдайда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85%-ға дейін және жұмыс істеп тұрғандары үшін 50%-ға дейін кепілдік беріледі.

"БЖК - 2025" бағдарламасы бойынша биыл 2,2 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде мақұлданған 190 жобаның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға 1,4 млрд. теңге бағытталған. Берілген кепілдіктер бойынша 476,2 млн. теңге сомасында сыйақылар төленді, гранттық қаржыландырумен 336 млн. теңге сомасында 80 жоба қолдау тауыпты.

"Даму "кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық  филиалының директоры Әсет Тілемісов "Даму" Қоры "ішінара кепілдік беру" сияқты қолдау құралын белсенді іске асырып жатқанын айтты.

–   Кепілзат қамтамасыз ету жетіспеген жағдайда кәсіпкерлер қор кепілдігін 85%-ға дейін ала алады. Жалпы, ішінара кепілдендіру  аясында өңірімзде  несиелердің жалпы сомасы 24,8 млрд теңгеге 707 кепілдендіру шарты жасалып, биыл 11 айда несиелердің жалпы сомасы 10,4 млрд теңгеге 236 шарт жасалды. Бұл 2019 жылғы жобалар санымен салыстырғанда 156%-ға артқан. Бағдарламалар бөлінісінде ең көп үлесті "Бизнес жол картасы - 2025" бағдарламасы шеңберіндегі кепілдіктер алады, - деді өз сөзінде Әсет Тілемісов.

Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау аясында облыста жалпы несие сомасы 158,2 млрд теңге болатын 1 мыңнан астам жобаға, оның ішінде 01.12.2020 жылға 12,9 млрд теңге болатын 190 жобаға қолдау көрсетілді. 2019 жылғы жобалар санымен салыстырғанда өсім 32%-ды құрады. Бұл бағытта белсенді жұмыс жасаған "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-71 жоба (37%), "Сбербанк"АҚ ЕБ-52 жоба (27%) көш бастап тұр.

– Бағдарламада салалық шектеулерсіз микро және шағын бизнес субъектілерін портфельдік субсидиялау және кепілдендіру құралы іске қосылды. Кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме 17,5%-дан аспауы тиіс, оның 6%-ын кәсіпкердің өзі төлейді, 11,5%-ын мемлекет өтейді. Бір қарыз алушыға кредит лимиті – 20 млн теңге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін. Қаржыландыру кәсіпкердің қызмет ету мерзіміне қарамастан, кредит сомасының 85% мөлшерінде "Даму" Қорының кепілдігімен жүзеге асырылады. Бұл құралдың ерекшелігі, банк несиелендірумен қатар "Даму" компаниясының қатысуынсыз өз жауапкершілігімен субсидиялау және кепілдендіру туралы шешім қабылдайды. Бұл микробизнес жобаларын қаржыландыру процесін айтарлықтай жеңілдетеді және жеделдетеді. 01.12.2020 ж. жағдай бойынша өңірде портфельдік кепілдендіруді қолданумен 173 жоба және портфельдік субсидиялауды қолданумен 77 жоба жалпы сомасы 787,9 млн теңгеге қаржыландырылды. Қордың қолдауының арқасында Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері соңғы 10 жылда жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге өнім шығарды, 152 млрд теңгеге салық төленді. 4,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды, - деп атап өтті Әсет Сағадатұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев атап өткендей, банктердің "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға деген көзқарасы әртүрлі. Мұны олардың жыл бойына бизнеспен жұмыс істеу динамикасынан байқауға болады. Егер олардың кейбіреулері жылдың басында сырттан келген болса, соңында олар әртүрлі жобаларға белсенді қатысып, көшбасшы болды.

Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін қадап айтты.

– Банктердің басты мақсаты – бизнеске көмектесу, өңір экономикасын қолдау. Өңіріміздің экономикасының дамуы – бизнестің өркендеуіне байланысты. Ал бизнесті дамытуда қаржы институттарының маңызы зор. Сондықтан осы саладағы әр маман бизнесті қолдауға жанашырлықпен қарау керек, - деп сөзін сабақтаған облыс басшысы банк басшыларына мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысты жақсарту жөнінде тиісті хат жолданатынын айтты. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы» мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық  филиалының ресми  сайттарының басты бетінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілетін жеңілдетілген несиелер туралы ақпараттың жоқ екендігі де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады.

Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда көш бастаған қаржы институттарының басшылығына ерекше алғыс білдіріп, көш соңында жүрген қаржы институттарын алдағы жылда белсенді болуға шақырды.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале