Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жылдағы дәстүрге сай «Жасыл ел» еңбек жасағы мен Студенттік құрылыс жасағының кезекті маусымы басталды.
Университеттегі «Жастар бастамасын дамыту» орталығы директорының орынбасары Мейрам Оспановтың айтуынша, бұл – маусымдық жұмысқа тартылған білім алушылардың тәжірибе жинақтауына және табыс табуға мол мүмкіндік. Жасақ сарбаздары университеттің көркеюіне, дамуына үлес қосып, оқу орнының аулаларын абаттандыру, көгалдандыру және құрылысқа көмектеседі.
Үш кезең бойынша ұйымдастырылатын маусымдық жұмыстарға жалпы 100 студент қамтылады. Алғашқы кезеңде 33 жас жұмыс жасайды.
Биыл бірінші жыл «Жасыл ел» қатарына қабылданған Меруерт Төреәлі – «Агротехнологиялық» институттың І курс студенті. Ол жұмыс жасап қана қоймай, өз мамандығы бойынша мол тәжірибе жинақтарына сенімді.
– «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы өзіміз білім алып жүрген университетімізді гүлдендіруге атсалысамыз. Сонымен бірге бұл жұмыс – бізге тәжірибе жүзінде де маңызды, – дейді ол.
БҚАТУ медиа орталығы