1.10.2024, 12:15
Оқылды: 101

БҚО-да 99 ауылға су жеткізіледі

Облыстағы 413 ауылдың 284-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл – ауылдардың 68,8%-ы. Биыл 35 мыңнан астам тұрғыны бар 22 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су желісін тарту жоспарланған.

22EA2EA0-E260-43CB-9A43-F2FDDFC306C8

Ол істі жүзеге асыру үшін 5,9 млрд теңге көзделген. Оған қоса, 1,8 мың тұрғыны бар 20 ауылға кешенді блок модуль орнату жоспары да бар екен. Ол туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев мәлімдеді. Егер аталған жұмыстар уақытында аяқталса, халықтың ауыз сумен қамтылу деңгейі 97%-ға жететін болады.

– 2025 жылдың соңына де­йін қалған 9 мың тұрғыны бар 99 елді мекенді таза ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету көзделіп отыр. Алайда елді мекендерді оңтайландыру, кей ауылдардағы халық санының кемуі жұмыс бастауға кедергі болуы мүмкін, – деді Әлібек Сайын­ұлы.

Құрылыс басқармасының басшысы ауылға су өткізу жұмысын мойнына алып, межелеген уақытта істі соңына дейін жеткізе алмаған мердігерлермен келісімшарт бұзылғанын айтты. Атап айтар болсақ, 2021 және 2022 жылдардан бері Абай, Талпын, Барбастау және Магистральный ауылдарын сумен жабдықтау жұмыстарын аяқтай алмаған «КазЕвроСтрой» ЖШС-мен арадағы келісімшарт бұзылған. Енді құрылыс жұмыстарын жергілікті мердігер атқаруда. Олар жыл соңына дейін су өткізу ісін аяқтауды жоспарлап отыр. Дәл осындай жағдайға Подстепный және Чапаев ауылдарындағы су құбырын қайта құру ісін мойнына алған мердігер тап болды.

Әлібек Сайынұлы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынған үйлер жайында да ақпарат берді. Айтуынша, өңірде 889 тұрғын үй құрылысы жоспарланған, оның 438-і аудандарда бой көтеріпті.  

– Тұрғын үйлер құрылысын 60-қа жуық мердігер жүргізді. Оларға құрылыс жұмысының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау керек екені тапсырылды. Бүгінгі таңда 851 тұрғын үй құрылысы аяқталып, тұрғындарға кілттері табысталды, – деді Әлібек Антазиев.

Облыстың бас құрылысшысының айтуынша, тұрғын үй салуға «ERG» компаниясы, «Kaz Azot», «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, «Ақжайық» қоры, «Демеу» қоры, «Жайық Мұнай» АҚ және «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС демеушілік көрсеткен.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале