9.08.2019, 10:12
Оқылды: 489

БҚО-да шөп шығымы бағаға әсер етуде

Өңіріміздегі егістік алқаптары мен шабындықтарда қызу жұмыс қарқын алды. Өйткені алты ай жаз да жылыстап өтіп барады.

shop seno

Биыл облыстағы мал қыстағына тұратын барлық төрт түлікке қажетті жемшөп 1 533 мың тонна құрайды екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, бүгінде мал азығын дайындауға қажетті барлық жағдай жасалып отыр. Облыстағы шөп шабу науқаны маусым айының бірінші онкүндігінде басталды. Ауыл шаруашылығы басқармасының есебіне сүйенсек, күні бүгін өңірде 717,0 мың тонна шөп дайындалған. Ал бұл қажеттіліктің 47%-ын құрайды. Биыл Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек, Бәйтерек және Теректі аудандарында шөп шығымдылығы жоғары деңгейде. Жәнібек аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Асылбек Қамашевтың сөзінше, аудан бойынша биылғы мал қыстату науқанына 110 900 тонна пішен дайындау жоспарланған. Бүгінде шаруалар 101 500 гектар жердің шөбін шауып, 49 946 тонна өнім алған. Шабындықтың әр гектары орта есеппен 4,6-5 центнерден өнім беруде.

– Өнім өткен жылмен салыстырғанда, екі есе көп. Десек те табиғи шөптің шығымдылығы әр округте әркелкі. Бұл көрсеткіш қыста түскен қардың қалыңдығына, көктемдегі, одан кейінгі кезеңдердегі жауын-шашынның түсуіне байланысты болып отыр. Мәселен, Талов, Жақсыбай, Борсы, Тау және Қамысты ауылдық округтерінде шөптің шығымдылығы жоғары, ал Күйгенкөл, Ақоба және Ұзынкөл ауылдық округтерінде орташа болып тұр, – дейді бас маман.

senokos

Өңірдегі кейбір аудандарда шөп шығымдылығы төмен екенін айта кеткен жөн. Басқарма мамандарының сөзінше, оларға жетіспеген мал азығын өздеріне жақын орналасқан аудандардан жеткізіп алу жағы қарастырылады.

Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтың айтуынша, биыл шөп шығымы жауын-шашынның аз түсуіне байланысты мардымсыз. Негізінен қуаңшылық аймаққа жататындықтан, ауа райының бұл қолайсыздығы жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Қаратөбеліктер мал азығын негізінен көл шөбінен дайындайды. Алайда биыл Қалдығайты мен Жақсыбай өзендеріне су келмей қалған. Сондай-ақ шөп шығымының аздығына былтыр далалық жерлердің өртеніп кетуі де себеп болуда. Ал бұл мал азығы бағасының өсуіне өз әсерін тигізері анық. Аудандағы Сулыкөл округінің шаруашылықтары жылда Қалдығайты лиман жүйесіндегі көлдің шөбін шауып келген. Көлге су түспегендіктен, шөп шығымы жоқ. Былтыр шабылған қырлық жерлерде де шөп шамалы. Өткен жылы бұл жерлерден 2 200 бума шөп дайындалған болса, биыл 1 000 бума ғана мал азығы шыққан.

«Орақ науқанын бастаған сулыкөлдік шаруалар амалсыздан бұрын шабылмаған қауданы аралас, ауылдан 30-35 шақырым жерлердің шөбін шабуда. Мұның өзі қосымша жағармайды қажет етеді. Округтердегі мал азығын жинау науқанына қатысып жатқан қожалық басшыларына шөп бағасын қымбаттатпау әрі аудан халқын шөппен қамту бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ауылға жақын жерлерді, жұмыс істемей тұрған қожалықтардың жерлерінің шөбін шабуға мүмкіндіктер қарастырылуда», – дейді бөлім басшысы.

Оның сөзінше, былтыр кей жерлерде рулон 1800-2 200 теңгеге, ең қымбаты 2 500 теңгеге бағаланған болса, биыл баға 2800-3 500 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Қаратөбе ауданында жоспардағы 62,8 мың тонна мал азығының күні бүгінде 24,8 мың тоннасы жиналып отыр. Мал азығының өнімділігі өткен жылдары әр гектарына 3,5-4 центнерден болса, биыл әр гектардың көрсеткіші 2 центнерден аспай тұр. Бөлім басшысының айтуынша, жазғы науқанға облыстан 75 тонна дизель отыны (литрі 179 теңгеден) бөлінген. Бірақ бұл бағаны шаруалар құптамай отыр. Өйткені облыс орталығындағы отынды алып келгенше, аудандағы жағармай бекетіндегі литрі 220 теңгеден сатылатын дизель отынының бағасы шығады екен.

Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыстағы егін орағына және күзгі далалық жұмыстарына 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге келісімшарттар бойынша бұл отынның бір литрі 179 теңгеден тікелей Орал қаласындағы мұнай базасынан берілуде.

seno

Шыңғырлау ауданында да шөп шығымы әр округте түрліше. Сегіз округтің екеуінде, яғни Ащысай және Шыңғырлау ауылдық округтерінде шөп шығымы нашар. Сондықтан да бұл жыл сайын шөбін шабатын Ащысай, Жаңакүш, Шыңғырлау, Шоқтыбай елді мекендерінде мал азығын дайындауға қиындық тудырып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Бисембаевтың айтуынша, бұл қиындықтан шығу жолдары қарастырылып, шөп шабуға болатын жерлердің тізімі халыққа ұсынылған. «Енді шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалар өздеріне мал азығын жиған соң, сатылымға шөп шығаруды ыңғайластыруда. Оның бағасы да халыққа тиімді болғанын қалаймыз. Қайткенде де қолдағы бар мал санын шөптің аздығынан кемітіп алмау қажет. Дегенмен де қомақты шөп жиған округтер де бар. Ақшат ауылдық округінде бір орама шөптің бағасы – 2500 теңге, Ақтауда 2000, ал Ақбұлақ, Ардақ, Алмазда 3000 теңгеден сатылуда. Шалғай Қарағаш ауылдық округінде бір орама – 1800 теңге. Ал Шыңғырлау мен Ащысайда шөп орамасы 5 000 теңгеден сатылуда. Көлігі бар жеке тұлғалар да шөптерін аудан орталығында саттыққа шығаруда», – дейді бөлім басшысы. Бұл ауданда қажетті 71 771 тонна шөптің 60 пайызға жуығы жиналып отыр.

Шыны керек, ел арасында биыл шөп бағасының қымбаттығы жиі айтылып жүр. Ал мал азығы құнының шарықтауы шөп шығымының нашарлығымен қоса, жанар-жағармай құнының және техниканың қосалқы бөлшектері бағасының аспандап өсуіне тікелей байланысты екені жасырын емес. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бойынша шөптің орташа бағасы, яғни бір тіркеме 27-30 мың теңге және орама (300 кг) 4000-5000 теңге шамасын құрайды.

Облыстағы 440,5 мың га шабындықтың 104 мың гектары көлтабандар болса, 5345,2 мың га жайылымдық жердің 12 мың гектары – көлтабандар. Жалпы, ауыл шаруашылығы жерлеріндегі шабындықтар мен жайылымдардың үлесі 84%-ды құрайды.Бұған қоса биыл құнды мал азығы ретінде 20,0 мың га бір жылдық шөптер, 0,9 мың га сүрлемдік дақылдар, 19,6 мың га көп жылдық шөптер егілген. Сондай-ақ 142 мың га алқапта өткен жылдардағы көп жылдық шөптердің егісі бар.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, өңірдегі астық алқабы 254,7 мың га құрайды. Жалпы, облыста жеті аудан егін шаруашылығымен айналысуда. Әзірше Бәйтерек, Шыңғырлау және Тасқала аудандарында егін өнімі жоғары көрсеткішке ие. Өткен жылы егін орағы биылға қарағанда ерте басталған. Дәнді дақылдар құрылымында бидайдың үлесі 189,8 мың гектар екен. Оның ішінде күздік бидай – 67,6 мың га және жаздық бидай – 122,2 мың гектар. Жемдік дақылдар – 48,1 мың гектар, оның 47,5 мың гектары арпа болса, сұлы – 0,6 мың га. Күздік қара бидай 10,0 мың га, тары 2,3 мың га және басқа дәнді дақылдар 4,5 мың гектарды құрап отыр. Қазір аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің берген жедел ақпараты бойынша айтсақ, облыстағы 248,2 мың га дәнді дақыл алқабынан 11,1 ц/га орташа өнімділікпен 64,0 мың тонна өнім алынып отыр. Алтын дәнді қамбаға құю жұмыстары жалғасуда.

Ал жасыл желекті өлкемізде биыл картоп және көкөніс-бақша дақылдары 9,6 мың гектарға отырғызылған. Оның ішінде картоп 4,1 мың га, көкөніс дақылдары 3,7 мың, бақша дақылдары 1,8 мың гектарды құрайды. Бүгінде әзірше тек Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандары және Орал қаласы бойынша көкөніс-бақша дақылдарын жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жоспарланған 4051 га картоптың 58 гектары жиналып, 135 ц/га өнімділікпен 781 тонна картоп жиналған. Ал биылға жоспарланған 3 703 га көкөніс дақылдарынан 141 ц/га өнімділікпен 3,6 мың тонна өнім алынған. Сонымен қатар 1816 га бақша дақылдарының 108 гектары жиналып, 116 ц/га өнімділікпен 1,3 мың тонна өнімге қол жетіп отыр.

Бидайды қамбаға құйып, қытымыр қыста қолға қарап қалатын малдың азығын дайындау ыждағатты жұмысты талап етеді.

Ясипа РАБАЕВА

Суреттер сайт мұрағатынан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале