9.03.2021, 9:20
Оқылды: 221

«Бөліссе, жеңілдейді батпан қайғы...»

Қара жол қасірет жолына айналғалы қашан! Тақтайдай тегіс жол салынғанда қуанған халық бүгінде сол жолға шыққан жолаушыларын үрейлене күтетін жағдайға жетті.

 ақ0

Жол жүру ережесін өрескел бұзып, жұлдыздай аққан жүйрік көліктер ажалына асығып бара жатқандай көрінетін болғаны жасырын емес. Биылғы ақпан айының аяқ шенінде Базартөбе ауылы бұрын-соңды болмаған батпан қайғы арқалап, аңырап қалды. Бес бірдей жас өмір қиылып, 20 бала жетім қалды. Бұл енді дұшпаныңа да тілемейтін сұмдық...

Осы оқиға құлағына тиген ақ шағала апамыз Ақұштап Бақтыгереева жол бұрыс, күн бұрқасын болса да, саулығының кінәратына қарамастан, бұрынғы базарлы ел, бүгінгі назалы ел – Базартөбеге арнайы ат басын бұрып, Жайықты «көктей өтіп» келді. Әрине, сол ауылдың перзенті болғандықтан, бұл менің жүрегімді тебірентті, ризашылық сезімге бөледі. Ақұштап апа екі бірдей қызынан қапыда айырылып қалған Төлеуғали Әленовтің, төрт немересін құшақтап қалған Серік-Бақытжамал Исаевтардың қаралы шаңырақтарына бас сұғып, Құран бағыштады. Қазаның ақыры қайырлы болсын айтып, соңындағы елге басу айтты. Ауа райының қолайсыздығы мен уақыттың тарлығынан және қазалы үйлердің кейбірі жабық болуына байланысты түгел көрініп шығу мүмкін болмады. Бірақ ауыл әкімі Боранбай Қыдырғожин жол бастап, еңбек ардагері Маруся Қабдеш ел атынан келушілерге рақмет айтып, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ҚР Мемлекеттік, халықаралық «Алаш» сыйлықтарының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның сәлемін барлық тұрғындарға жеткізетінін айтты. Ақын-ананың елге көңіл айту сапарында Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев бірге жүргенін айта кету парыз. Көктем мерекесі қарсаңында сәл де болса, қайғысы жеңілдеп, көңілдерінің жыртығын жамаған елмен бірге біз де көрегенділік, көсемдік танытқан азамат-ақынға алғысымызды білдіруді жөн санадық. Жат түгілі, жақынға мейірім-шапағат бөлу бәсеңдеген мына заманда, келер ұрпақтың ұмытыла бастаған халықтық қасиеттерге көңіл аударудың бір белгісі осы деп білдік.

Көлденеңнен аман болайықшы, халқым! Келе жатқан қыз-келіншектер мерекесі ана мен бала аман болсын деген тілекпен басталып, еліміз әлемді жайлаған індеттен ада-күде арылса деп тілейік!

 

Сағынтай Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале