28.01.2019, 11:16
Оқылды: 88

Еңбек ардагеріне құрмет көрсетті

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласының құрметті азаматы, ұзақ жыл лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған еңбек ардагері Роза Көжековамен кездесіп, мерейлі сексен жасқа толуына орай құрмет көрсетті.

Kuzhekova

27 қаңтар күні сексен жасқа толған Роза Лукьянқызын туған күнімен құттықтаған облыс басшысы мерейтой иесіне өңірдің дамуы жолында сіңірген еңбегі үшін алғыс айтты.

-Сіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтеру үшін аянбай еңбек еткен аға ұрпақтың өкілісіз. Ел мүддесі жолындағы еселі еңбегіңіз үшін мемлекет тарапынан көптеген марапаттарға ие болдыңыз. Сіз зейнет демалысында болсаңыз да, облыс деңгейінде ұйымдастырылатын қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып, ортақ іске жанашырлық танытып жүресіз. Қарапайымдылығыңыз және адами қасиеттеріңізбен жастарға үлгі болудасыз. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-кеңесіңіз бүгінгі жастар үшін аса қымбат,- деді Алтай Сейдірұлы.

А.Пушкин атындағы педагогикалық институтты тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастаған Роза Көжекова белсенділігімен және ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, алдымен жоғары комсомол мектебіне, кейін жоғары партия мектебіне оқуға жолданады. Уақытпен санаспай, қиындыққа мойымай ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек ете жүріп, өңірдегі жастар саясатының дамуына, идеологияның нығаюына үлес қосады. Кәсіподақ саласында жемісті еңбек етеді. Жеті жыл қатарынан Орал облыстық әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының меңгерушісі болып, халықтың ең әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдау бағытында қыруар жұмыс атқарады.

Зейнеткерлікке шыққан соң да, қоғамдық өмірден алыстамай, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша облыстық және қалалық қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жетекшісі болды. Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерінің, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің аналарының әлеуметтік мәселелерінің оңтайлы шешілуіне белсенді үлес қосып келеді. Қазіргі таңда облыстық ардагерлер кеңесінің және Батыс Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Аналар кеңесінің» мүшесі болып табылатын Роза Лукьянқызы жас буынға Отанға адал қызмет етудің шынайы үлгісін танытып келе жатқан аға ұрпақ өкілі.

Динара Жұмабекқызы,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале