6.05.2022, 12:00
Оқылды: 287

Ескерткіш тақта ашылды

Ұлы Отан соғысының ардагері, Батыс Қазақстан облысының, Орал қаласының Құрметті азаматы Мұхтар Әжіғұловтың құрметіне шаһардағы өзі тұрған Қасым Аманжолов көшесі 116-үй мекенжайында ескерткіш тақта орнатылды. «Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін» және бейбіт күндегі «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» секілді орден-медальдарының иегері, полковник Мұхтар Әжіғұловтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, батырдың майдандағы  ерлігі мен бейбіт замандағы өңірдің дамуына қосқан үлесі туралы айтты.

02

– Бүгін біз соғыс және еңбек ардагері, қазақтың біртуар азаматы Мұхтар аға Әжіғұловтың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Ол майдан даласында от кешіп, соғыстан соң ел тыныштығын сақтауда, татулықты насихаттауда зор үлес қосты. Өкінішке орай менің ол кісімен емен-жарқын әңгімелескен сәттерім көп болған емес. Алайда замандастарының, облыс тұрғындарының жарқын естеліктерін тыңдап, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларды оқыдым. Сталинград шайқасында танкілерге қарсы қарумен аттанғанының өзі ерліктің, батырлықтың белгісі еді. Ұлы Отан соғысынан кейін жарты ғасырға жуық өңірдің дамуына үлес қосты. Жас ұрпаққа Отанды сүюді, ата-ананы құрметтеуді үйретті. Ғұмыры үлгілі азаматтың артында жоқтаушысы барда есімі өшпек емес. Ерлігі елдің жадында мәңгі сақталады, –  деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

03

Айта кетсек, Мұхтар Әжіғұлов  1922 жылы Бөкей ордасы ауданы, Батырбек ауыл кеңсесінде дүниеге келген. Аудандағы М.Горкий атындағы Орда орта мектебін бітіреді. 1942 жылы әскер қатарына алынып, майдан даласына аттанады. Дон, Воронеж, I, II Прибалтика майдандарында ерлікпен шайқасты. Соғыс аяқталған соң елге сержант шенінде оралды. Одан кейінгі ұзақ жылғы еңбек жолында бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестің депутаттығына, партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. Майдан даласындағы  ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған еді.

Батырдың құрметіне қойылған ескерткіш тақтаның пердесін облыс әкімі Ғали Есқалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, медицина саласының ардагері Бақтығали Ахметов ашты.

04

– Мұқас – бір атаның емес, елдің ұлы. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, елге аман-есен оралды. Содан соң халықтың әл-ауқатын көтеріп, елдің көркеюіне үлес қосты. Бүгін, міне, халқы оған ескерткіш тақта орнатуда. Қазақта «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер»  демекші, Мұхтардай азаматымызды құрметтеуіміз – елдігіміздің  нығайғанының белгісі. Марқұмның жатқаны жері жарық, топырағы торқа болсын. Елге еңбегі сіңген батырларымыз осылай ұлықталып, Отанын сүйетін жас ұрпақ өсе берсін, –  деді Бақтығали Ахметұлы.

06

Салтанатты іс-шара соңында Мұхтар Әжіғұловтың қызы Қашура Мұхтарқызы облыс басшылығы мен жиналғандарға алғысын айтып, аналық ақ жарма тілегін жеткізді.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Фотосурет авторы: Р.Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале