24.11.2026, 14:30
Оқылды: 31

GosAgro.kz порталында субсидиялау мәселелері бойынша кеңес беретін жасанды интеллект чат-боты іске қосылады

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдау көрсетуге арналған GosAgro.kz порталында жасанды интеллект негізіндегі чат-бот әзірлеуде.

eb55d14460df3c8d376ebafff922b37f1171d8179c03fc268c70e43d0f65fd4a_1280x720

Жаңа сервис ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия алу шарттары мен тәртібі, өтінім берушілерге қойылатын талаптар және қажетті құжаттар жөнінде кеңес алуға мүмкіндік береді. Осылайша, фермерлер мамандарға жүгінбей-ақ, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап таба алады. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары туралы қажетті ақпаратты алуды жеңілдетіп, өтініштерді қарау міндеті жүктелген қызметкерлердің жұмыс жүктемесін азайтады.

Бұл агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі. Қазіргі уақытта министрлік жасанды интеллект технологияларын ветеринария, өсімдік шаруашылығы және жер мониторингі салаларында да енгізу бағытында жұмыс жүргізуде.

Мәселен, ветеринария саласында жасанды интеллект негізіндегі көмекші жануарларды сәйкестендіру жүйесі мен ISZH Mobile мобильді қосымшасында сынақтан өткізілуде. Ол ветеринария мамандарына, соның ішінде ауылдық округтерде қызмет ететін мамандарға, көшпелі жұмыс барысында қажетті анықтамалық ақпарат алуға және кәсіби мәселелер бойынша кеңес алуға көмектеседі. Сынақ кезеңінде аталған көмекшіге еліміздің барлық облысынан сұраныстар түскен. Оны негізінен ауылдық округтердің ветеринария мамандары пайдаланған.

Өсімдік шаруашылығы саласында жасанды интеллект негізіндегі кеңесшіні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаңа қадағалау жүйесіне енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе өнімнің қозғалысын егіс егуден және егін жинаудан бастап, оны сақтау, өңдеу және экспорттау кезеңдеріне дейін бақылауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды бағыт – JerInSpectr жүйесі арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге спутниктік мониторинг жүргізу. Ақмола облысында жүзеге асырылған пилоттық жоба төрт ауылдық округ аумағындағы 3 550 шаршы шақырым жерді қамтыды.

Жоба аясында мамандар 120 нүктеде далалық зерттеу жүргізіп, 111 топырақ кесіндісі мен 85 агрохимиялық сынамаға зертханалық талдау жасады. Зерттеу нәтижелері спутниктік түсірілімдермен, жер бедері туралы деректермен және көпжылдық метеорологиялық бақылаулармен салыстырылды. Жасанды интеллект алгоритмдері топырақтың тозу белгілерін анықтау және проблемалық учаскелерді айқындау үшін қолданылуда. Келесі жылы бұл әдістемені Ақмола облысының бүкіл аумағына енгізу жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта аталған цифрлық шешімдер Digital Agro Platform бірыңғай цифрлық платформасы мен Smart Data Agro деректер қоймасы аясында одан әрі дамытылады. Әртүрлі салалық жүйелердегі ақпаратты бір ортаға біріктіру деректерді талдау және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану аясын кеңейтеді.

Атап айтқанда, жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін болжау, ветеринариялық және фитосанитариялық тәуекелдерді бағалау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге практикалық ұсынымдар әзірлеу үшін пайдалану көзделген.

Осылайша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенде цифрлық технологияларды қолдану аясын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Басты мақсат – фермерлердің мемлекеттік қызметтер мен қажетті ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдету, салалық процестердің тиімділігін арттыру және басқарушылық шешімдердің сапасын жақсарту.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале