8.05.2023, 11:40
Оқылды: 229

Иван Гапичке «Халық қаһарманы» атағы берілді

Бүгін облыс әкімдігінде актив отырысы өтті. Оған соғыс және еңбек ардагерлері, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Жиында облыс әкімі Нариман Төреғалиев ҚР Қарушы күштері күні және 9 мамыр Жеңіс күнімен құттықтады.

1 (28)

- Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кешегі Бүкілармиялық кеңесте «Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз» деген болатын.
Осы қастерлі борышты мінсіз атқарып келе жатқан барша азаматты Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

1 (78)

Сонымен қатар қайғысы мен қуанышы қатар жүретін қастерлі мерекелердің бірі – Ұлы Жеңіс күні.
Соғысты есту оңай болғанымен, көру қиын. Оны соғыс жылдары от кешкен ардагерлеріміз жақсы біледі. Осындай азапты жолды азаттық үшін жүріп өткен әкелеріміз бен аталарымызды, аналарымыз бен әжелерімізді ұлықтайтын Жеңіс күні құтты болсын! Жау әскерінің табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыстың алапат өрті облысымыздың Жәнібек, Бөкейордасы аудандарын шарпып өтті. Біздің өңір соғыс кезінде майдан шебіндегі аймақ ретінде Ұлы Жеңіске қосқан үлесі зор. Майданда аталарымыз жаумен алысса, тылда аналарымыз аянбай еңбек етті, - деген Нариман Төреғалиұлы соғыс ардагері Иван Гапичке мемлекеттік награданы табыстады.

1 (92)

100 жасаған соғыс ардагеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені берілді.

«И.С. Гапичке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы

2023 жылғы 08 мамыр Қаулы етемін:
1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жеңіс Парадының қатысушысы Иван Степанович Гапичке «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын», делінген Президент жарлығында.

Иван Степанович еңбегін жоғары бағалаған президентке алғыс жеткізіп, мерекемен құттықтады.

1 (160)

- Жеңіс күні және 100 жылдық мерейлі жасым қарсаңындағы марапат үшін Президентке шексіз алғыс айтамын.  100 жасқа жету көп адамға бұйыра бермейді. Қан майданда соғысып, мемлекетке адал қызмет еттік. Мереке құтты, еліміз аман болсын, - деді ардагер.

1 (188)

Иван Степанович – 1945 жылы 24 маусымда Мәскеу қаласында өткен Жеңіс шеруіне қатысқан жауынгер. 1923 жылы 2 ақпанда Ақмола қаласында туған.
Айта кетейік, ардагер заң саласында еңбек етті. Отыз бес жылдық прокурорлық еңбек өтілін Қарағанды қаласында бастап, Батыс Қазақстан облысында аяқтаған.
Ал 1986 жылдан бері құрметті еңбек демалысында.

1 (166)
Иван Степанович - І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Жауынгерлік даңқ», «Құрмет» ордендері мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының және «КСРО прокуратурасының құрметті қызметкері», «Қазақстан прокуратурасының құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері.

Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан облысынан 76 мың жауынгер соғысқа аттанып, олардың 36 мыңы ұрыс алаңында қаза тапқан.

1 (356)

1 (259)

1 (234)

1 (281) (1)

1 (11) (1)

Динара Насыр,
Фото: Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале