10.07.2021, 15:15
Оқылды: 462

Қариялар екпе алды

Осыдан алты ай бұрын коронавирус дертімен ауырған 80 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлер Орал қаласындағы №3 емханаға келіп, ресейлік «Спутник V» екпесін қабылдады. Аталған емханаға екпе алуға ерлі-зайыпты Беляктардың жұбымен бірге олардың қызы мен немересі де келіпті. Екпе қабылдау бөлмесінде қос қарияның немересі, облыстық тері венерологиялық диспансердің бас дәрігері Екатерина Ольховскаяны сөзге тарттық.

20210710_150521

– Жыл басынан коронавирус лаңы отбасымызды түгел жайлап алды деуге болады. Алдымен інім, оның ізін ала әжем Лидия Михайловна ауырды. Олардың ауруы бірден басталды. Алдымен дене қызуы көтеріліп, өте жоғары деңгейде болды. Бұған құрғақ жөтел мен қатты әлсіздік қосылды. Бастапқыда үйде емделді. Өзім медицина қызметкері болғасын оларға вирусқа қарсы дәрілер мен антибиотиктер бердім. Алайда әжемнің жағдайы нашарлады. Компьютерлік томография оның созылмалы бронхит екенін көрсетті. Екі күннен кейін қызуы көтерілді. Жұқпалы стационарға жатқызғанда әжемде өкпенің қабынуы  40 пайыз болды. Айтайын дегенім - коронавирус арамза дерт. Ауру өте жылдам жетіліп, 2-3 күннен кейін жеңіл бронхит өкпенің қабынуына әкеліп соғады. Әжемнен соң көп кешікпей атам Владимир Николаевич та госпитальға жатқызылды. Стационарда олар 21 күн емделді. Атамда өкпе қабынуы аздау болғанымен ауруы өте тез асқынып кетті. Коронавирустың нәтижесінде ол екі рет микроинсульт алды, - дейді Екатерина Ольховская бізбен әңгімесінде.

20210710_150632

Оның анасы Марина Владимировна да қауіпті дертке ұшыраған. Ол стационарға жатып емделмегенімен, өкпе қабынуы болып, қатты буын  ауруына ұласқан. Коронавируспен Екатеринаның өзі де ауырған. Енді міне, жарты жыл өткен соң бұл отбасы өздерін және тума-туысқандарын қатерлі, жұқпалы дерттің қайталануынан сақтау үшін екпе алуға шешім қабылдап, емханаға келген екен.

– Біз, әрине, мұндай шешімді өз қауіпсіздігіміз үшін қабылдадық. Егер екпе алғаннан кейін сырқаттансақ, онда аурудың жеңіл немесе орташа түрімен науқастанып, құдай сақтасын, өлімге әкелетін түрінен аулақ боламыз ғой. Бұл шешімді қабылдар алдында адамзатты аса қауіпті жұқпалы аурудан құтқарған екпенің қажеттілігін баяндап, одан, яғни екпеден өту туралы жазылған біраз әдебиеттерді оқыдық, сенімді дерек көздерін ақтардық, медицина саласындағы сарапшылардың пікіріне құлақ түрдік. Дәрігер ретінде барлық тұрғындарды өздерінің, жақын-жуықтарының болашақтағы денсаулығы хақында мықтап ойлануға шақырамын. Туған-туысқандардан айырылу өте ауыр, шынымен де қиын жағдай. Сондықтан екпе алудан қорқып, қашқақтауға болмайды, - деп түсіндірді  Екатерина Ольховская өз сөзінде.

20210710_150540

Екатеринаның атасы Владимир Беляктың қазіргі жағдайы жақсы. Қан қысымы түскен, дене қызуы қалыпты. Ол біздің көз алдымызда екпе алып болғаннан кейін өзінің пікірімен бөлісті.

– Екпе еккенде мүлдем ауырған жоқ, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ал қыста қалай қатты ауырғанымды еске алсам, бойымды қорқыныш билейді. Жұбайым екеуміздің денемізде  қатты қызу болып, ұзақ уақыт сақталды. Өмір мен өлімнің ортасында күй кештік. Тәулік бойы ұйқы болмады. Жұбайым, тіпті, ес-түсінен айырылып қалды. Бізді қауіпті індеттен сауықтыру жолында бар білімін, біліктілігін  аямаған дәрігерлерге шексіз алғысымызды білдіреміз. Өздеріңіздің денсаулықтарыңызды мына қатерлі індеттен қорғау үшін дер кезінде екпе алыңыздар. Вакцинаға қарсы сан түрлі алып-қашпа сөздер айтып жүргендердің уәжін тыңдамаңыздар дер едім. Дүние жүзінде осы коронавирустан осыншама мыңдаған адамның ана дүниеге аттанып жатқанынан хабардарсыздар ғой. Сондықтан адамзатты құтқаратын тек вакцина екендігіне көз жеткізіңіздер.  Істің байыбына бармай, үстірт қимыл-әрекетке салынбай, ұшқары, жеңіл-желпі ойлаудан аулақ болып,  екпе алудың пайдасын жіті ұғыныңыздар, - деді Владимир Николаевич.

20210710_150605

Қаладағы №3 емхананың медициналық қызметкерлерімен сөйлескенімізде, соңғы кезде мұнда екпе алушылардың қатары көбейе түскендігін аңғардық. Күн сайын орта есеппен алғанда аталған емханаға вакцина қабылдауға 500 адамға дейін келетін көрінеді.

– Біздің емханада екпе алу науқаны басталғаннан бері 9320 адам егілсе, соның ішінде 6 мыңға жуық адам ресейлік «Спутник V» вакцинасын қабылдады. Қазір екпенің 4 түрінің ішінде бізде тек осы ресейлік вакцина бар, - дейді аталған емхана директорының орынбасары Куляра Нұрышева.

20210710_150734

20210710_150649

20210710_151722

20210710_150707

Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале