26.12.2022, 17:15
Оқылды: 133

«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»

Қай салада болмасын отансүйгіштік және патриотизм ұғымы маңызды рөл атқарады. Соның ішінде әскер қатарында сарбаздарды еліне деген сүйіспеншілікке, өз Отанының патриоты болуға ерекше тәрбиелейді. Әскер қатарында қызмет етіп жатқан сарбаздар әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, бір жылдан соң үйлеріне нағыз ер-азамат болып оралады.

Орал қаласының 5517 әскери бөлімінде өздерінің Отан алдындағы міндеттерін атқарып жүрген сарбаздарды әңгімеге тартқан едік

F00B0F90-CCB2-4B98-8BA4-434D17746A9B

Қатардағы жауынгер Момеджүнісов Ерасыл:

​– Мен әскер қатарына Атырау облысынан осы Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне шақыртылдым. Алғашқы жас сарбаз дайындық курсында әскери өнердің бәрін меңгеріп алдым. Әскери іс менің достарым ойлағандай қиын емес. Сондай-ақ әскерге дейін әскерилер туралы естіген сөздердің жалған екеніне көзім жетті. Ойлап отырсам сол айтушылар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді көздеушілер екен.

Ал бүгін әскери өмірдің ыстық-суығын арқалап жүрген қарулас достарыма ризамын. Біз әскерде жүргендер «әскерден қашатындардан» көш ілгеріміз. Бетегеден биік, бір саты жоғары тұрмыз деп айта аламын. Себебі, біз біріншіден, Отан алдындағы міндетімізді, ел-жұрт алдындағы қасиетті өтелуге тиіс борышымызды абыроймен өтеудеміз. Екіншіден, өзімізді нағыз жігітпіз деп толық баға беруге болады. Кез келген әскери ортада өзіңе жүктелген міндетті атқаруымен бірге, олардың әрқайсысының тыныс-тірлігі бар. Біз қызмет атқаратын әскери бөлімде бір күніміз екінші күнге ұқсамай өтіп жатыр. Сарбаздардың жеке басының рухани қажетін байыту үшін түрлі тақырыптық кештер ұйымдастырылып, мәдени шаралар өтеді. Ұзын сөздің қысқасы, әскери өмірді қай жағынан алып қарасақ та, өзіндік мән-мағынаға ие. Олай болса міндетімізді жігіт атына лайықты етіп атқарайық.

C1FD0FB3-01D2-4280-A80B-AAA148F4E268

Қатардағы жауынгер Нұрланов Дәулеткелді:

– ​Әскердің міндетін жастар әскерге шақырылмай жатып-ақ біледі деп ойлаймын. Мектеп бағдарламасында оқытады, мектепте болмаса, әскерге барып келгендерден әскер жайын естиді дегендей, әйтеуір бір түсінік алады. Демек, Ұлттық ұланның қандай қызмет атқаратынын көптеген жастар біліп келеді десек артық айтқаным емес. Алайда естіген мен көрген бірдей емес. Қолмен ұстап, көзбен көріп, жүректен өткізген соң әскери қызметті танып білесің.

Мен өзім әскерге келердің алдында жақсы дайындалдым. Әсіресе спортпен, оның ішінде күреспен ерекше айналыстым. Соның септігі қазір тиіп жүр. Сондықтан әрбір жасты салауатты өмір салтын серік етіп, денсаулығын шынықтыру жолында спорттан қол үзбеуге шақырамын.

97DF1D41-22FC-49AA-B396-2D5F13D63C0D

Қатардағы жауынгер Отарғұлов Мұса:

​– «Сарбаз» болып туылмайды, қалыптасады» деген сөз біз үшін таңсық емес. Бұны мен әскерге дейін талай естігенмін. Әскерде жүріп-ақ жеке бастың рухани байлығын байытамын деген жанға мүмкіндік мол. Тіпті ұйымшылдықпен ұжымдасып істеудің өзі бір қызық. Әскерге келерде өзгеше бір өмірге тап болармын деп өзімді ерте бастан дайындадым. Жақсы командирлер қарамағына түсіп, бәрі сәтті басталды.

Әскерде қызмет ету - әрбір адамның Отан алдындағы борышы. Мен де жолдастарымнан қалыспай, елімнің тыныштығына үлесімді қосып жүрмін.

Әңгімелескен Ертуған Әубакир,

Орал қаласының 5517 әскери бөлімі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале