Қазақстанда жол бойындағы қызмет көрсету жүйесі жаңармақ. Республикалық және халықаралық автожолдарда көпфункционалды кешендер салу, нысандардың цифрлық картасын әзірлеу, оларды орналастырудың бірыңғай жоспарын жасау және инвестиция тартудың жаңа тетіктерін енгізу көзделген. Бұл өзгерістер Көлік министрлігі 2026 жылғы 14 қазанда бекіткен Жол бойындағы сервисті дамыту жоспарында қамтылған.

Сурет: kz.qaj.kz
Жоспарды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мемлекеттік органдармен, инвесторлармен және кәсіпкерлермен бірлесіп жүзеге асырады.
Бірінші жаңалық – көпфункционалды қызмет көрсету кешендерін дамыту.
Енді бірнеше қызмет түрін бір жерге шоғырландыру көзделіп отыр. Мұндай кешендерде жанармай және газ құю бекеттері, электромобильдерді қуаттау станциялары, дәмханалар, қонақүйлер, санитариялық тораптар, техникалық қызмет көрсету және көлік жуу орындары, дүкендер, автотұрақтар мен демалыс алаңдары орналасуы мүмкін.
Кешендердің көлемі мен қызмет түрлері жолдың санатына, көлік қозғалысының қарқындылығына және жүргізушілердің сұранысына қарай белгіленеді. Көлік аз жүретін бағыттарда шағын алаңдар, ал қозғалысы қарқынды жолдарда ірі кешендер ашу жоспарланған.
Екінші өзгеріс – қызмет көрсету нысандарын орналастырудың бірыңғай жоспарын әзірлеу.
Жаңа нысандарды салу кезінде қолданыстағы жанармай құю бекеттері, дәмханалар, инженерлік желілер, көлік айрықтары, демалыс орындары мен бос жер телімдері ескеріледі.
Сондай-ақ көлік қозғалысының қарқындылығы, алдағы жылдардағы көлік ағыны және жол маңындағы аумақтардың даму мүмкіндіктері назарға алынады. Жоспар қажеттілікке қарай жаңартылып отырады.
Үшінші жаңалық – жол бойындағы сервисті цифрландыру.
Жоспар бойынша төрт цифрлық құрал енгізіледі:
Бұл құралдар жол бойындағы қызмет көрсету орындары туралы мәліметтерді жүйелеп, жүргізушілерге қажетті ақпаратты қолжетімді етеді.
Төртінші өзгеріс – кәсіпкерлер мен инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсыну.
Жол бойындағы сервисті дамыту үшін болашағы бар жер телімдері алдын ала белгіленіп, құрылысқа резервке қойылады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тиісті қолдау көрсетіледі.
Бюджет қаражатынсыз салынатын нысандар конкурстық негізде іске асырылуы мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері қарастырылған.
Бұдан бөлек, роялти төлемдерін енгізу көзделген. Бұл – инвестордың жоба үшін берілген дайын аумақтарды немесе өзге де нысандарды пайдалану құқығы үшін ұлттық операторға мерзімді түрде төлейтін ақысы. Оның мөлшері мен төлеу тәртібі конкурс құжаттары мен шарттарда белгіленеді.
Бесінші бағыт – қызмет көрсету сапасы мен жол қауіпсіздігін арттыру.
Жаңа кешендер ҚР СТ 2476-2021 ұлттық стандартына сәйкес дамытылады. Жүргізушілер мен жолаушылардың санитариялық тораптарға, демалыс орындарына және техникалық қызметке қол жеткізуіне ерекше көңіл бөлінеді.
Қазір жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын республикалық автожолдар бойында 1 428 қызмет көрсету нысаны бар. Оның 1 329-ы, яғни 93 пайызы, ұлттық стандарт талаптарына сай.