2026 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,64 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9% артық, деп хабарлайды ҚР Ұлттық статистика бюросы.

Фото: zhaikpress.kz
Есепті кезеңде жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-километрді құрады (жолаушылар айналымы – тасымалданған барлық жолаушының жүріп өткен қашықтығының жиынтық көрсеткіші). Бұл өткен жылдың қаңтар-қазан айларымен салыстырғанда 8,1%-ға өсті.
Жолаушыларды барлық қатынас түрлері бойынша тасымалдаудан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті.
Жолаушылар тасымалының негізгі көлемі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Он айда бұл көлік түрлерімен 1,61 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артық. Аталған көлік түрлерінің жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-километрді құрап, 9,5%-ға өсті.