ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, еліміздің үш әскери жоғары оқу орнында – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтында және Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында талапкерлерді конкурстық іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: gov.kz
Үміткерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, медициналық тексерістен өтіп, дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтер тапсыруда. Оқуға түсушілер арасында ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинағандар мен мерзімді әскери қызметтегі «Сарбаз 2.0» бағдарламасының иегерлері де бар.
Радиоэлектроника және байланыс институтына 400 үміткер құжат тапсырған, мұнда ақпаратты қорғау мен радиоэлектрондық барлау мамандықтарына сұраныс жоғары. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп «Әскери журналистика» және Құрманғазы атындағы консерваториямен бірге «Әскери дирижерлеу» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар іске асырылуда. Әуе қорғанысы күштері институтына 525 өтініш түсіп, «әскери ұшқыш» пен «әскери медицина» мамандықтары көш бастап тұр. Алғаш рет авиациялық тыл мен әуеайлақтық қамтамасыз ету бағыттары ашылды. Сондай-ақ М. Оспанов атындағы БҚМУ-мен бірлескен әскери-медициналық жоба мен Ш. Есенов атындағы университетпен (Ақтау) бірлесіп Әскери-теңіз күштерінің болашақ офицерлерін даярлау бағдарламасы қолға алынған. Ал Құрлық әскерлері институтында мотоатқыштар, танк және артиллерия бөлімшелерін басқару мамандықтары бойынша конкурс жоғары болып отыр.
Конкурстық іріктеуден сәтті өткен үміткерлер мандаттық комиссияның шешімімен курсанттар қатарына қабылданады.