19.09.2026, 18:30
Оқылды: 47

Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі: Астанада арнайы көрме өтті

Астанада қазақы тазылардың тұқымдық сапасын бағалауға арналған «Қазақы тазы» моно тұқымдық көрмесі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

73bb77b792621429055b5b18bbe7e490d2f7d232a21ed8348500d4c6d0876285_1280x720 (1)

Фото: gov.kz

Моно тұқымдық көрме барлық ит тұқымдары қатысатын халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге таныстыруға мүмкіндік берді. Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтіп, олардың тұқымдық ерекшелігі мен белгіленген стандарт талаптарына сәйкестігі қаралды.

Көрменің тағы бір бағыты тұқымдық байқау болды. Мұнда иттердің тұқымдық сапалары бағаланып, талаптарға сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі «Иттің шығу тегі туралы» куәлік берілді. Бұл құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның шығу тегі туралы нақты мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты тек көрмеде үздік иттерді анықтау емес, қазақы тазыларды жүйелі түрде асылдандыру екенін атап өтті.

d7a69e4d9d9b56e390c6c452b090ab265811ffac70084bb19698277ae22a9b57_1280x720

«Иттерді халықаралық деңгейде мойындату үшін олардың асыл тұқымды болуы маңызды. Сонымен қатар ұрпақтарының ата-тегі, ата-анасы туралы нақты мәліметтерді қалыптастырып, халықаралық кинологиялық федерацияға дәлелдей алу қажет. Бұл ретте ауылдық жерлердегі тазыларды да есепке алу өте маңызды.

Бүгінде моно тұқымдық көрмеге тиісті құжаттары бар иттер қатысады. Сонымен қатар тұқымдық байқау да қатар өткізіліп жатыр.

Елімізде ресми есепке алынған төрт мыңнан астам тазы бар. Алайда ауылдық, өңірлік жерлерде есепке алынбаған тазылар да бар. Олардың барлығын тіркеп, есепке алсақ, асыл тұқымды тазылардың саны алты-жеті мыңға жетуі мүмкін.

Тазы – біздің мәдениетіміз, көшпенділер тарихының бір бөлшегі. Сондықтан оны халықаралық деңгейде таныту үшін қазір іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тазы тек қана ит тұқымы емес, біздің тарихымыздың бір бөлігі. 2024 жылдан бері қазақы тазы ресми түрде тіркелді. Мемлекет басшысы да тазы тұқымының көбеюіне көңіл бөліп отыр.

Мысалы, Жетісу облысында тиісті ұлттық орталық салынып жатыр. Сондықтан бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау да жоғары», – деді Қазақстан кинологтар одағының президенті.

Іс-шара барысында қазақы тазының тұқымын сақтауға, асылдандыруға, аңшылық бағытында дамытуға және ұлттық ит тұқымын насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар маман мен сала өкілдері марапатталды.

Олардың еңбегі тазы тұқымын дамытуға бағытталған жұмыстың бір бөлігі ретінде атап өтілді.

Көрме қорытындысында Қарағандыдан келген қатысушы Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы жеңімпаз атанды. 79 жастағы тазы иесі бұл кәсіппен алты жасынан бері айналысып келе жатқанын айтты.

dd11ae3c84d200c441f5f5985e8db7965aa93ded798c028cbf2a1aa9bca00ac0_1280x720

«Елес есімді тазым бүгін жеңімпаз болды. Босағамыздан тазы арылған емес. Алты жасымнан бастап тазы асырадым. Бүгінде 79 жастамын. Осы уақыт ішінде қолымнан 50-60 тазы өтті. Қазір екі асыл тұқымды тазы ұстаймын.

Бүгін тазым тұқымның критерийлеріне сәйкес келіп, жеңімпаз атанды. Бұған дейін де тазы асыраудан көптеген көрмеде жеңіске жеттім. Шетелдегі тазы көрмелерінде де жүлде алған кездерім болды», – деді көрме жеңімпазы Рамазан Есейов.

Қазақы тазыларды жүйелі түрде тіркеу мен олардың шығу тегін бақылау тұқымның болашағы үшін маңызды бағыттың бірі. Бұл қазақы тазылардың тұқымдық ерекшеліктерін сақтап, жауапты асылдандыру жұмысын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале