17.09.2024, 11:15
Оқылды: 88

Киік мәселесі оны атумен шешілмейді

Кейінгі жылдары жауын жаумай, қуаңшылық салдарынан баққан малдарына беретін су көздерін, шабындық-жайылым жерлерін көздерінің қарашығындай қорғап отырған ауыл тұрғындарын, әсіресе мал ұстаған жеке шаруа қожалықтарын киік мәселесі әбден титықтатып жіберді. Егін салып, мал баққан шаруалардың мазасын кетіріп, мал жайылымы мен шабындыққа ортақтасып, егінді таптап, үлкен шығынға ұшыратып жатқандарын айтып, шаруалардың дабыл қаққанына да бірнеше жылдың жүзі болды.

149CD4B3-8A3B-4CDE-B37D-63D40995D3EC

Суретті түсірген: Мейірбек Тәжқұранов

Әрине, Үкімет бұл жағдайды естіп-білмей отыр деуге болмайды. Осы салаға тікелей жауапты ҚР Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті тарапынан бұл мәселеге байланысты бірқатар шаралар қолға алынып жатқанымен, шынын айту керек, оңды нәтиже жоқтың қасы.

Айта кетейін, киік мәселесін біздің республикалық «Қансонар» қауымдастығы осыдан үш жарым жыл бұрын көтерді. Киіктің шаруаларға тигізіп  жатқан орасан зор зияны  туралы министрлікке және осы жағдайға тікелей жауапты министрліктің жануарлар дүниесі комитетінің мамандарына, басшыларына жеткізген болатынбыз. Алайда олардың тарапынан ешқандай іс-әрекет болмағандықтан, сол кездегі премьер-министр  Асқар Маминнің атына республикалық «Қансонар» қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов хат жолдаған (шығыс №31, 12. 07.2021 ж.). Үкімет басшысы хатты қайтадан министрлікке жолдап, министрліктен біз көтерген мәселелерге қатысты болашақ жұмыс жоспарлары туралы сол кездегі вице-министр Әлия Шалабекова қол қойған, жауап алдық. Қағаз жүзінде алдағы уақытта біраз іс-шаралар жоспарлап, қаттап қойылған екен. Бірақ киік мәселесіне байланысты туындап тұрған егіндік, шабындық және жайылым жерлерге қатысты түйткілді істің шешімі туралы нақты, көңілге қонарлық жауап болмады. Тек киіктерді қорғау мақсатында  бұл өңірде «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» қаумалының құрылатыны туралы Үкіметтің қаулысының шыққаны ғана айтылған. Алайда құрылып жатқан резерват пен қаумалдың осы өңірдегі егіндік, шабындық-жайылым жерлерді киіктен қорғап қалуға кепілдік бола алмайтыны о бастан белгілі нәрсе болатын.

Министрлік біздің шаруалар мүддесін қорғауға байланысты көтерілген сұрақтарымызға нақты жауап бере алмады. «Өгіз де өлмесін, арба да сынбасын» деген бағыттағы құрғақ, шығарыпсалма жауабынан бұл мәселенің таяу арада оңтайлы шешіле қоятынына күмән келтірген болатынбыз. Күмәндануымыздың себебі де жоқ емес еді. Соның нәтижесін міне, бұл күндері өмірдің өзі анық көрсетіп отыр. Ол қандай себептер деген сұраққа жауап беріп көрейік. Мәселен, әлі күнге дейін киік санын реттеуге байланысты әзірленген нақты бағдарлама жоқ.

Айта кету керек, осы саланың мамандары тарапынан айтылып жүрген әр түрлі ұсыныстар бар, бірақ оларды қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейтіндей және экологиялық жүйеге зияны тимейтіндей етіп іске асыру мәселесі қолға алынбаған.

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әуесқой аңшылар арасында таяуда киікті атуға, аулауға рұқсат берілетіні жөнінде жарыса жазылып, айтылып жатыр. Әңгіме сол баяғы киік санын қалай ретке келтіру, оларды аулап, өнімдерін пайдалану. Киік мүйізінің Қытай елінде сұранысы өте жоғары, құнды тауар екенін білетін кейбір ұйымдар, бизнес өкілдері, оны аулауға рұқсатты тез арада қабылдау керектігі жөніндегі ұсыныстарын барынша белсенді дәлелдеп бағуда. Еске сала кетейін, 1990 жылдан бастап елімізде киік аулауға заңды түрде тыйым салынған болатын. Осы орайда Экология министрлігінің және осы саланың басқа да мамандарының сөз саптауларынан киік аулауға тыйым салынған заңнаманың күші жойылып, оларды аулауға рұқсат берілсе, мәселе шешімін табады деген сыңай байқалды.

Әрине, саны өсіп, жойылу қаупі сейілсе, етін, терісін өңдейтін кәсіпорындар ашып, киік мүйізін өңдеп, дәрі-дәрмек жасау қолға алынып, сол арқылы жергілікті бюджетке қыруар қаржы түсіруге болар еді. Алайда дәл қазір  киіктің етін, терісін өңдейтін, мүйізін пайдаға асыратын өндіріс орындары жоқ. Бұл – біріншіден. Екінші, ең басты мәселе – құзырлы мемлекет мекемелері тарапынан, қазіргі қолданыстағы заңдарға қажетті өзгерістер енгізуге бағытталған жүйелі іс-шаралар да байқалмайды.

Мысалы, қазіргі қолданыстағы заңдар киіктің мүйізін пайдалануға рұқсат бермейді, олар тек өртеу арқылы жойылады. Осы орайда құқық қорғау құрылымдарында тәркіленген киіктің мүйіздері (дериваттар) қалай сақталып, қай жерде, кім, қалай жойып жатқанына бақылау жоқ. Бұл өзі арнайы тексеруді талап ететін үлкен сұрақ. Өйткені, соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында киік мүйізіне байланысты полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тарту фактілері жиі орын ала бастады. Облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі қылмыстық іс бойынша браконьерлерден тәркіленген 149 киік мүйізінің санын әдейі 49-ға кемітіп көрсетіп, өзінің лауазымын пайдаланып, заңсыз жасырып қалған 100 киіктің мүйізін сатпақ болғаны үшін ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды. Тәркіленген 13 киіктің мүйізін сақтағаны үшін Казталов ауылының учаскелік инспекторы да ұсталып, жауапқа тартылған. Полиция қызметкерлеріне байланысты осындай фактілер Бөкей ордасы ауданында да болған.

Қазір Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен. Ал киік дериватының (мүйіздерінің) көлеңкелі айналымда 1 келісі 4 мың АҚШ долларына бағаланатынын ескерсек, осындай үлкен сұраныс болып, мүйіз саудасы қызып тұрған жағдайда, оны өртеп жоюдың экономикалық тұрғыдан қаншалықты негізділігі және тәркіленген киік мүйіздерінің сақталуы, жою процедурасының сенімділігі үлкен күмән тудырады. Неге десеңіз, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облыстық департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында Қытай шекарасында 3 144 дана (700 кг) киік мүйізі тәркіленгенін хабарлады. Мұндай жағдайлар Ресеймен шектес батыс өңірлерінде де  орын алған. Қысқасы, тәркіленген киік мүйізінің айналымын бақылау механизмдері жоқ деуге болады.

Қазіргі кезде киікті атқанның өзінде оның дериваттарын (мүйізін, етін) ресми түрде сату мүмкін емес, себебі «Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы (CITES) конвенция» талаптары, халықаралық деңгейде мұндай өнімдерді коммерциялық пайдалануға тыйым салған. Киік өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін осыншама тонна ет, осыншама мүйіз деген сияқты жыл сайын квота бекітілуі қажет. Конвенцияның талаптарына сәйкес, біздің елге экспортқа «нөлдік квота» тұр. Яғни пайдалану заңға сәйкес реттелмеген, олар контрабандалық өнім болып саналады. Демек, ешбір мемлекет мұндай өнімдерді заңды түрде қабылдамайды.

Бұлардан басқа 2005 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағында киіктерді аулауға, олардың мүйіздері мен өнімдерін жинауға, пайдалануға, сатып алуға немесе өткізуге тыйым салу туралы бұйрық шығарған болатын. Кейін бұл шектеу мерзімі 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды. Бұйрық әлі күшін жойған жоқ. «Қазақстан Республикасының жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау конвенциясына қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 желтоқсандағы №96 заңы да күшінде.

Киік – өзіне  қолайлы орта іздеп, үздіксіз қоныс аударып жүретін жануар. Мәселен, батыс өңіріндегі киіктер ауа жайылып, көршілес Ресей өңірлеріне барады, ол жақтан ауып бізге келеді. Ал Ресейде киіктер «Қызыл кітапқа» енгізілген, яғни аулауға мүлдем тыйым салынған жануарлар түріне жатады. Бұл жөнінде Ресей мен Қазақстан арасында келісім де бар. Демек, көрші елдің келісімінсіз, біз біржақты киік аулайтын болсақ, екі елдің арасында міндетті түрде даулы жағдай туындайды.

Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) сияқты тағы да басқа Қазақстан қол қойып бекіткен халықаралық келісімдер бар. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы атап көрсетілген. Демек, қандай да бір себептермен науқаншылыққа салынып, халықаралық шарттардың талаптарын ескермей, киіктерді өз бетімізбен аулауымыз – мемлекетімізді үлкен халықаралық дауға ұрындыратыны сөзсіз.

Әрине, бұл күрделі мәселе жуық арада шешімін табуы қажет. Бірақ Үкімет тарапынан киікті атып, аулауға рұқсат беру арқылы шаруа қожалықтарының мәселесі шешілмейді. Осы орайда айта кету керек, киіктердің санын тиімді реттеу жолдарын ұсынушылар жоқ емес.

«Киік саны көп өңірден олардың бір бөлігін киік саны аз өңірге көшіріп, киік шаруашылығын ұйымдастыру қажет», – дейді «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы, ауыл шаруа­шылығы сарапшысы Алмасбек Садырбай.

«Алдымен, киіктер жайылатын жерлер, олардың табиғи көші-қон жолдары жеке меншікке беріліп кеткен, сондықтан ревизия жүргізу арқылы ол жерлерді қайтарып, содан соң олардың миграциялық жолдарын қалпына келтіру керек» – дейді, киік мәселесін соңғы жылдары жиі қозғап жүрген табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет. Мұның бәрі – әзірге нақты шешімі шықпаған ұсыныстар.

Сонымен, киіктердің мекен ететін, төлдейтін, жайылатын, табиғи көші-қон жолдары бүгінде жеке егістікке, мал шаруашылығына беріліп кеткен және Батыс Қазақстанның Жәнібек ауданында киік қорғау аймағынан шаруа қожалықтарына жер берілу әлі де жалғасуда. Киік қорғау аумағынан берілген ауыл шаруашылығы  жерлеріне киіктердің бәрібір кіретіні сол жерді алушыға да, жерді берушіге де белгілі болғанмен, олардың тарапынан жануарларға деген мейірім, дұрыс бейіл де байқалмай тұр. ҚР Экология министрлігінің мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары киіктің өрісі 5 есе қысқарған. Бірақ киік қорғау аймағындағы жерлердің оңды-солды таратылып кеткенінен министрлік хабарсыз екен. Ал ол жерлерді үлестірген аудан әкімдіктері шаруа қожалықтарын жақтап, барлық мәселені киік туғызғандай қылып «аң мен адамды аңдыстырып, жауластырып» қоюда.

«Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалануға беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Заңсыз алынған жерлер мемлекетке қайтарылуы тиіс...», – деді Президент Қасым-Жомарт Токаев өзі-нің биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында.

Ұлы Абайдың «Қараша желтоқсанмен сол бір-екі ай» атты әйгілі өлеңінде, күз созылып, қысқа аяқ басқан, сол кездегі табиғат суреті мен адамдардың қимыл іс-әрекеті бейнеленген. «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, Аңдыстырған бір-бірін, құдайым-ай!» деп қара басының қамын жеп, қыстауға көшпей, күзеуде ықтырмада отырған бай, байдың малын бағып, жылынуға отын таба алмай, бүрсең қағып жүрген жалшы. Оның  тон илеп, жамау-жамау шекпен тігіп отырған байғұс әйелінің бейнесі, сол заманғы шаруашылыққа қолайсыз ауыл өмірінің суретін көз алдыңа әкеледі. Бүгінгі  айта-айта ұзақ сонар жырға айналған, әлі күнге дейін не пайдасы, не залалы белгісіз, қаншама жылға созылып, шешімін таппай келе жатқан табиғаттың елімізге берген бір сыйы – киікке не жаз жайлауға жайланып қона алмай, не күз күзеуде жер­ге, суға жарымай таласып, қып-қызыл, айтыс-тартыспен тірлік кешіп жүрген батыс өңірінің шаруа қожалықтарының жағдайы, бүгінгі заманның жаңа бояуларымен толыққан сол баяғы ауыл қазағының жаңа бір сүреңсіз бейнесіне айналғандай.

Ғаният Насыров
«Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының бас заңгері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале