Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, Астана қаласы «Кітап оқитын ұлт» атты ауқымды республикалық марафонға алғашқылардың бірі болып қосылды.

Фото: gov.kz
Бұған дейін елорда әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры тиісті меморандумға қол қойған болатын. Қазақстан Республикасы Президентінің оқу мәдениетін дамыту туралы Жарлығын іске асыру мақсатында қолға алынған бұл жоба қазақ және орыс тілдерінде өтеді.
Марафонға 6-10-сынып оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар және мамандығына қарамастан барлық ниет білдіруші қатыса алады. Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, артынша тестілеу мен зияткерлік куиздерден өтеді.
Сынақ қорытындысы бойынша әр санаттағы үздік командаларға ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Атап айтқанда, бірінші орынға 600 мың теңге, екінші орынға 450 мың теңге, ал үшінші орынға 300 мың теңге беріледі.
Қатысушыларды тіркеу биыл қыркүйек айында жобаның www.reading-nation.kz ресми сайтында басталады. Сонымен қатар күз мезгілінде елордада әдеби кездесулер, жалпыхалықтық кітап оқулар және түрлі ағартушылық акциялар өтеді деп жоспарланып отыр.