17.08.2023, 10:30
Оқылды: 223

«Көгершіндер - сыңарына адал құс»

Ол бала кезінен көгершін асырайтын адамдарға қатты қызығатын. Балалардың кептерге қызыққанын ауылдың үлкендері де байқап, шамалылау, өздеріне ұнамайтын көгершіндерін береді. Біздің кейіпкеріміз Жұбандық ағайдың «Көгершін асырасам» деген бала арманы осылай орындала бастайды. Биыл 70 жастың жотасына шыққан қария ең алғаш көгершінді қолына ұстап, қызыға қараған жылын да ұмытпай, жадында сақтапты.

IMG_9794

– Көгершін асыраумен 1966 жылдан бері айналысамын. 6-класта оқып жүрген кезімнен ауылдың үлкендерінен алғаш тұрқы кішкентай кептер алып өсіре бастадым. Сол кездегі Жалпақтал ауданында туып-өстім. Ол уақытта қазіргідей теледидар, телефон деген жоқ. Біздің балалық шағымызда кептер асырауға қызығатын адамдар көп болды. Басында тегін, кейіннен сатып ала бастадық. Содан бері кептерлер айнымас серігіме айналды. Кептердің биікке ұшқанын қарап тұрудың өзі бір ғанибет қой. Қанатын қағып-қағып, сонау биікке кетіп, көз ұшынан көрінбей қалғанша қарап тұрасың. Сол әдемі сәтті бақылап тұрып, көңілің марқаяды. Әлденеге ашуланып, қобалжып тұрсаң, ашуың тез тарап кетеді. Әрі аспанда қалықтаған кептерге қарап тұру көздің көруіне де жақсы әсер ететіні медицинада да айтылып жүр, – дейді бізге кептер туралы әңгімелеген Жұбандық ағай.

Көгершіндер де адам сияқты жұп құрып, өмір сүреді. Олардың да арасында көшбасшы көсемдері болады. Әлбетте, кептер өсірушілерге шыр айналып, биікке самғап ұшатын кептерлер ұнайды. Дегенмен, олардың арасында ұшқысы келмейтін жалқаулары да болады екен. Қазіргі таңда Жұбандық ағайдың 50-ге жуық кептері бар. Оларға күнде ертеңгілік ақ бидай мен тарыны араластырып береді. Көгершіндер өздерінің мінез-құлқымен адамдарды еске түсіреді. Әр құстың өзіне тән ерекше сипаты бар.

IMG_9826

– Көгершіндер – өмір бойы сыңарына адалдық танытатын, тұрақты жұп құруға бейім құс. Оларды қазан айының ортасынан бастап ұяда ұстаймыз. Өйткені жыртқыш құстар тез қағып кетеді. Сәуір айының ортасынан ұшыра бастаймыз. Көгершіндер 18 күн жұмыртқа басады. Екі балапаннан шығарады. Жұмыртқаны күндіз аталығы, түнде аналығы басады. Балапандарын көбіне аталық кептер тамақтандырады. Табиғаттың шеберлігі керемет қой, үсті тып-тықыр, құртақандай балапандар бір-екі күнде әдемі құсқа айналады. Өзім жақсы көретін үш-төрт көгершінім бар. Керемет көгершінім былтыр жоғалып кетті. Негізі, олар жоғалып кеткенімен, араға айлар салып кері оралатын еді. Бірақ сол көгершінім былтырдан бері мүлдем келмей қойды. Соған қарағанда, жыртқыш құстарға жем болды-ау деп ойлаймын, – дейді Жұбандық ағай.

Кейіпкеріміз өзі секілді әуесқой көгершін өсіретіндермен жиі араласады. Олармен өзінде жоқ, тұқымы басқа көгершіндерді айырбастайды.

Бәйтерек ауданына қарасты Щапов ауылында тұратын қария Ақжайық ауданындағы, Жалпақтал ауылындағы және Орал қаласындағы көгершін өсірушілермен хабарласып тұрады екен.

– Бала кезімде Жалпақталда 42 үй кептер өсірді. Көгершіннің бағасы 1 сомнан бес сомға дейін болды. 7-8-сынып оқып жүргенде алты бала машина жалдап барып, кептер алып келеміз. Алғайдан 1 сом 50 тиынға алып, 5 сомға сатамыз. Сол қызық өзімізге. Казталов ауданына қарасты Көмекші ауылында тұрғанда да өзімнің 20 шақты кептерім болды. Щапов ауылына 2008 жылы көшіп келдік. Содан бері де осы кептерлер – ермегім. Негізі, өз көгершіндерімді алыстан танимын. Дегенмен, сақтық үшін сақина салып, сыр жағып қоямын, – деп сөзін сабақтаған кейіпкеріміз даладан келіп, өз үйіне қонбайтын көгершінді тезірек басқа адамға беріп жіберетінін жасырмады. Өйткені әр көгершін кері айналып келгенде бірден ұшқан ұясына қонуы керек. Жоғарыда көгершіндер де адам сияқты екенін тілге тиек еттік. Олардың ішінде адал, достыққа берігі немесе мінез танытатындары болады. Сондықтан барлық көгершін өсірушілер өз ұясына қонбаған көгершіннен тезірек құтылғанды жөн көреді екен.

IMG_9786

Біз барғанда кейіпкеріміздің ауласындағы ұядан ұшқан кептерлер арнайы көгершін қону үшін жасалған ұзын ағаштың ұшар басына қонып жатты. Әп-әдемі, аппақ көгершіндерге қарап тұрып:

Ақ көгершін, көгершін,

Ақ-адал құс сен едің.

Бар, кезіп қайт ел үшін,

Кең дүниенің әлемін, – деп әнге қосқан, адалдық пен бейбітшіліктің символына айналған «Ақ көгершін» әні еріксіз еске түсті. Осы сәтте Жұбандық ағай бала кезіндегі ұмытылмас оқиғаны еске алды.

– 9-класта оқып жүрген кезім. Мамыр айы болатын. Ресейдің Алғай ауылында тұратын бір қарт кісі менің ақ көгершіндерімнің бірін аттай қалап, алып кетті. Содан арада айлар өтті. Қыркүйек айында мектептен келіп, сыртта отырсам, көгершінім үйдің төбесіне қонып тұр. Екі күннен кейін әлгі қарт кісі келіп: «Көгершін келді ме? Нешеде келді?» деп сұрайды. «Мен үштерде көрдім» десем, «Төрт сағатта келген екен ғой» деп таңғалып тұр. Сөйтсем, ол ағай бірнеше ай бойы қанатын байлап, ұшырмай, балапанын алған ғой. Ал көгершін қанатын босатқан бойда Алғайдан Жалпақталға ұшып жеткен. Көгершіндер де адамдар секілді туып-өскен жеріне ұмтылып тұрады. Бала кездегі осы оқиға есімнен кетпейді, – деді ол.

Кейіпкеріміз жұбайы Мүбина апаймен бірге үш қыз, бір ұл өсірген. Бүгіндері қолында тұратын жалғыз ұлдың да өз көгершіндері бар. Ол да өзіне ұнаған көгершіндерді сатып немесе айырбастап әкеледі екен. Қария көгершіндерге күтім жасау сияқты қызықты шаруа  қазіргі балалардың көпшілігіне пайдалы болатынына сенімді. Өйткені көгершін өсірушілер өз қамқорлығындағы құстардың әртүрлі биологиялық кезеңдерін бақылайды. Оларға су, жем береді. Кептерлердің ұя салуы, балапан басуы, оларды тамақтандыру – бәрі балаларға қызық.

IMG_9876

«Көгершіннің қандай пайдасы бар?» деген сұрағыма Жұбандық ағай емге деп ақ көгершін іздейтін адамдарды жиі жолықтырғанын айтты. Тіпті ел жақтан таба алмай, ем-домға көгершін іздеп Алғай асқандарды да талай рет көріпті. Осыдан бірер жыл бұрын жұбайы жөтеліп, қатты ауырады. Екпе алып, түрлі ем алса да көмектеспейді. Содан соң «Бисмилласын айтып, ем болсын!» деп жұбайына ақ көгершіннің қанын береді. Көп ұзамай жөтелі сап тыйылып, құлантаза айығып кетеді. Содан бері кейіпкеріміз ақ көгершіннің қаны жөтелге мың да бір ем екеніне анық көз жеткізген.

Жұбандық ағайдың жұбайы Мүбина апай шаңырақ көтергелі бері көргені көгершін болғандықтан, оларға әбден бауыр басып кеткенін айтады.

– Жалпақталда бала кезден бірге өскен, өзі секілді көгершін өсіретін досы тұрады. Сол ауылдан келгенде екеуі үйге кірместен бірінші көгершіндерге барады. Біз «Бұларға отбасы емес, көгершін керек» деп әзілдейміз. Жалпы көгершін асыраған жақсы ғой. Мен бұрын көгершіндердің биікке көтерілгеніне ұзақ қарап тұру көзге пайдалы дегенге сенбейтін едім. Шынымен де, кейде телефон қарап, шаршап шығып, аспанға ұшып бара жатқан көгершінге қарасаң, көз демалады, шаршағаның басылады. Біртүрлі жоғарыға ұшқан көгершіндерден күш-қуат алып, жақсы болып қалады екенсің. Көгершіннің еш зияны жоқ. Телефоннан бас алмайтын немерелеріміз де бір уақыт сыртқа шығып, кептерлерге жем-су беріп, қы­зықтап жатады. Балаларды гаджеттерден алыстатуға осындай дүниелер керек, – дейді көгершін асырайтын кейіпкеріміздің жары.

Көгершін туралы әфсана

Атақты суретші Пабло Пикассо ақ көгершінді бейбіт­шілік құсы ретінде бейнеледі. Ол салған эмблемада тұмсығымен зәйтүн бұтағын тістеп ұшып бара жатқан ақ көгершін бейнеленген. Пикассоның көгершінді бейбітшілік құсы ре­тінде бейнеле­уінің сыры мұн­да жатыр. Кезінде көгершін Нұх пайғам­бардың кемесіне зәйтүн бұтағын алып келіп, топан судың аяқталғанын жеткізген деседі. Топан су аңызында кептер Нұхтың кемесіне қуа­нышты хабар жет­кізген құс ретінде аталады. Қырық күн су бетінде жүрген Нұх құрғақ жер іздейді. Бірақ судың қаншалықты тартылып, құр­ғақ жердің бар-жоғын білу мүмкін емес еді. Нұх: «Құрғақ жер іздеп кел» деп қарғаны, кейін сауысқанды жұмсайды. Бірақ олар өлексені көріп, Пайғамбардың сөзін ұмытып кетеді. Үшінші жолы кептерді ұшырады. Ол зәйтүн ағашына қонады. Ағашқа бұрынғы жойылған қауым мен өлген мақұлықтың қаны жұққан екен. Оның аяғы қанға тиіп, қызарып кетіпті. Содан бастап кептердің аяғы қызыл болыпты деседі. Кептер зәйтүн ағашының бір бұтағын тістеп, кемеге оралады.  Нұх кептерден: «Қарға мен сауысқаннан хабар бар ма? Аман ба екен?» деп сұрайды. Кептер: «Иә, көрдім, қарға өлген мақұлықтың басын, сауысқан аяғын шұқып отыр» дейді. Нұх ашуланып, қарға мен сауысқанға: «Жегендерің жемтік, ішкендерің іртік болсын!» депті. Ал кептерге: «Адалдығыңа көзім жетті. Қарның ашса, адамның қолынан жем же, шатырына ұя сал!» дейді. Содан бастап кептер үйдің шатырына ұя салатын болыпты.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале