20.10.2022, 10:50
Оқылды: 183

Қоқыс полигоны қоршала ма?

«Antikor» сервистік орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарындағы санитарлық талаптардың сақталуына байланысты жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері талқыланды. Бұл басқосуға Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, «IMC ricyclining» ЖШС-ның  директоры Алмас Пішенбаев, үкіметтік емес ұйым, тұрғын үй-коммуналдық сектордың өкілдері, қалалық мәслихаттың  депутаттары қатысты.

кокыс

БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллиннің айтуынша, өңірімізде қатты тұрмыстық қалдықты сақтауға арналған 147 полигон бар екен. Олардың тек екеуі, атап айтар болсақ, Орал және Ақсай қалаларындағы полигон ғана ресми түрде тіркелген. Ал қалғандары құжат жүзінде еш жерде рәсімделмеген.

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған полигондар мәселесі ушығып тұр. Облыс бойынша құжаты рәсімделмеген 145 полигонның жағдайы экологиялық талаптарға сай келмейді. Полигонды сенімгерлік басқару құқығымен меншігіне алған «IMC ricyclining» ЖШС атқарылған жұмысы туралы есепті де уақтылы бермейді. Нысанды абаттандыру, полигонды қоршау, оқшаулау жұмысы да көңіл көншітпейді, – деді Б.Хайруллин.

Аталған серіктестіктің басшысы Алмас Пішенбаев бес жылдан бері Орал қаласындағы қоқыс жиналатын орынды қалыпқа келтіру жұмысын шама-шарқынша атқарып жатқанын айтты.

– Полигонды меншігімізге алған жылы бірінші кезекте қоқыстың өртенуін болдырмау мәселесі қойылды. Оның шешімі табылды. Әйтсе де, әлі өз кезегін күткен мәселелер бар. Болашақта полигон айналасын абаттандыру ісін мықтап қолға аламыз. Бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болып отыр, – деді А.Пішенбаев.

«IMC ricyclining» ЖШС-ның директоры Алмас Пішенбаев полигондағы қоқысты сұрыптау, оны жеткізу мәселесі реттелгенін айтты. Сонымен қатар басқосуда сөз болған барлық сын-ескертпені түзеуге күш салатынын жеткізді.

Жиында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй серіктестіктің жұмысына көңілі толатынын айтты.

– Полигонды меншігіне алған серіктестік қоқыс сұрыптау орнын іске қосты. Біраз уақыт тоқтаусыз бықсып жанып, тұрғындардың мазасын алған қоламта  толығымен сөнді. Әрине,  барлық жұмыс ойдағыдай жасалып жатыр деуге болмайды. Оның өзіндік себептерімен де таныспыз. Осында айтылған әр ескертпені қаперге алатын боламыз, – деді М.Мүлкәй.

Қала әкімінің орынбасары осы күні полигонды рекультивациялау жөніндегі жоба жасақталғанын хабарлады. 12 миллиард теңгені қажет ететін бұл жобаға қажетті қаражат табылған жағдайда жұмыс басталады екен. Қазіргі уақытта қаражат көзін табу өзекті мәселе.

Жиын соңында   БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин экологиялық проблемаларды шешуді көздеген жол картасының орындалуын қадағалау, тоғыз аудандағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын экологиялық та-
лаптарға сәйкестендіру, сенімгерлік басқару құқығымен берілген облыс орталығы маңындағы қоқыс полигонындағы жұмыстардың талапқа сай орындалуын қадағалау, ауылдық жерлердегі қоқыс төгуге арналған орындардың тазалығына қатысты ұсыныстарын айтты.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале