Қазіргі таңда Орал қаласында көпқабатты 1715 тұрғын үй бар. Оның 70%-дан астамы ХХ ғасырда салынған. Қала келбетін жақсарту мақсатында сыртқы сұлбасы ескірген тұрғын үйлердің қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде. Бүгінде Орал қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп, саралай келе, 58 көпқабатты тұрғын үйді таңдаған. Сараптама барысында жауапты мамандар Нұрсұлтан Назарбаев, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан даңғылдары мен Юрий Гагарин және Сырым Датұлы секілді қаланың басты көшелеріне ерекше назар аударған. Әрлеу жұмысын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі атқаруда.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, жөндеу жұмысы осы жылдың 16 сәуірінде басталған. Ол үшін қалалық бюджеттен 2 млрд 154 млн теңге қаражат бөлінген. Жаңарту жұмыстарына жұмылдырылған 14 мердігер компания 2 ай мерзім уақыт ішінде 58 үйдің қасбетін қалыпқа келтіреді.
«ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 10-3-бабына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдар жергілікті бюджет қаражаты болған жағдайда елді мекеннің бірыңғай сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеуді ұйымдастыруға және қаржыландыруға құқылы. Облыс орталығы Орал қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу – шаһардың эстетикалық келбетін жаңартуға, туристер мен инвесторларды тарту үшін мүмкіндік береді. Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті – қаланың келбеті десек те болады», – деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы