15.09.2022, 18:00
Оқылды: 2121

«Күйеуімнің қазасы туралы инстаграмнан білдім», - дейді жұмыс жасап жүріп ажал құшқан Кенжегерей Сұпығалиевтің әйелі

Теректі ауданына қарасты Жаңа Өмір ауылына жеттік. Қызметтік көлігімізбен қызыл қақпалы үйге келіп тоқтадық. Аулаға кіргеннен-ақ мұнтаздай тазалық пен жинақылықты байқап үлгердік. Аумағы да үлкен жер үйдің ауласында бау-бақша жайқалып тұр.

үй

Бұл - тамыз айында жұмыста жүріп қаза тапқан «Батыс су арнасы» ЖШС қызметкері Кенжегерей Сұпығалиевтің үйі. Бізді марқұмның жары Ұлболсын қарсы алды.

Айта кетейік, Кенжегерей Сұпығалиев Теректі ауданы, Ұзынкөл ауылының тумасы. «Батыс су арнасында» 2015 жылдан бері жұмыс істеген. Күні кеше, 24 тамыз күні Оралдағы Шаған жағалауы көшесі бойында құбыр жөндеу жұмыстары кезінде шахтадағы апаттан ажал құшты. Оқиға орнында аталған мекеменің екі қызметкері көз жұмғанын барлық БАҚ жарыса жазған болатын.

– 24 тамыз күні таңғы жетіде күйеуім жұмысқа шығып кетті. Кешкісін маған ертең жұмысқа ерте баратынын, бастықтары ерте кел дегенін ескерткен болатын. Мен түс ауа «Кенжік (Кенжегерей ред.) жұмыстан келеді, тамақ пісіре берейін» деп дайындала бастадым. WhatsApp желісіндегі сыныптастар чатына «Қалайсыңдар?» деп жазып жібермеймін бе. Сол мезетте бәрі шулап, «Сенің күйеуің қайтты деген өтірік болды ғой. Шүкір, Кенжік емес боп тұр ғой» деп жаза бастады. Мен ештеңе түсінбедім. Маған «инстаны қарасайшы» деп жазды біреуі.

Дереу инстаграмды парақтай жөнелдім. Ол жерде 1971 жылғы адам қайтыс болды деп қана жазылған. Содан дереу учаскелік инспекторға хабарласып, қайтыс болған адамның күйеуім екенін анықтадым. Ең сорақысы сағат екіге дейін бір адам хабарласып естірткен жоқ, - деп күйіне еске алды сол күнді марқұмның әйелі Ұлболсын.

BD3946D2-7447-473F-8B86-90FDF59F1C30

«Біреудің қанын жүктегім келмейді»

Бізге Кенжегерей Сұпығалиев туралы әйелі тек жақсы естеліктер айтты. Марқұм өте ақкөңіл, ешкімнің көңілін қалдырмайтын елгезек адам болыпты. Өмір бойы жұмыс істеп, бала-шағасын адал еңбекпен асыраған қарапайым ғана шаруа адамы. Бір үйдің асыраушысы. Ол жұмысында да үздіктер қатарында болған. Алтыншы разряд бригадалық атағы бар, 2019 жылы жұмыс орны оны алғыс хатпен марапаттаған.

диплом

Кенжегерейдің жұмысқа деген құлшынысын басшылығы да жоғары бағаласа керек. Әйелінің айтуынша, Кенжегерейге бригаданы басқару, мастерлік қызмет ұсынылған.

– Жолдасыма бірнеше жылдан бері мастерлік қызметті ұсынып келеді. Бірақ ол бас тартып жүрді. Күнәға батқым келмейді, анда бәрі шірік. Кеңес одағы кезінде тартылған құбырлар әлі жаңартылмаған. Құдай сақтасын, тозған құбыр жарылып, біреу майып болса, мойныма адам қанын жүктеп қайтемін. Құбырларды жаңартуға мүдделі басшылық болғанымен олар судан ақ, сүттен таза, ал айыпты жәй ғана бригадир болып шығады. Одан да тып-тыныш жұмысымды істегенім артық деп жүрді, - дейді Ұлболсын Сұпығалиева.

Ұлының артынан кеткен әке

Жоғарыда айтқанымыздай, Кенжегерей Сұпығалиев 51 жаста еді. Өкініштісі өмірден ерте өтті. Ол жақында жасөспірім ұлын жерлеген екен.

421C0731-D664-4F18-B3A2-022E6040DB64

Бұл отбасы үшін биылғы жаз өте ауыр болды. "Жығылғанға жұдырық" демекші, қайғы үстіне қайғы жамалғанын қарасаңызшы. Жадыраған жаздың жайбарақат күндерінің бірінде 14 жасар ұлдары Ильяс суға батып кетіп, ұлының топырағы кеппей жатып, отағасының өзі оқыста қаза болды.

Ильяс білімқұмар жеткіншек болыпты. Әлемдік бестселлер кітаптарды еш қиналмай оқыған көрінеді. Соңғы парақтағаны Эрих Мария Ремарктың «Время жить и время умереть» атты кітабы екен.

WhatsApp Image 2022-09-15 at 08.24.18 (1)

– Ұлым бала болып, телефонмен дос боп көрмеді. Үнемі кітап оқитын. Жаңа жылға, туған күнге сыйлыққа тек кітап сұрайтын. Сталин туралы өте көп оқыды. Көп зерттеді. Химия, физиканы жатқа соғатын. Ауладағы әр өсімдіктің пайдасы мен зиянын жатқа білетін. Тамақтың түр-түрін пісіріп, үнемі үй шаруасына көмектесетін. Биыл алғаш рет өзі жұмыс істеп, ақша тапты. Бірақ тапқан табысына түгел кітап сатып алды. Рерихтің кітаптарын оқыды. Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» кітабын қолға алғанын көзім шалды. Жасы 14-те болса да өте бойшаң еді. Болашақта дәрігер болуды армандайтын. Әттең, ғұмыры қысқа болды ұлымның», - деп көзіне жас алды анасы Ұлболсын.

«27 тамыз күн ұлымыздың қырқын береміз деп отырғанда әкесі Кенжегерей де келместің кемесіне мініп кете барды. Қайғыны да Хақ Тағала көтеретін құлына береді екен. Алланың сынағына төзуге тырысып жатырмыз», - дейді артында қалған отбасы.

«Біз 1997 жылы үйлендік. 22 қарашада үйлену тойымыз болды. Биыл отау құрғанымызға 25 жыл толады, күміс той деп отыр едік. Үлкен балам 1998 жылы дүниеге келді. Үйленді. Қызықтың бәрі енді басталатын шақ еді ғой. Қызым 7-де. Әкесінің қызына қиындау болып тұр, жоқтап, жылай береді. Оны не деп жұбатарымды білмеймін, - деп көзінің жасын тыя алмады Ұлболсын.

үй

Жаңа Өмірдегі осы үлкен үйді 2007 жылы Кенжегерей өзі тұрғызыпты. Аулада тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Ұлболсын ешқашан сыртқы тірлікке араласып көргенім жоқ дейді.

аула

Кенжегерей туралы туыстары тек жақсы пікірде. Енесі Жұмақыз Нұрғалиева былай дейді:

«Менің күйеу балам ғой, бірақ жұрт оны менің балам деп, қызым Ұлболсынды менің келінім деп ойлайтын. Үйінде бір айқай шыққанын көрмедім. Үндемей шаруасын тындырып жүре беретін. Өзімнің баламдай еді. Алақанына салып ұстады мені».

Қазір "Батыс су арнасында" қаза тапқан екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ іс қалай жүріп жатыр, тергеудің қай кезеңіне келді… Кенжегерейдің отбасы ештеңе білмейді. Бүгінгі күнге дейін «Батыс су арнасынан» бір адам хабарласып, келіп, тілдеспепті.

«Менің күйеу балам алтын адам-тұғын. Оның өмірін құтқарып қалуға болар еді. Жарылыс болғанда бәрі қашып кеткен ғой. Себебі әркім өз өмірін сақтағысы келеді. Алып шыққаннан кейін де алғашқы медициналық көмек дұрыс көрсетілмеген деп ойлаймын», - дейді Кенжегерейдің қайын апасы Гүлсім.

«Батыс су арнасына» мықты тексеріс жүргізілуі керек»

Бұл Кенжегерейдің жары Ұлболсынның сөзі. Жарынан айырылған әйел қазір сырқаттанып жүргенін айтты. Бір отбасын асырап отырған отағасы кетті де қалды. Адам өмірі бес тиын құрлы болмады-ау деп налиды туыстары.

FD3DBA73-31F8-4EC8-B3FA-A061CE0ECE79

«Күйеуімнің омыртқасы сынған, мойыны қисайып шығып кеткен, бүйрегін езіп тастаған. Ол жәй суға немесе газға тұншығып өлген жоқ, қатты нәрсеге соғылған немесе қысып тастаған деп ойлаймын», - дейді Кенжегерейдің жары.

– "Батыс су арнасына" мықты тексеріс жүргізілуі керек. Біреу міндетті түрде түрмеге қамалсын демеймін. Бәрібір бастықтарға ештеңе болмайды. Жазықсыз, қарапайым бір жұмысшының мойнына іліп, соттатып жібереді, Маған ол керек емес. Одан менің Кенжігім оралмайды. Оның қасындағы жап-жас жігіт те ажалын осы қызметтен тапты. "Батыс су арнасындағы" алғашқы оқиға емес қой. Қаншама адам осы мекеменің есігінде жүріп жан тапсырды. Адамдар осылай өле бере ме? Адам өмірінің құны жоқ па? Мұны тоқтату үшін жақсы тексеріс керек. Таза тексеріс. Сосын нүктесін қою керек, - деп күйінеді марқұмның жесірі.

Ұлболсынның қазір екі баласы бар. Үлкені 24-те. Үйленген. Өз күнін өзі көретін жаста. Ал 7 жасар қызының тағдыры ойлантады. «Батыс су арнасы» мекемесі сол қызы жоғары білім алып, жұмыс істейтін жасқа жеткенше қаржылай көмек берсе деген тілегі бар.

– Өлетін адам өлді деп жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, артында қалған кәмелет жасына жетпеген баласына мекеменің қолдау білдіргенін қалаймын, бұл заңды көмек болуы керек, - дейді Ұлболсын.

Екі адамның өмірін жалмаған оқиға 24 тамыз күні болды.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың 22 маусымы күні Конкина көшесіндегі апаттан "Батыс су арнасының" екі жұмысшысы бақилық болған еді. Жұмысшылары қойдай қырыла беретін осы бір мекемені жақсылап тексеретін уақыт шынымен жеткен жоқ па?!

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале