Көрнекті музыкант, дирижер,
композитор Қырымгерей Қажымұлы Қажымовтың
туғанына 80 жыл

Биылғы жыл ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды сақтау, насихаттау, ұрпақ тәрбиелеу секілді өзекті тақырыптарға арналған бірқатар тарихи маңызы бар іс-шараларға толы. Музыка өнері бойынша академик, өнертану докторы Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына байланысты халық-аралық деңгейде ғылыми конференция, концерттер Алматы, Ақтөбе, Астана, Орал, Өскемен, Қарағанды т. б. қалаларында ұйымдастырылып, алғаш кәсіби қобызшы Фатима Балғаеваның 100 жылдық мерейтойы елімізде атап өтілді. Осы орайда Ақ Жайық өңірінің халқы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, шебер музыкант, ұлағатты ұстаз Қырымгерей Қажымұлы Қажымовты айрықша ардақ тұтуда. Музыканттың 80 жасқа толуына арналған дөңгелек үстел Құрманғазы атындағы музыка колледжінде ұйымдастырылды. Жиынға білім ұйымының ұстаздары және студенттерімен қатар, ашылуына өзі мұрындық болған Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрінің алғаш құрамы қатысып, естеліктермен бөлісті.
90-жылдардың басында орталықтан кәсіби тұрғыда шыңдалған, республикамызға танымал бір топ өнер қайраткерлері Оралға көшіп келіп, өңіріміздің рухани өміріне жаңа леп әкелген болатын. Олар композитор Әшір Молдағайынов (1932-2005 ж. ж.), әнші Жұмағаным Рахимова, күйші Тұяқберді Шәмелов (1951-2012 ж. ж.), өнертану кандидаты, доцент Александр Самаркин (1957-2013 ж. ж.), өнертану кандидаты, доцент, облыстық славян халықтары орталығының жетекшісі және 20 жылдан астам Д. Нұрпейісова атындағы №1 балалар музыка мектебінің директоры қызметін атқарған Сергей Погодин (1947-2020 ж. ж.), ҚР халық әртісі, актриса Гүлнар Жақыпова, актер және режиссер Мұрат Ахманов, актер Телман Имашев, хореограф Айгүл Күлбекова, режиссер Асхат Маемиров, дирижер-композитор Еркін Нұрымбетов, қобызшы Жәмилә Нұрымбетова және т. б.
Осы есімдердің қатарында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, аспапта орындаушылық шеберлігімен танылған, көрнекті дирижер, композитор Қырымгерей Қажымұлы Қажымовтың есімі батысқазақстандықтар үшін ерекше қымбат.
Қырымгерей Қажымұлы Оралға еліміздегі маңдайалды шығармашылық ұжымдарда орындаушылық және әкімшілік қызметті атқарып, мол тәжірибе жинақтап келіп еді.
Алматы қаласында ол 1 жыл мемлекеттік симфониялық оркестрде және 20 жылдан астам уақыт Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінде контрабас тобының концертмейстері және бастауыш партия ұйымының хатшысы болатын.
Орал қаласында Қырымгерей Қажымұлы Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры, кейін өзінің бастамашылдығымен облыстық халық аспаптар оркестрін құрып, 2001-2009 жылдар арасында осы ұжымның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарды. Ол қай жерде және қандай жұмыс атқарса да, жоғары кәсіби біліктілік танытып, халық алдында беделі биік болатын.
Қ. Қажымов туралы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестріндегі әріптесі, қобыз тобының концертмейстері болған Ғайни Болтаева былай деп сыр шертеді: «...1983 жылы КСРО халық әртісі Шамғон Қажығалиев басқаруындағы Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркес-тріндегі лауазымды орындарға конкурс деңгейі өте биік болатын. Осы сайыста домбыра тобының концертмейстері Қаршыға Ахмедьяров, шекті контрабас тобының концертмейстері Қырымгерей Қажымов, ал мен қобыз тобының концертмейстері болып тағайындалып едік. Кейін Қазақстанның шебер орындаушылары ретінде әлемнің көптеген елінің сахналарында концерт бердік. Оркестрде оның беделі жоғары еді, партия ұйымының басшысы қызметін атқарды. Көркемдік кеңестің мүшесі ретінде мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаларды құрастыруға атсалысып, гастрольдік сапарлардың нәтижелі болуын үнемі қадағалап отыратын.
Менің есімде ол әрқашан біліктілігі жоғары музыкант, мінезі ашық, адамгершілігі мол тұлға ретінде қалады».
Қырымгерей Қажымұлы 1992-2000 жылдар аралығында Орал музыка колледжін басқарды. Білім ордасы сол кездерде кәсіби тұрғыда кемелденіп, республикада алдыңғы қатарлы оқу орны ретінде танылып, атағы шықты. Көп шәкірттер республикалық, халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, колледж кәсіби білім беру тұрғысынан еліміздегі алдыңғы қатарлы музыкалық ұйымдарының біріне айналып еді. Қазіргі Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің концертмейстері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, танымал мәдениет қайраткер Нұрғиса Дәуешов, Петропавл музыка колледжінің ұстазы Назгүл Маштакова, танымал актриса Назгүл Карабалина, Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрінің домбыра-прима тобының концертмейстері, жеке орындаушы Виктор Витман, баян аспабында шебер орындаушы Арман Шукеев, Астана қаласындағы Ұлттық өнер академиясының пианист-концертмейстері Жадыра Кадырова, Сәуле Алғазиева т. б. Қырымгерей ағамыздың шәкірттері. Олар – биік өнерлерімен елге танылған шеберлер.
Маэстроның ұстаз ретіндегі еңбегі аса биік көрсеткіштерге ие. Ол Орал қаласында алғаш рет шекті контрабас мамандығын ашып, аз уақыт ішінде Эдуард Киселев, Махамбет Ешмұхамбетов, Арман Тоғызбаев, Асхат Хасанов, Нұржан Хафизов секілді шебер орындаушылардың шоғырын дайындады. Ол даярлаған контрабасшылардың әрқайсысы Саратов, Алматы консерваториялары мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде білімін жалғастырып, кәсіби ортада жоғары білікті маман ретінде танылуда. Қазіргі кезде олар РФ, Тамбов музыка колледжінде ұстаздық (Эдуард Киселев), Астана қаласындағы білім басқармасының бас маманы (Арман Тоғызбаев), Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, дирижері және жеке орындаушысы (Асхат Хасанов), Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптар оркестрінің концертмейстері (Нұржан Хафизов) ретінде жемісті еңбек етіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан көптеген марапатқа ие.
Қырымгерей Қажымұлының шығармашылық және ұйымдастырушылық дарындылығы Орал қаласында облыстық халық аспаптар оркестрін құрып, оның жан-жақты дамуына айрықша жарқырап көрінді. Шығармашылық ұжым 2000 жылдың қыркүйек айында ашылып еді. Тек жергілікті мамандардан құрылған оркестрге сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Мақсот Омарғалиев (1945-2017 ж. ж.), танымал күйші-композитор Тұяқберді Шәмелов (1951-2012 ж. ж.), батысқазақстандық төкпе орындаушылық дәстүрінің көрнекті өкілі, белгілі күйші-домбырашы Ермек Қазиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, ҚР Білім беру ісінің үздігі Асылғаным Құсмағамбетова
секілді мамандар үлкен қолдау көрсетті. Жаңадан құралған оркестр аз уақыт ішінде елге жылдам танылып, облыс мәдениетінің бет-пердесін айқындайтын өнер ұжымына айналғаны белгілі. Оралда мемлекеттік маңызы бар саяси кездесулер мен форумдар жиі ұйымдастырылып, онда облыс мәдениетінің жетістігі ретінде Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрін бірінші кезекте көрсететін.
Ал жаңа құрылған шығармашылық ұжымның негізінде елімізде алғаш рет КСРО халық әртісі, профессор, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін 40 жылдан астам уақыт басқарған Шамғон Қажығалиев атындағы конкурстың ұйымдастырылуы тарихи оқиға болды. Өнер сайысына Қазақстанның танымал оркестрлерінің дирижерлері қатысып, бақ сынасты.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлер Жалғасбек Бегендіков, Дүйсен Үкібай, Ерлан Бақтыгерей, Дәурен Ғылымов, Жанас Бекентуров, Рахат Мадреев, Еркін Нұрымбетов, Бақтығали Айтжанов т. б. есімдері конкурс деңгейінің қаншалықты жоғары болғандығының жарқын дәлелі. Осындай мәртебелі іс-шаралардың Оралда өтуі – Қырымгерей Қажымұлының беделі мен үлкен еңбегінің арқасы еді. Себебі оркестр ұжымын құру және басқарумен қатар, басқа да толып жатқан жұмыстарды атқару керек болатын. Атап айтқанда, репертуар, костюм, концерттік бағдарламаларды құрастыру, дайындық жүргізетін залдарды іздестіру, еңбекақы мәселесі т. б. Алғаш құрылған оркестр құрамында облысқа танымал мамандар Асылхан Қазиев, Нұржан Отарбаев, Айгүл Ерғалиева, Дәурен Ақболатов, Серік Қошқарбаев (1966-2013 ж. ж.), Владимир Баяндин, Евгений Пузаткин, Мәдениет Мендіғалиев, Светлана Бралиева, Виктор Витман, Елена Бородуллина, Айдын Қадырбаев т. б. болатын.
Олардың көпшілігі әлі еңбекақысы бекітілмеген жұмысқа Қырымгерей Қажымұлын құрметтеп, сыйлап бойындағы бар күш-жігерін аямай қызмет ететін. Дирижердің беделінің арқасында оркестрдің репертуар қоры аз уақыттың ішінде көптеген көркем туындымен толықты. Оркестр музыканттары Е. Брусиловскийдың «Желдірме», С. Мұхамеджановтың «Қыз қуу», «Классикалық күй», Бәйсеркенің «Күй ұран», А. Хачатурянның «Гаянэ» операсынан «Қыздар биі» секілді шығармаларын еркін орындайтын. Оркестрдің гастрольдік сапарлары көбейіп, олар халықтың көтермелеуі мен сүйемеліне ие болды.
Қырым Қажымұлының бойындағы ерекше қабілеттерінің бірі оның домбырашылық және композиторлық өнер еді. Өткен ғасырдың 60-жылдарында Орал музыка училищесін домбыра мамандығы бойынша бітірген ол, кейін консерваторияны шекті контрабас аспабын меңгеріп бітірсе де, халқымыздың дәстүрлі музыкасына ықыласы айрықша болды. Домбыраны ол тек алғашқы кәсіби білімнің жемісі ретінде анда-санда шертпей, аспаптың эволюциялық дамуына сәйкес репертуар қоры, заманауи орындаушылық тәсілдер, оркестрлік ойын секілді даму бағыттарына назар аударып, үнемі білімін жетілдіріп отыратын.
Орал қаласында Қ. Қажымовтың композиторлық қырлары да жарқырай ашылды. Оның 20-дан астам шығармалары өзі құрған оркестр репертуарына еніп, бүгінде жиі орындалып жүр. Халық аспаптар оркестріне арналған «Жайық толғау» поэмасы, «Қазақ жері» әні еліміздің көптеген шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасына енген.
Ұлттық мәдениетіміздің дамып, көркею жолында бойындағы бар дарыны мен білімін аямай сарп еткен Қырымгерей Қажымұлы Қажымовтың есімі өлкеміздің қалың тарихынан орын аларына сеніміміз мол. Белгілі өнер қайраткеріне құрмет көрсетіп, есте қаларлық іс-шара ұйымдастырған колледж директоры Нұржан Сертеков және тәжірибелі ұстаз Светлана Бралиеваға ризашылығымызды білдіреміз.
Айгүл Ерғалиева,
өнертану кандидаты,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,
Орал қаласы