5.06.2026, 12:00
Оқылды: 25

«Мен үшін кітапхана – өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған қасиетті орта»

Эльвира Аманғалиева, Батыс Қазақстан облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры: «Мен үшін кітапхана – өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған қасиетті орта»

1e446ba5-f1c4-410d-9fa9-a8ccc487971d

Биыл Батыс Қазақстан облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының ашылғанына –  65 жыл. Осы мерейтой қарсаңында кітапхананың директоры Эльвира Аманғалиевамен сұхбаттасудың сәті түсті. Кітапхана саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан басшы кітаптың қадірі, кітапхананың адамзат қоғамындағы мән-маңызы және өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу жайында өз ой-пікірімен бөлісті.

– Эльвира Есіркепқызы, ең алдымен мерейтой құтты болсын! Кітапхана саласына қалай келдіңіз, еңбек жолыңыз туралы айтсаңыз?

– Мен үшін кітапхана – өмірімнің ажырамас бөлігіне айналған қасиетті орта. Осы кітапханада еңбек жолымды бастап, 35 жылдан астам уақыт ішінде кітапханашы мамандығының барлық қырын көрдім. Ұжымда шыңдалып, директор қызметіне тағайындалу – мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Бұл – тек менің емес, қызметтес әріптестерімнің, аға буын кітапханашылардың еңбегіне берілген баға деп қабылдаймын. Біз карточкалы каталогтан электронды жүйеге өткен уақыттың да куәсі болдық. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар, ол – кітаптың рухани құндылығы мен оқырманға қызмет ету жауапкершілігі.

– Кітапхананың 65 жылдық тарихына көз жүгіртіп, өткен жылдар шежіресіне үңілсек?

– Кітапхананың қалыптасу кезеңі терең тағылымға толы. 1988 жылы екі кітапхана, яғни 1961 жылы ашылған облыстық балалар кітапханасы мен 1967 жылы негізі қаланған облыстық жасөспірімдер кітапханасы біріктіріліп, тәжірибелік жоба ретінде А. Гайдар атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы болып қайта құрылды.

06316f25-d952-4f63-8d8d-14facbbedf9d

Кітапхананың 65 жылдық тарихы, ең алдымен, оны басқарған білікті басшылардың ерен еңбегімен тығыз байланысты. Әр кезеңде кітапхана тізгінін ұстаған жетекшілер Валентина Иванова, Роза Железнинская, Звайда Өтешева сынды алдыңғы толқын әріптестеріміз кітапхананың дамуына өлшеусіз үлес қосып, оның бүгінгі деңгейге жетуіне негіз қалады.

Кітапхана тарихындағы айтулы кезеңдердің бірі –  2008 жылы оған жазушы Хамза Есенжанов есімінің берілуі. Ал ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы №827 қаулысымен бұл атау ресми түрде бекітілді. Бұл – кітапхананың рухани мәртебесін арттырып қана қоймай, ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттауға жаңа серпін берген маңызды оқиға болды.

– Кітапханадағы кітап қоры мен кітапхана қызметкерлері жөнінде тарқатып айтсаңыз?

– Бүгінде кітапханадағы сегіз бөлімнің алтауы оқырмандарға тікелей қызмет көрсетеді. Жыл сайын кітап қо­ры толықтырылып, мазмұны бай рухани қазынаға айналып келеді. Қазіргі таңда кітапхана қорында 210 мыңнан астам кітап бар, оның ішінде 55 мыңнан астамы – қазақ  тіліндегі әдебиеттер. Қор құрамына кітап-тармен қатар мерзімді баспасөз өнімдері, электронды ресурстар мен басқа да материалдар енеді.

2018 жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында кітап қорын кезең-кезеңімен цифрлық нұсқаға (форматқа) көшіру жұмыстары қолға алынды. Осы мақсатта 2019 жылы арнайы CZUR М300 кітап сканері алынып, жүйелі жұмыс басталды. Алдымен ауторлармен келісім жасалып, құнды әрі сирек, балаларға арналған және өлкетану бағытындағы кітаптарды цифрландыруға басымдық берілді. Қазіргі уақытта 1300-ден астам кітап PDF сипатында сандық жүйеге көшірілді. Оның басым бөлігі – қазақ тіліндегі басылымдар. Бұл бағытта мемлекет тарапынан да нақты міндеттер қойылып отыр. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева биылғы Ұлттық құрылтайда балалар әдебиетін дамыту, әсіресе комикс, фэнтези, детектив, фантастика жанрларын кеңінен қолдау қажеттігін атап өткен болатын. Расында, бүгінгі жас оқырманның қызығушылы­ғы осы бағыттарға ауып отыр. Сондықтан балаларға арналған заманауи әрі сапалы кітаптар санын арттыру, қорды жаңарту, сондай-ақ жас ауторларды қолдауға бағытталған байқауларды жиі ұйымдастыру уақыт талабы деп есептейміз.

Кітапхана жұмысын дамы­туға, жаңа жобаларды іске асыруға, оқырманмен тығыз байланыс орнатуға үлес қосып жүрген қызметкерлері­міз бар­шылық. Атап айтсақ, Т. Исмағұлова, М. Запрометова, А. Кульчукова, Г. Хамзина,  С. Девятень, А. Айтбаева, О. Су­ханова сынды әріптестеріміз –  өздерінің кәсіби ізденіс-құлшыныстарымен жас мамандарға үлгі-өнеге. Олардың кә­сіби шеберлігі мен жинақтаған тәжірибесіне сүйене отырып, жас мамандар да еңбек етуде.

– Кітапхананың тұрақты оқырмандары қандай бағыттағы әдебиеттерге жиі қол созады?

– Біздің мекеменің 65 жылдық тарихында мыңдаған ұл-қыз оның оқырманына айналып, кітаптың таңғажайып әлемін ашты. Уақыт өзгере­ді, технологиялар дамиды, кі­­таптың ішкі-сыртқы сипаты да түрленеді, бірақ оқырман барлық дәуірде оқырман болып қала бермек. Барлық буын үшін алғашқы кітаптар мейірімге толы ертегілер мен өлеңдер болды және солай бола береді. Бүгінгі жас оқырмандар ата-әжелері, әке-шешелері оқыған кітаптарды оқып өсуде. Мұның өзі –  ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Жас ұлғайған сайын оқырмандардың қызығушылықтары да өзгереді. Балалар  әдемі безендірілген, қарпі үлкен, оқуға жеңіл кітаптарды таңдай бастайды. Ал оқу дағдысы қалыптасқан балалар ертегілерді, шытырман оқиғалар мен комикс жанрындағы кітаптарды қызыға оқиды. Сонымен қатар оқырмандар көркем және танымдық әдебиеттерді, мектеп бағдарламасына сай кітаптарды да жиі оқиды.

Жеткіншектер шытырман оқиғалы фантастикалық шығармаларға, ертегілер мен танымдық кітаптарға ерекше қызығушылық танытады. Кітапханада QR арқылы оқылатын, комикс және 3D сипатындағы кітаптар да ұсынылған. Жалпы, жеткіншектердің кітап оқуға деген ынта-ықыласы артып келеді. Белсенді оқырмандар қата-рында Кәмшат Темірғали, Ибраһим Дербис, Бақтияр Қасиет, Эмилия Горошкова, Рашид Коняев, Кирилл Исаев бар.

– Кітапхананың цифрлық әлеуеті  қаншалықты дамыған? Қашықтан қызмет алу мүмкіндігі бар ма?

– Біздің ұжым дәстүрлі қызметке қоса, инновация­лық бағыттарды да белсенді  дамытуда. Интернет мүм­кін­дігі, электронды каталогтар, онлайн-конференциялар жүйелі түрде қолданады. Кітапхана жұмысы әлеуметтік желіде тұрақты жарияланып, мультимедиялық әдіс-тәсілдер – бейнероликтер, бейне­экскурсиялар, электронды таныстырылымдар кеңінен пайдаланылады.

Кітапхана «WEB-RABIS» аутоматтандырылған бағдарламасымен жұмыс істейді. Оқырманға ыңғайлы болу үшін дәстүрлі әліпбилік каталог пен заманауи электронды каталог қатар жүреді. Бұл каталогтар жыл сайын толықтырылып, жаңартылып отырады. 2001 жылдан бастап кітап қорын аутоматтандыру РАБИС бағдарлама­сы арқылы енгізілсе, 2019 жылдан бері «Web-РАБИС» жүйесінің «Каталогизатор» және «Комплектование» модульдері арқылы кітаптарды есепке алу мен мерзімді басылымдарды тіркеу толықтай аутоматтандырылды. Кі­тапханамыздың «obduoral.bkogov.kz» ресми сайтында  «Электронды кітапхана» жә­не «Электронды каталог» бө­лімдері жұмыс істейді. Оқырмандар интернетке қосылған кез келген компьютер немесе мобильді құрылғы арқылы қажетті материалдарды оңай таба алады. Сонымен қатар электронды құжаттардың кө­шірмесіне онлайн тапсырыс беріп, толық мәтінге қол жеткізу мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары кітапхана қо­рын цифрландыруға жіті кө­ңіл бөлінуде. Бұл бағыт – сирек кездесетін және құнды әдебиеттерді келешек ұрпаққа жеткізудің маңызды теті­гі. Кітапхана сайтында «Виртуалдық анықтама» қызметі іске қосылған. Мұндай қызмет тұтынушылардың кітапхана қорын  қашықтан пайдалануға мүмкіндік береді.

– Эльвира Есіркепқызы, сіз­дің ойыңызша, жастарды көптеп кітап оқуға, кітапханаға қалай тартсақ болады?

– Жастарды кітапханаға тарту үшін дәстүрлі тәсілдермен ғана шектелу жеткіліксіз. Кітапхананы жай ғана кітап алатын орын емес, тартымды ортаға айналдыру маңызды. Мысалы, ыңғайлы оқу аймақтары,  заманауи дизайн жастарды көбірек тартады. Сонымен қатар әдеби кештер, кітап клубтары, танымал тұлғалармен кездесулер, тренингтер мен шеберлік саға­ты жастардың қызығушылығын оятады.

Бұл ретте цифрлық мүм­кіндіктерді дамыту да өте маңызды. Электронды кітаптар, аудиокітаптар, онлайн қызметтер жастар үшін қолжетімді болуы тиіс. Кітапхана қызметкерлері желілерде белсенді болып, жаңа кітаптарды уақтылы насихаттап, іс-шараларды жарнамалап отыр­ғаны жөн деп есептеймін.

Жастарды кітап оқуға тартудың ең тиімді жолдарының бірі – оқырмандардың ұсыныс-пікіріне ұдайы ден қойып, әрі әдеби-мәдени кештердің сипатын жаңарту. Жастар еркін атмосфераны, ашық пікір алмасуды және шығармашылық мазмұндағы іс-шараларды жақсы қабылдайды. Мысалы, ақын-жазу­шылармен, блогерлермен, журналистермен, кітап ауторларымен және қоғам белсенділерімен еркін сипаттағы жүздесулер жастардың ықыласын арттырады. Тек баяндама оқылмай, ашық диалог, сұрақ-жауап, пікірталас алаңы болғаны тиімді. Сонымен қатар әдеби кештерді дәстүрлі сипаттан заманауи бағытқа  бейімдеу қажет. Мәселен, поэзия кештері, BOOK PARTY, әдеби QUIZ ойындары, «Бір кітап – бір талқылау» кездесулері, кейіпкерлер образындағы cosplay кештері, музыкалық-әдеби композициялар ұйымдастыру жастар үшін тартымды.

Кітапхана іс-шараларында  визуалды эстетика мен атмосфера маңызды рөлге ие. Визуалды эстетика – іс-шара­ның безендірілуі, түстер үйлесімі, жарық, кітап көрмелері, фотоаймақ пен көрнекі материалдардың үйлесімді ұйымдастырылуы арқылы оқырманның назарын аударып, эстетикалық талғамын қалыптастыратын көркемдік орта. Мұндай безендіру іс-шараның мазмұнын тереңірек сезінуге және келушінің қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Ал атмосфера – іс-шара барысында қалыптасатын рухани көңіл күй мен эмоционалдық орта. Жылы қарым-қатынас, музыка, ұйымдастыру мәдениеті және кітапхана кеңістігінің жайлылығы оқырманға ерекше әсер сыйлап, оның мәдени ортаға жақын болуына мүмкіндік береді. Әдемі фотоаймақ, әсем безендіру, интерак-тивті аймақтар, әлеуметтік желіге арналған контент жастардың кітап оқуға, жалпы әдебиет әлеміне құштарлығын арттырады. Өйткені қазіргі буын әсер сыйлайтын әрі бөлісуге болатын мазмұнсипатқа қызығады. Сондай-ақ кітапханашы оқырманмен тек іс-шарада ғана емес, әлеужелі арқылы да тұрақты байланыс орнатуы қажет. Instagram, TikTok платформаларында кітап шолулары, әдеби ұсыныстар, іс-шара аңдатпалары мен қысқа бейнебаяндар жариялау арқылы жастар аудиториясын кеңейтуге болады.

– Сіз басқаратын кітап патшалығы 65 жыл ішінде қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Кітапханамызға жерлес  жазушы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері­нің иегері және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ақ Жайық» трилогиясының ауторы Хамза Есенжановтың есімінің берілуі  үлкен жетістік деп ойлаймын.

Жылдар бойы қалыптасқан бай тәжірибе мен толағай жетістіктер кітапхананың халықаралық кеңістікте де танылуына жол ашты. Жаһандық кітапханалық қауымдастық үшін ең ауқымды және стратегиялық маңызды кәсіби іс-шара болып табылатын және әлемнің 140-тан астам елінің кітапханашыларды біріктірген әлемдік кітапханалық және ақпараттық конгресс – IFLA төрінде баяндама жасап, кәсіби ой-пікірімді халықаралық ортада бөліскенім соның айқын дәлелі деп санаймын. IFLA конгресіне қатысуым алысты-жақынды шетелдердің кітапханашыларының тәжірибесін зерттеуге және сол тәжірибені облысымызда жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

65 жыл ішінде жеткен жетістіктер – бұл бірлескен  еңбектің, ынтымақ пен жа­уапкершіліктің нәтижесі. Алдағы уақытта да кітапхана өз дәстүрін сақтай отырып, жаңашыл бағытта дамып, жас ұрпаққа сапалы қызмет көрсете бермек.

d500d49d-cad4-46ef-b7d3-8cdcc770b77a

– Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөс­пі­рімдер кітапханасында тү­йіні шешілмей жатқан мәселелер бар ма?

– Халқымыздың тарихы мен тағдырын терең бейнелеген құнды әдеби шығармалардың бірі  «Ақ Жайық» трилогиясы екені баршаға аян. Алайда бұл бірегей шығарма 2013 жылдан бері қайта басылым көрмей келеді. Осыған орай, аталған туындыны қайта қолға алып, жаңартылған үлгіде басып шығару бүгінгі оқырман үшін де, келер ұрпақ үшін де аса  маңызды қадам болар еді. Сондықтан бұл еңбектің қайта жарық көруі әдеби-етіміздің дамуына қосылған үлес деп білеміз.

Әлі де толық шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – материалдық-техникалық әлеуеттің жеткілікті деңгейде жаңартылмауы. Кітапханамыз за­манауи талаптарға сай жаңартуды қажет етеді. Ғимараттың іші-сыртының тозуы, оқу залдарының ескі үлгіде жабдықталуы, техникалық құралдардың жеткіліксіздігі келушілерге қолайлы жағдай жасауға кедергі келтіруде. Осыған байланысты кітапхананы  жаңғырту, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу – уақыт күттірмейтін міндеттердің бірі. Заман талабына сай кітапхана кеңістігін қалыптастыру – оқырман санын арт-тырумен қатар жастардың кітап оқуға құштарлығын оятудың маңызды тетігі екендігі шүбәсіз.

– Нақтырақ айтқанда, кі­тапханаға қандай өзгеріс ен­гізгіңіз келеді?

– Кітапханаға енгізгім келетін негізгі өзгеріс – оны тек кітап оқитын орын емес, баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін заманауи әрі тартымды білім кеңістігіне айналдыру. Ең алдымен, кітапхана ішін балаларға ыңғайлы, жарқын және қызықты етіп қайта жабдықтау маңызды. Оқу бұрыштарын жас ерекшеліктеріне қарай бөліп, ойын элементтерімен үйлестірілген креативті аймақтар құру балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар цифрлық мүмкіндіктерді енгізу қажет: электронды кітаптар, аудиокітаптар, интерактивті тақталар арқылы балалардың ақпаратты қабылдауын жеңілдетуге болады. Түрлі үйірме, ертегі сағаттары, шығармашылық және танымдық іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру да маңызды. Ал жасөспірімдер үшін кітапханаға енгізілетін өзгерістер ең алдымен этика-эстетикалық және интеллектуалдық талап-талғамын ескеруге бағытталуы тиіс. Бұл жастағы оқырмандар дайын ереже, қатып қалған ескі қағидадан гөрі өздеріне жақын, дәуірдің дамуына сай әрі ер­кін ортаға көбірек тартылады. Сондықтан кітапханада жасөспірімдерге арналған арнайы аймақтар құру маңызды: ыңғайлы отыратын орындар, топпен жұмыс істеуге мүмкіндік, еркін атмосфера. Мұндай орта кітапхананы тек оқу орны емес, қарым-қатынас пен идея алмасу алаңына айналдырады.

aa3cb3fd-926d-414b-9268-4f5797ea9637

Жаңа сипаттағы іс-шараларды көбейту қажет. Мысалы, кітап талқылау клубта­ры, ой-талқы-дебаттар, фильм көрсетілімдері, блогинг немесе SMM бойынша шеберлік сағаттары жасөспірімдердің қызығушылығын еселейді.

Әрине, кітапхананың ке­ңістігін жаңғырту қажет. Оқырман өзін жайлы сезіне­тін ашық әрі креативті орта қалыптасуы шарт. Мысалы,  coworking аймақтары, тыныш оқу бұрыштары, кофе-аймақтар, жастарға арналған discussion room, фотобелдеу және креативті интерьер кітапханаға келушілер санын молайтары анық. Тағы бір маңызды өзгеріс – кітапханашының кәсіби тұлғалық бейнесін, имиджін жаңарту. Қазіргі кітапханашы тек қызмет көрсетуші емес, медиамаман, ұйымдастырушы, контент жасаушы және оқырманмен коммуникация орнататын заманауи маман болуы қажет. Ол трендті, аудитория психологиясын және цифрлық платфор-маларды меңгеруге міндетті. Сондай-ақ кітапхананы жергілікті мәдени орталыққа айналдыру маңызды. Жас ақындар клубы, қызу пікірталастар алаңы, еріктілер қозғалысы, шығармашылық шеберлік сағаттары, тіл клубтары ұйымдастырылса, кітапхана қоғаммен тығыз байланыс орнатады.

Биыл маусым айында кітапхананың құрылғанына 65 жыл және кітапханаға жазушы Хамза Есенжанов есімінің ресми  берілгеніне 10 жыл толуына орай «Уақыт белесіндегі кітапхана: даму үрдісі мен болашағы» тақырыбында халықаралық мерейтойлық конференция өтеді. Екі күндік іс-шарада кітапхана қызметінің өзекті мәселеле­рі талқыланып, қаламгерлер, ғалымдар, сала мамандары қатысады.

Сұхбаттасқан Гүлфия Қолғанатова, 

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале