24.07.2026, 11:00
Оқылды: 17

Несие төлемін сот және коллекторларсыз қалай азайтуға болады?

Егер жұмыстан айырылу, ауру немесе басқа да күтпеген жағдайларға байланысты несие төлеу қиындаса, сотты немесе коллекторларды күтудің қажеті жоқ. 12 шілдеден бастап Қазақстанда жеке тұлғалардың берешегін реттеудің жаңа ережелері күшіне енді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ЖП АҚША
Сурет: сайт архивінен 
Енді банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдымен қарыз алушының өтінішін қарастыруға және шешім табуға тырысуға міндетті, содан кейін ғана өндіріп алу шараларына көше алады.

Tengrinews.kz редакциясы қарыз алушылар үшін қандай мүмкіндіктер пайда болғанын және төлемдерді азайтуға үміттенуге болатын-болмайтынын анықтау үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (ҚНРДА) ресми сауал жолдады.

 Өз кезегінде қаржыгер Дмитрий Колесников бұл механизмдердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

Жаңа ережелер нені өзгертеді?

2024 жылғы 12 шілдеден бастап жеке тұлғалардың берешегін реттеу бойынша жаңа ережелер күшіне енді.

Негізгі өзгеріс - енді кредитор сотқа жүгінбес бұрын, нотариустың атқарушылық жазбасын алмас бұрын немесе қарызды үшінші тұлғаларға бермес бұрын, қиын қаржылық жағдайға тап болған қарыз алушының өтінішін қарауға міндетті.

Яғни, алдымен тараптар келісуге тырысуы керек.

Банкке қай уақытта жүгіну керек?

Бірнеше айлық мерзім өткенін күтудің қажеті жоқ.

Егер адам жақын арада төлемдерді өтей алмайтынын түсінсе, ол бірден банкке немесе микроқаржы ұйымына несие шарттарын өзгерту туралы өтінішпен жүгіне алады.

Жағдайға байланысты кредитор қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды сұрауы мүмкін. Мысалы, жұмыстан айырылғаны туралы анықтама, сырқаттанғаны туралы құжаттар немесе басқа да айғақтар.

Өтінішті алғаннан кейін банк бес жұмыс күні ішінде құжаттар тізімін тексереді. Егер бірдеңе жетіспесе, қарыз алушыға қажетті қағаздарды өткізу үшін тағы бес жұмыс күні беріледі.

Осыдан кейін өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралуы тиіс.

Нәтижесінде банк келесі шешімдерді қабылдауы мүмкін:

  • қарыз алушының ұсыныстарымен келісу;
  • өз шарттарын ұсыну;
  • бас тарту, бірақ себебін міндетті түрде түсіндіру.

Неден үміттенуге болады?

Көптеген қарыз алушы реструктуризация несиенің бір бөлігін кешіруді білдіреді деп есептейді.

Бірақ бұл олай емес.

Несие шарттарын өзгерту мыналарды қамтуы мүмкін:

  • ай сайынғы төлемді азайту;
  • несие мерзімін ұзарту;
  • айыппұлдар мен өсімпұлдарды жою немесе азайту;
  • егер кредитор мүмкін деп тапса, басқа да өзгерістер.

Әрбір өтініш адамның қаржылық жағдайын ескере отырып, жеке тәртіппен қарастырылады.

Бұл ретте заңнамада тек ауыр өмірлік жағдайға байланысты несиені немесе пайыздарды толық кешіру қарастырылмаған. Мұндай нұсқа тек банкроттық рәсімі арқылы мүмкін.

Төлемдерді азайтудың ең тиімді жолы

Қаржыгер Дмитрий Колесниковтың айтуынша, іс жүзінде қаржылық жүктемені азайтудың ең тиімді жолы - несие мерзімін ұзарту.

Маман қарапайым мысал келтіреді.

Егер адам екі жылға ай сайынғы төлемі 200 мың теңге болатын несие алса, банк мерзімді төрт жылға дейін ұзарта алады. Онда төлем шамамен 100 мың теңгеге дейін азаяды және оны төлеу әлдеқайда жеңілдейді.

"Меніңше, ең тиімді тәсіл - несиені пролонгациялау (яғни мерзімін ұзарту). Қалған нұсқалар көбіне тек уақытша жеңілдік береді", - дейді сарапшы.

Колесниковтің сөзінше, жай ғана төлемді кейінге қалдыру мәселені әрдайым шеше бермейді.

Мысалы, егер адамға жарты жылға төлемін 500-ден 200 мың теңгеге дейін азайтса, айырмашылық ешқайда кетпейді. Кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін банк төленбеген сомаларды несиенің қалған мерзіміне бөледі, соның салдарынан ай сайынғы төлем бұрынғыдан да жоғары болуы мүмкін.

"Егер адам 500 мың төлей алмаса, 600 мыңды қайдан төлейді?" - дейді Колесников.

Бұл ретте, маманның айтуынша, банктер есептелген пайыздарды, әдетте, кешірмейді.

Көбіне не себепті бас тартады?

ҚНРДА ақпараты бойынша, бас тартудың ең жиі себептері - қаржылық жағдайдың нашарлауын растайтын құжаттардың болмауы, борыштық жүктеменің тым жоғары болуы немесе әртүрлі ұйымдарда несиенің көп болуы.

Дмитрий Колесниковтің пікірінше, көптеген қарыз алушы төлемді кейінге қалдыру туралы тек ауызша өтініш білдірумен шектеліп, өздері қателік жібереді.

"Егер өтінішті дұрыс негіздеп, жағдайды егжей-тегжейлі сипаттап және растайтын құжаттарды қоса берсе, оң шешім алу ықтималдығы айтарлықтай жоғары болады", - деп есептейді ол.

Сарапшының айтуынша, банктер жұмысынан шынымен айырылған, қатты ауырып қалған немесе басқа да объективті жағдайларға тап болған жандарға көмектесуге әлдеқайда дайын.

Кредитордың шешіміне қалай шағымдануға болады?

Тіпті бас тарту жауабын алу сіздің мүмкіндіктеріңіз таусылды дегенді білдірмейді.

Жаңа ережелерге сәйкес, қарыз алушы банк немесе микроқаржы омбудсменіне жүгіне алады. Мұны бас тарту жауабын алғаннан кейін үш ай ішінде жасау қажет.

Сонымен қатар шілде айынан бастап бір мезгілде екі және одан да көп кредитор алдында берешегі бар адамдар үшін берешекті ұжымдық реттеу платформасы жұмысын бастады.

Ол арқылы бірден барлық кредиторға жүгініп, қарызды өтеудің бірыңғай кестесін келісуге тырысуға болады.

Бұл келесі қарыз алушыларға қатысты:

  • төлем мерзімін 90 күннен асырып алғандар;
  • бір мезгілде екі және одан да көп кредиторға қарыз болғандар;
  • банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтпей жатқандар.

Егер тараптар өзара келісімге келсе, кредиторлар жекелеген өндіріп алу шараларын тоқтатып, реттелген берешек бойынша мәжбүрлеп өндіру рәсімдерін доғаруы тиіс.

Мақұлдау алу мүмкіндігін қалай арттыруға болады?

Қаржыгердің сөзінше, қарыз алушылар арасында ең көп таралған қателік - мәселені соңғы сәтке дейін созып, банкке қарыз көлемі тым ұлғайып кеткенде ғана жүгіну.

Сарапшы алдын ала әрекет етуге кеңес береді:

"Ең алдымен банкке жүгініп, ресми хат алмасуды бастау, кездесулерге келу, қызметкерлермен сөйлесу және барлық құжаттар мен жауаптарды міндетті түрде сақтап қою қажет".

Оның айтуынша, төлемді кейінге қалдыру туралы тек ауызша өтінішпен шектелмеген жөн. Қаржылық қиындықтардың себептерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, мұны растайтын құжаттарды қоса беру маңызды.

Егер банк бас тартса, жағдайды реттеу әрекеттерін тоқтатпау керек - заңда қарастырылған шағымдану тетіктерін пайдалануға болады.

Еске сала кетейік: маусым айында Парламент банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мәселелерін реттейтін түзетулерді мақұлдады. Олар рәсімдерді түсінікті етіп, жалған банкроттық жағдайларын азайтуға тиіс.

Атап айтқанда, банкроттық туралы өтінішті қайтара беруді шектеу, борышкерлердің мүлкін сату ережелерін нақтылау және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін өзгерту ұсынылады. Бұдан бөлек, кредиторларды электронды сервистер арқылы жедел хабардар ету, ал банкроттық рәсімі әкімшілеріне қойылатын талаптарды жаңартып, олардың өкілеттіктерін кеңейту көзделіп отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале