4.06.2026, 10:30
Оқылды: 106

Оралда 103 отбасы баспаналы болды

Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Зашаған кентіндегі 4-шағынауданда бой көтерген көпқабатты тұрғын үй ұзақ жылдар бойы баспана кезегінде тұрған отбасыларға берілді.

жп Ақжайық ауданы (1)-2

Мемлекеттік рәміздер күні  ұйымдастырылған қуанышты шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындардың шаттығына ортақтасып, қоныс иелерін құттықтады.

жп Ақжайық ауданы (6)-2

Қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарға ақжарма тілегін арнаған өңір басшысы халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

– Баспана – әр отбасының басты қажеттілігі әрі берекесінің бастауы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл санап Ақжайық шағынауданы өсіп, қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта мұнда халық саны 70 мыңға жетеді деп күтілуде. Өткен жылы осы ауданда заманауи үстел теннисі орталығының құрылысы басталды. Сонымен қатар жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары да бой көтереді. Бүгін 103 отбасы жаңа қонысқа ие болып отыр. Бұл  талай жыл күткен азаматтар үшін үлкен қуаныш. Жаңа шаңырақтарыңызға бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін, – деді облыс әкімі.

Кейін пәтер иелері атынан сөз алған Самал Жанаева мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын жеткізді.

– Өз баспанасына қол жеткізу – әр адамның арманы. Бүгін сол арманымыз орындалып отыр. Көп жылдан бері кезекте тұрған көптеген отбасы жаңа үйге қол жеткізді. Біз үшін бұл – ерекше қуаныш. Осындай игі іске қолдау көрсеткен мемлекетке және өңір басшылығына тұрғындар атынан шынайы алғысымды білдіремін. Мемлекеттігіміздің басты нышандары саналатын Рәміздер күні қарсаңында осындай қуанышқа бөленіп отырған барлық көршілерімді құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін, – деді ол.

жп Ақжайық ауданы (7)-2

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі жаңа қонысқа ие болған тұрғындардың үйлеріне арнайы барып, қоныс тойларымен құттықтады. Солардың бірі – Айгүл Шайхиева. Ол тұрғын үй кезегінде 14 жыл тұрғанын айтты.

– Осы күнді көп күттік. Он төрт жыл бойы кезекте тұрдым. Бүгін өз баспанамыздың кілтін қолымызға алып отырмыз. Балаларымыздың болашағы үшін бұл өте маңызды оқиға. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай бақытты сәтті сыйлаған барша азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді жаңа пәтер иесі.

жп Ақжайық ауданы (8)-2

Нариман Төреғалиев Айгүл Шайхиеваның отбасы мүшелерімен жүздесіп, өңір басшылығы атынан сый-сияпат табыс етті.

– Әр отбасының өз үйінде бақытты ғұмыр кешуі мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың басты мақсаты. Бүгінгі қуаныштарыңыз баянды болсын. Бұл шаңырақтан шаттық пен береке, балалар күлкісі мен отбасы бақыты арылмасын, – деген жылы лебізін жеткізді облыс әкімі.

жп Ақжайық ауданы (10)-2

Жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі ондаған жыл бойы кезек күткен азаматтардың арманын ақиқатқа айналдырып қана қоймай, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсетті.

жп Ақжайық ауданы (4)-2

Айта кетейік, жобаның тапсырыс берушісі – Орал қаласының құрылыс бөлімі. Құрылысты «АС Құрылыс» ЖШС жүргізсе, жобалық-сметалық құжаттаманы «Газпромпроект» ЖШС әзірлеген. Техникалық қадағалауды «Нұрәлем-Құрылыс» ЖШС жүзеге асырды.

2022 жылы басталған құрылыс жұмыстары 2024 жылы толық аяқталып, нысан 2 қыркүйекте пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 2,16 миллиард теңгені құрады. Тұрғын үйде барлығы 150 пәтер бар. Оның ішінде 50 бір бөлмелі, 50 екі бөлмелі және 50 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Пәтерлердің жалпы ауданы 9 943,4 шаршы метрді құрайды.

жп Ақжайық ауданы (9)-2

Бұл – ел игілігі жолындағы жүйелі жұмыстың жемісі, ал жаңа баспанаға қол жеткізген отбасылар үшін жаңа өмірдің жарқын бастауы.

Түгелбай Бисен,

суреттер Бекзат Қанәділдікі

zhaikpress.kz

жп Ақжайық ауданы (2)-2 жп Ақжайық ауданы (5)-2 жп Ақжайық ауданы (9)-2 жп Ақжайық ауданы (3)-2

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале