Бүгін Оралдағы сән-салтанаты келіскен «Атамекен» өнер ордасында «Асыл Ана – 2022» республикалық аналар форумы өтті. Аналар форумы республика көлемінде 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Қатысушылар түрлі номинацияларда бақ сынап қана қоймайды, сонымен қатар қыз-келіншектер үшін пайдалы түрлі саладағы шеберлік сағаттары, тренингтер, кездесулер және фотосессияларға қатысады.
«Асыл Ана – 2022» республикалық аналар форумының басты мақсаты - қаламыздағы аналарды ортақ алаңда жинап, отбасы және неке институты, көп балалы болу сияқты тақырыптарды талқылап, сұрақтарға жауап беру. Әр шаңырақтың ұйытқысы болып отырған, оған қоса өмірдің түрлі саласында жетістікке жеткен әйелдерді бір-бірімен таныстыру, тәжірибе алмасу, оларға даму және өсу жолындағы жаңа мүмкіндіктерді ұсыну.
Форумға қатысушылар «Бизнес мама», «Мама Фемида», «Мама финансист», «Мама креатив», «Мама врач», «Фитнес мама», «Многодетная мама», «Деятель искусства», «Арт мама», «Мама добро», «Мама педагог», «Мама Золотые руки», «Мама дизайнер», «Мама Психолог», «Инста Мама», «Мама кулинар», «Мама нумеролог», «Мама Тик Ток» сияқты номинациялар бойынша іріктелген.
Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Галиев «Көп балалы ана» номинациясы бойынша үздіктерге сыйлықтар мен сертификаттарды салтанатты түрде табыс етті. Басқа номинациялар бойынша табыстау рәсімі форумға демеуші болған қаламыздың белгілі кәсіпкерлеріне сеніп тапсырылған.
Көрермендер мен қатысушылар үшін Қарақат мектеп-студиясының жетігеншілер ансамблі, «Айналайын» вокалдық тобы, «Рондо» балалар балеті студиясы, «Латинский квартал» би-спорт клубы ән мен жырдан, биден шашу шашты. Сонымен қатар, форумға қатысушы аналар да испан биі «Фламенконы» билеп, «Қазақ қызы әдемі» және «Любимая доброе утро» әндерін шырқап берді.
Залдағы көрермендерді аса толқытқан сәттің бірі «Анаңа қоңырау шал» атты бейнеролик болды. Әр қатысушыдан «Анаңызға соңғы рет қашан қоңырау шалдыңыз?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап берді, біреулері көптен тілдеспегенін еске түсірсе, келесісі күнде хабарласуды дәстүрге айналдырғанын баяндады. Бейнеролик қатысушылардың өз аналарына қоңырау шалып, «Мен сені жақсы көремін, мама» деген сөздерімен аяқталды. Осыдан кейін кеш жүргізушілері барлық көрермендерден аналарына қоңырау соғуға ұсыныс білдірді.
Кештің арнайы қонағы төрт баланың анасы, «Үздік әйел бейнесі - 2018» атауының иесі, «Сезін» кітабының авторы, «Әлем аруы - 2020» титулының иесі Жұлдыз Әбдікәрімова форум қатысушыларына құттықтау сөздерінен кейін, залдағы көрермендер мен аналардың сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ Форумды БҚО Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары, кәсіпкер Фатима Куржакова және БҚО Іскер әйелдер қауымдастығы басқармасының мүшесі, менторинг бағдарламасының кураторы, кәсіби фотограф, кәсіпкер Зәуреш Алпанова ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz